«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАУІПСІЗДІК КҮНДЕРІ

Өткен демалыс күндері облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент пен «Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің, сондай-ақ жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері мен еріктілер үшін ең қарбалас кезең болды.

Дәстүрлі түрде сап түзеп, тиісті нұсқамаларды алғаннан кейін қызметкерлер жеке тұрғын үйлерді аралауға кірісті. Олар тұрғындармен әңгімелесіп, өрт қауіпсіздігі ережелерін егжей-тегжейлі түсіндірді, пешті қалау мен оны пайдалану, электр сымдарын монтаждау, күлді кәдеге жарату кезіндегі кемшіліктерді нақты көрсетіп, балалардың отпен ойнауына жол беруге болмайтынын тағы бір естеріне салды. Әр үйдің иесі осындай қауіпсіздік ережелері баяндалған түрлі-түсті жадынамалар алды.
Осы жолғы «Қауіпсіздік күндері» акциясына Петропавл қалалық мәслихатының депутаттары да қатысты. Рейд барысында халық қалаулылары Данияр Уәлиев, Олег Завьялов және Тимур Тоқмұхамбетов өз сайлау округтерінің аумағында тұратын тұрғындармен әңгімелесіп, толғандырған мәселелері туралы сұрап білді, өз құзыреті шегінде оларды шешу жолдарын пысықтады. Сонымен қатар депутаттар күнделікті тұрмыста өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаудың маңызы туралы айтып, соңғы уақытта әр түрлі олқылық салдарынан орын алған өрт оқиғалары туралы баяндады, пешті, газ және электр құралдарын пайдалану кезінде абай болу керектігін ескертті. Осылайша депутаттар Заречный және Жұмысшы кентіне барып, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» саясатын жүзеге асырды. Бұл ретте әсіресе халықтың әлеуметтік осал топтарына – көпбалалы отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі адамдарға ерекше көңіл бөлінді.
Облыс орталығындағы «Семейный» дүкеніне келушілер де осындай іс-шарамен қамтылды. Оларға облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент қызметкерлері нұсқаулықтар мен жадынамалар таратты.
Демалыс күндері өткізілген іс-шараларға 200-ден астам адам қатысып, облыстың 1 мыңнан астам ауласын аралады. 2 мыңнан астам алдын алу шарасымен қамтылды, 1266 жадынама таратылды. Бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғастырылуда. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp