«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОЛДАУ АЙҚЫН АҢҒАРЫЛАДЫ

Елімізде өндірісті дамытуға бағытталған көптеген мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Солтүстік Қазақстан облысында “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы қолға алынғаннан бері мемлекеттік қордан 437 жобаға 36 миллиард теңгенің демеуқаржысы бөлінген. Өңір кәсіпкерлері соңғы бес жылда 2,6 миллиард теңгенің демеуқаржысын пайдаланған. “Даму” қоры кепілдік беру тетігі арқылы 112 кәсіпкердің бизнесін қолдап, осы бағыттың несие портфеліндегі қаржы сомасы 4 миллиард теңгені құраған. Сондай-ақ, кейбір орталықтар бағдарламамен бекітілген қайтарымсыз қаржы көздерімен де жұмыс істейді. Мәселен, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған “Даму” қорының екі грант жүйесі бар. Біріншісі мүмкіндігі шектеулі жандардың кәсіпкерлігін ұйымдастыруға бағытталса, екіншісінде бизнес жобасы ұтымды бастамашыл кәсіпкерлерді қолдауға арналған.

“Бизнестің жол картасы – 2020” аясында кәсіпкерлік жобаларды ұйымдастыру мен іске асыру үшін мемлекеттік гранттар беру 2010 жылы қолға алынған. Бұл қолдау шарасы шағын кәсіпкерлікті қаржыландыруға бағытталған. Бағдарлама шарты бойынша байқауға өз кәсібін дөңгелетуге ниетті жастар, әйелдер мен мүгедек жандар және жасы 50-ден асқандар қатыса алады. Мемлекеттің қайтарымсыз қаржысы экономиканың басым секторларында жаңа идеясы бар жобаларға беріледі. Оны облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы ұйымдастырады.

Байқау үміткерлері бірінші кезеңнің сынынан өту үшін комиссия алдында бизнес-жоспарларының бағыттары мен мақсаттарын баяндап, өздерінің грант алуға лайық екендерін дәлелдеуге тиіс.

Биыл солтүстікқазақстандықтар мемлекеттік қордан бөлінген 11 миллион теңгені бөліске салды.

“Даму” қоры мүмкіндігі шектеулі жандар бизнесін қолдауға арналған екі қайырымдылық бағдарламасы бойынша да қайтарымсыз қаражат көздерін ұйымдастырады. “Даму-Көмек” және “Жұлдыздарға қара” атты екі бағдарламаның біріншісінде өз іскерлігін бастағысы келген мүгедек жанға қалыптасқан ортасы бар бизнес өкілінің көмегі ұйымдастырылса, екіншісінде “Казкоммерцбанк” қаржы институтының қолдауымен байқау жүзеге асады. Бірінші бағдарлама бойынша 2009 жылдан бері 50-ден аса мүгедек қолдау тапса, биыл үшінші жыл ұйымдастырылған екінші бағдарламада 13 жеңімпаз таңдалған.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp