Облыс орталығында қар тазалау жұмыстары қарқын алды. Бүгінгі күнге дейін шаһар аумағынан 120 мың текше метр қар шығарылды.
Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Дулат Шәріповтің айтуынша, биыл облыс орталығы 9 аумаққа бөлініп, 12 коммуналдық кәсіпорынға бекітілген.
– Қыс мезгілі – коммуналдық кәсіпорындар жұмысшылары үшін қауырт шақ. Өйткені, олар қала сыртына күнбе-күн қар шығарып, көлік қозғалысының шектелмеуіне күш салады. Бұл ретте облыс орталығы көшелерін қардан аршып, сыртқа шығару жұмыстарына 250-ден астам адам жұмылдырылды. Олар шаһарды қардан 145 техниканың көмегімен тазалауда. Бұл жұмыс кешкі сағат 22.00-ден таңғы 5.00-ге дейін атқарылуда. Қар төгу үшін қала сыртында төрт арнайы орын әзірленді, – дейді Дулат Серікұлы.
Қалалық әкімдік маманы атап өткендей, әлеуметтік желілерде тұрғындар тарапынан қардың сапасыз тазалануына қатысты шағым түссе, бөлім мамандары бірден кемшілікті түзейтін болады. Бүгінгі күнге дейін қызылжарлықтардан осындай он шақты шағым түсіп, көшелер қардан дереу тазартылған.
Бұдан бөлек аталмыш компаниялардың жұмысшылары тиісті жерлерге көктайғаққа қарсы реагенттерді себуде. 2,5 мың тонна тұз қосылған құм әзірленіпті. Бір тәулікте аялдамалар маңы мен жаяу жүргіншілер және автожолдарға 70 текше метрден астам осындай реагент шашылуда.
Қар жауса, тәртіп сақшылары да қарап жатпайды. Облыстық мәслихат бекіткен ережеге сәйкес полицейлер заңды және жеке тұлғаларға өз аулаларын қардан тазалаулары керектігін түсіндіреді. Олар қар шығармаған кәсіпкерлерге қатысты әкімшілік хаттама толтырып, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 505-бабы бойынша айыппұл салады. Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматовтың айтуынша, уақтылы шығарылмаған қар тұрғындардың жүріп-тұруына кедергі келтірсе, көктемде еріп, айналаны су басуына себеп болады. Сондықтан әркім өзінің ауласын қардан тазартып отыруы тиіс.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústik Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.