Ресейдің Қорған облысының Макушин ауданында алғашқы қазақ сыныбы ашылды. Біздің өңірден көрші елге аттанған делегация өкілдері білім ордасына арнайы ат басын бұрып, оқушыларға әдістемелік оқулықтарды сыйға тартты.
Макушин ауданында қазақ сыныбының ашылу салтанатына облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың, “Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы” республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалы мен “Қоғамдық келісім” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің өкілдері қатысты. “Қазақы дәстүр бойынша сынып оқушылары мен олардың ата-аналары бізді шашу шашып қарсы алды. Қазақ сыныбының ашылуы елдегі ұлтаралық келісімді бекітеді, екі облыстың ғана емес, Қазақстан мен Ресей арасындағы достық қарым-қатынасты дамытады. Мұндай іс-шаралар – әлеуметтік-саяси, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет салаларында өзара тәжірибе алмасуға мықты тұғырнама”, – дейді делегация мүшелері. Солтүстікқазақстандықтар бұл сапарында ұстаздарға қазақ тілін үйрену бойынша ғылыми-әдістемелік әдебиеттерді сыйға тартты. Оқу құралдарының 50-ге жуық данасы оқушыларға тілді тиімді және тереңдетіп оқуға мүмкіндік бермек.
Кездесу барысында жерлестеріміз ресейлік әріптестерімен бірге Қазақстан мен Ресей өңірлері арасындағы шекаралық ынтымақтастықты нығайту бойынша маңызды мәселелерді талқылады. Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық филиалының мәліметінше, игі бастамаға Қорған облысы қазақтарының Ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы Қайрат Оралов мұрындық болған.