«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОЛМЕН ІСТЕГЕНДІ МОЙЫНМЕН КӨТЕР

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіру жайы жан-жақты айтылды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті бастығының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңға қол қойғанын жеткізді.

Қолданыстағы заңнамада мемлекеттік қызметшілерге кез келген құнды сыйлықтарды сыйға тартуға тыйым салынады. Құны 2 айлық есептік көрсеткішке дейінгі сыйлық әкімшілік жауапкершілік, құны 2 айлық есептік көрсеткіштен жоғары сыйлық қылмыстық жауапкершілік болып табылады. Осы себепті Азаматтық кодекстің 509-шы бабы Қылмыстық және Әкімшілік кодекстердің нормаларымен сәйкестендірілді.

Нұрлан Жахин квазимемлекеттік секторда парасаттылықтың корпоративтік стандарттарын сақтауға жауапты сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтер институты енгізілгенінен хабардар етті. Комплаенс – батыс елдерінен келген ұғым. Ол кез келген ұйымда сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында кешенді жұмыс жүргізетін, бірінші басшыға тікелей бағынатын құрылымдық бөлімше саналады. Жолдау тапсырмаларын орындау үшін Заңда жедел-іздестіру қызметін немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамдарды арандатқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылған. Қылмыстық кодекске “қылмыстық арандату” деген 412-1-ші бап енгізіледі, ол тек парақорлықпен шектелмей, кез келген қылмысты қамтитын болады. “Осы түзетуді қабылдау азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды күшейтуге ықпал етеді. Лауазымды тұлғалардың заңсыз іс-әрекеттеріне қосымша тосқауыл қояды”, – деді сөзінің соңында департамент бастығының бірінші орынбасары.

Жан АЙТМАҒАНБЕТОВ,

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp