«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОЙЫЛЫММЕН ҚУАНТТЫ

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының репертуары жаңа қойылыммен толықты. Бұл жолы сахнагерлер қызылжарлық көрермендерге ұлы ойшыл, адамзаттың «екінші ұстазы» атанған Әбу Насыр әл-Фарабидың туғанына 1150 жыл толуына орай халық жазушысы Әнуар Әлімжановтің «Ұстаздың оралуы» романы желісімен оммаж жанрында спектакль ұсынды. Сахна шымылдығы түрілгенге дейін қойылымды әзірлеген Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының режиссері Фархадбек Қанафин баспасөз мәслихатын өткізді.

Қойылым барысында әл-Фарабидің тұлғалық сипатымен қоса оның адами болмысы, кісілік келбеті мен мінез-құлқы, өзі өмір сүрген қоғамдағы жайттарға көзқарасы кеңінен суреттеледі. Бас кейіпкердің рөлін сомдаған актер Айбол Қасым Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған Әл-Фарабидің жастайынан білімге құштар болғаны, кітапханаларда отырып, шаң басқан қолжазбаларды ақтарып, көз майын тауысып, талмай кітап оқып, оқу-білімге ерте құмартқанын шебер жеткізе білді. Тарихтан білетіміздей, философ өмір сүрген IX-X ғасырларда Отырар өркениетінде рухани мұра жоғары бағаланған. Араб-Мысыр әлемінде Александрия кітапханасының шоқтығы биік болған. Одан кейінгі орынды Отырар кітапханасы иеленген. Сол кітапханалардан әл-Фараби жиырма жасқа дейін тәлім-тәрбие алып, ондағы бар кітаптарды, трактаттарды оқып зерттеген. Одан кейін білімін толықтыру үшін керуенге ілесіп, араб еліне аттанады. Бағдад, Дамаск сынды басқа да өркениеті дамыған ірі шаһарларда болып, артында ғылыми-зерттеу еңбектерін қалдырған. Міне, қойылым желісінде ойшылдың өз білетінін жастарға үйретумен ғұмыр кешкенін, ұлағатты ұстаз ретінде үлкен абырой-атаққа ие екендігі суреттелді. Бүгінгідей технократтық жаһандану заманы болмаса да, сонау ықылым уақытта-ақ сан саланың сипатын тауып, сырын аша білген ғұламаның орамды ойлары мен парасатты пайымдары, түзу жолды нұсқаған ұстанымдары қойылымды әсерлі етіп, оны көрермендерге жаңа қырынан танытуға мүмкіндік берді.
Махаббат тақырыбы қай туындыны болмасын, тартымды ете түсері анық. Режиссер бұл сәтті де ұтымды пайдаланған. Әл-Фарабидің Бану есімді қызға деген ғашықтығы, олардың түрлі себептерге байланысты бірге бола алмауы, қос мұңлықтың диалогы ерекше сезімге бөлейді. Қойылым бойы мың бұралған биші қыздар мен сарай ақындарының қитұрқы әрекеттері де қойылымға деген ықыласты арттыра түседі. 

Режиссер Фархадбек Қанафин туындыны бүгінгі қоғамға ой салатындай етіп жасап шығаруға тырысқанын айтады. «Кеңес өкіметі тұсында ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған саусақпен санарлық пьессалар дүниеге келді. Олар сол кездегі цензураның салдарынан бізге Фарабидің өзгелерден артықшылығын, ғұламалылығын жеткізе алған жоқ. Ал, театр сыншысы Мирас Әбілмен бірлесіп қойған мына спектакльде біз философтың жеке болмысын, адамгершілік қасиеттерін, сол кезеңдегі ғылым-білімге, өнерге, қоғамға деген көзқарасын жеткізуге тырыстық. Қиын кезеңнің өзінде ұлы бабамыз бірнеше саланы жетік меңгеріп, оларды қарапайым халыққа ұғынықты жеткізуге атсалысты. Сондай-ақ, ол түрлі діни ағымдар дамып тұрған заманда бұл құбылыстың мәдениет пен өнерге кесірін тигізіп отырғанына қапаланды. Біз ұлы ойшылды осы тұрғыда танытуға тырыстық», – дейді режиссер. 

Пандемия талаптарына байланысты шектелген орындарға жайғасқан көрермендер қойылымды үлкен тебіреніспен тамашалап, өнер иелеріне қол соғып, қошемет көрсетті. Туындыдан ерекше әсер алған көрермендердің бірі – ерлі-зайыпты Болат пен Сәмия Мұқышевтар. Олар: «Жанымызды түлетер рухани азық іздеп, өрелі өнерге шөлдесек, бірден-бір барар орнымыз – театр. Бүгін әл-Фараби туралы жаңа спектакльді тамашалап, бұл өнер ордасында талантты жастар жұмыс істейтініне тағы бір көз жеткізіп, марқайып қалдық. Жас кезімізде бізге халқымыздың ұлы тұлғалары туралы көп білуге рұқсат етілмеді ғой. Бүгін ұлы ойшылдың өмірде қандай адам болғанын, оның немен айналысқанын, халық игілігі үшін атқарған еңбегін біле түстік», – дейді қала тұрғындары.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp