«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОЙНАУЫ АЛТЫНҒА ТОЛЫ АУЫЛ өміріне оң өзгерістер енетін күн алыс емес

Өңіріміздегі жердің үсті ғана емес, асты да байлыққа толы. Геолог мамандар Есіл ауданындағы Бұлақ ауылының іргесінен саф алтын өндіруге болатынын дәлелдеді. Әулие төбе маңынан табылған алтын қорын өндіретін “Әулие Голд Майнинг” тау жыныстарын өңдеу компаниясы мен облыстық әкімдік өкілдері аталмыш жерге алғашқы капсуланы орнатып, қазба жұмыстарының басталуына рұқсат берді.

Есіл ауданындағы Бұлақ ауылының жанынан табылған алтын қорының жалпы аумағы 400 гектарға жуық. Оны зерттеу жұмыстары өткен ғасырдың 30-60 жылдары аралығындағы жер қойнауын барлау құжаттамаларына байланысты жүргізіліпті.  

– Аталмыш аумақты зерттеуге қатысты рұқсаттаманы 2002 жылы алдық. Содан бергі тынымсыз еңбектің арқасында осы жерде алтынның бар екендігіне көз жеткіздік. Әзірге қамтыған аумағымыз 3 шаршы шақырым. Жоба бойынша 3 тонна алтын шығарылады деген жоспар бар. Зерттеу жұмыстарына 100 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсадық,– дейді Қостанай қаласындағы “Геобайтинфо” ЖШС-нің бас директоры Олжабай Исмаилов.

Аталмыш аумақта пайдалы қазба жұмыстарын жүргізумен ресейлік “Майнинг Солюшинс” компаниясының еліміздегі еншілес кәсіпорны “Әулие Голд Майнинг” серіктестігі айналыспақ.  

– Бұл – барша солтүстікқазақстандықтар үшін айтулы оқиға. Өңірімізде пайдалы қазбалар қоры аз емес. Алайда, бұл жер солардың ішіндегі ең ерекшесі болмақ. Облысымызда алтын қорының табылғандығы тарихи оқиға. Пайдалы қазба жұмыстарын жүргізуді өз мойындарына алған компания өкілдерінің жұмыстарына сәттілік тілеймін, – деді Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов.

Бұдан соң компания өкілдері мен облыс әкімінің орынбасары жаңа кен орнында жұмыс бастауға рұқсат беретін әрі оны құжат түрінде растайтын келісім салынған капсуланы орнатты.

Жаңа кен орны ашылуының тиімділігі зор. Біріншіден, ол жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік берсе, екіншіден бюджет кірісін арттыруға жол ашпақ.

– Кен орны іске қосылған шақта бұл жерде 350 адам еңбек етпек. Оның денін ауылдықтар құрайтын болады. Осылайша, біз аудан көлеміндегі жұмысссыздар санын қысқартсақ, екіншіден бюджетке қосымша түсім түспек. Сөйтіп, оны қордаланған мәселелерді шешуге жұмсау мүмкіндігіне ие боламыз, – дейді Есіл ауданының әкімі Мұратбек Әбішев.

Жаңа жобаны жүзеге асыру жөніндегі келісім 2021 жылға дейін бекітілген. Биылға жоспарланған жұмыстар аталмыш аумақта тау-кен өндіретін кәсіпорынды салумен шектелмек. Ал алтын өндіру содан кейін басталады дейді мамандар.

– Алғашқы бесжылдықта 600 мың тоннаға дейін өнім өндіреміз бе деген ой бар. Жер қойнауында одан әрі жүргізілетін жұмыстарға байланысты көрсеткіш өсе түспек. Ол үшін тағы келісімшарт жасасатын боламыз. Жоба құны – қомақты. Одан Қазақстанның ұтылмасы анық, – дейді “Әулие Голд Майнинг” ЖШС директоры Павел Джулай.

Самат ШАЙМЕРДЕНОВ,

 журналист. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp