Енді екі аптадан кейін жұмақтың есігі ашылатын, тозақтың есігі жабылатын және шайтандар кісенделетін қасиетті ай – Рамазан туады. Бұл мұсылман баласы түрлі арам ойлардың жүрек түкпіріне уақытша ұялауына жол бермей, нәпсімен айқаста күндей күркіреп, найзағайдай жарқылдайтын ай. Көзіміз ақиқатқа ғана ашылып, құлағымыз жақсы насихатты ғана тыңдайтын ай бұл. Қолымыз адалды ұстап, аяғымыз тек сауап іздеп, жақсылыққа жүгіретін Рамазан.
Алдыңгүні қасиетті Рамазан айы қарсаңында баспасөз конференциясын өткізген ҚМДБ-нің облысымыздағы өкіл имамы, “Қызылжар” мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы адам баласын тақуалыққа, кемелдікке жеткізіп, рухани әлемнің сырына бойлауға бастайтын ерекше ғибадат – ораза туралы осылайша тебірене сөйледі. Бұдан соң Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының Рамазан айына арнаған Үндеуімен таныстырды да, оразаға дайындық мәселесіне кеңірек тоқталды.
Биыл мешіт оразаның кестесін жасаумен шектелмепті: Рамазан айына қатысты мәселелердің бәрі қамтылған буклет шығарыпты. Бұған қоса ораза туралы сұрақтарына жұрт жауап ала алатын телефон қойылмақ.
Ораза бастала салысымен “Қызылжар” мешітінің өзі 300-400 адамға ауызашар бермек.
Мешіттің асханасы отыз күн бойы бір босамайтын болып шықты: қаламыздағы мұсылман диаспоралары алма-кезек ауызашар беретін болады және орталық мешіттің өзі де жүйелі түрде аз қамтылған адамдарға іңірде дастарқан жаюды қалт жібермейді.
Жетім балаларға да, жалғызбасты қарттарға да қамқорлығын аямайтын мешіт былтыр 700 мың теңгеге қайырымдылық жасапты. Биылғы межелері – 1 миллион теңге.
Жиын бас мешітіміздің бас имамының журналистердің сұрақтарына жауап қайтаруымен түйінделді.
Болат ҚОЖАХМЕТОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.