Облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы полиция майоры Талғат Әбіловтің айтуынша, жыл басынан бері 17 387 шетелдік ішкі істер органдарында уақытша тіркеліп, 167 адам Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдаған. Соның ішінде 89-ы – этникалық қазақтар. Тұрғылықты жері бойынша 50 775 азамат тіркелді. 22 мыңнан астам жеке куәлік пен 12 752 төлқұжат ресімделді. Алимент төлеуден жалтарып жүрген 64 адам мен 117 борышкер іздестіріліп, олардың 65 пайызының жүрген жері анықталды.
Көші-қон қызметі қызметкерлерінің жұмысындағы басым бағыт мемлекеттік қызмет көрсету болып табылады. Мұнда келушілерге мемлекеттік қызметтің 18 түрі ұсынылады. Биылғы жылдың басынан бері 165 мыңнан астам қызмет көрсетілді. Қағаз түрінде мемлекеттік қызмет көрсету саны азайып келе жатқанын атап өту керек. Биыл 2 161 қызмет қағаз жүзінде көрсетілсе, электрондысы – 17 387. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасы бойынша қызмет алушылардан ешбірінен шағым келіп түскен жоқ.
“Қызмет көрсету уақытын оңтайландыру, кедергісіз және ашық қызмет көрсету біздің жұмысымыздағы басым бағыттардың бірі болып табылады. Көші-қон қызметі орталығында электронды кезек жүйесі іске қосылған, келушілер үшін жайлы күту залы бар. Облыстың барлық 13 ауданындағы көші-қон қызметінің қызметтік үй-жайы қайта жабдықталды”, – деді Талғат Әбілов.
Көші-қон қызметі басқармасы Петропавлда Жамбыл көшесі, 71 А мекенжайында орналасқан. Көші-қон қызметі орталығының операциялық залында полиция офицерлері күн сайын азаматтарды қабылдап, ақыл-кеңес беруге және мемлекеттік қызметті көрсетуге дайын.