Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Петропавл қаласындағы бірқатар құрылыс нысандарында болып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Алдымен өңір басшысы М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің заманауи оқу-зертханалық корпусының құрылысымен танысты. Соңғы жылдары облысымыздағы жалғыз жоғары оқу орнының материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша қыруар жұмыс жүргізілуде. Мәселен, былтыр университетте 187 млн. теңгеге 8 заманауи инновациялық зертхана ашылған болатын. Ал жуырда құрылысы басталған оқу-зертханалық корпус – сол жұмыстардың заңды жалғасы. Бас мердігер – “Вершина” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Қазіргі уақытта құрылыс алаңына 30 жұмысшы мен 3 арнайы техника жұмылдырылған. Учаске басшысы Сергей Казаченконың айтуынша, ғимараттың жалпы аумағы 22 мың шаршы метрді құраса, жобаны жүзеге асыруға бюджеттен 8,6 млрд. теңге бөлінген. Мердігер жыл соңына дейін 11 қабатты ғимараттың қабырғасын тұрғызып, есік-терезелерін орнатуы тиіс. Келесі жылы пайдалануға берілетін нысанда 73 зертхана ашылады. Бұл студенттердің санын 1,5 есе арттырып, он мыңға дейін жеткізуге мүмкіндік береді деп күтілуде.
– Коронавирусқа байланысты қиын жағдайға қарамастан, оқу-зертханалық корпустың құрылысын бастадық. Соңғы жылдары университеттің жанынан ешқандай қосалқы нысандардың құрылысы жүргізілмегені белгілі. Құрал-жабдықтардың сатып алынбағанына бес жыл өткен.
Сондықтан бой көтеріп жатқан нысанды заманауи талаптарға сай құрал-жабдықтармен қамтамасыз ететін боламыз. Ондағы инженерлік, ауыл шаруашылығы бағытындағы зертханалар өңір және республика көлемінде зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беретін болады, – деді Құмар Іргебайұлы.
Сондай-ақ, жаңа нысанның арқасында жоғары оқу орнының тартымдылығы арта түспек. Енді қосымша білім алу және біліктілікті арттыру үшін шетелге шығудың қажеті болмайды. Әкімнің айтуынша, қыркүйек айында университет оқытушыларының еңбекақысы 20 пайызға көтерілген. Қазіргі уақытта орташа жалақы 264 мың теңгені құрайды. Алдағы уақытта Петропавлда ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша білім беретін университет ашылуы мүмкін. Қазіргі уақытта бұл мәселе Үкімет деңгейінде қарастырылып жатыр.
Бұдан кейін Құмар Ақсақалов құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқан модульдік инфекциялық ауруханада болды. Қазіргі уақытта нысанның қабырғалары көтеріліп, шатыры жабылған. Бүгіндері құрылысшылар коммуникациялық желілерді тарту жұмыстарын жүргізуде. Жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы “KAZPACO” ЖШС-іне сеніп тапсырылған. Аталмыш компания бұған дейін дәл осындай нысандарды Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында тұрғызған. Яғни, бұл салада тәжірибесі мол. Модульдік блоктар мен металл қоршаулар орнатылғаннан кейін жұмысшылар ғимараттың ішкі әрлеуі және іргелес аумақты абаттандырумен айналысады. Жалпы, 350 орынға шақталған аурухана қарқынды терапия бөлімшесі, компьютерлік томография кабинеті, зертхана мен әкімшілік блоктан тұрады. Қазір құрылысқа жүзден астам адам тартылған. Нысанды пайдалануға беру қазан айының соңына жоспарланған.
– Модульдік инфекциялық аурухананың құрылысы жоспарға сәйкес жүргізілуде. Ол қажетті заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілетін болады. Күз айларында коронавирустың екінші толқыны келеді деген болжам айтылуда. Біз оған тас түйін дайын болуымыз керек. Бұл мақсатта бірқатар жұмыстар қолға алынды. Облыс бойынша қосымша жатын орындар резерві құрылды. Яғни, оның саны 3400-ге дейін жеткізілетін болады. Өкпені жасанды желдету аппараттарының саны – үш, оттегі концентраттары – 20, ал пульсоксиметрлер 9 есе ұлғайтылды. Алдағы уақытта 11 рентген-диагностикалық аппарат және 8 мобильді медициналық кешен сатып алу жоспарымызда бар. Бұдан бөлек, бес оттегі стансасының құрылысы жүргізілуде, – деді Құмар Ақсақалов.
Облыс әкімі аралаған соңғы нысан – түріктің “YDA холдинг” компаниясы салып жатқан заманауи көпбейінді аурухана. Өңіріміз үшін маңызды жоба ойдағыдай жүзеге асырылуда. Нысан “Шығыс” шағынауданында орналасқан. Құрылыс жұмыстарын “ATM Petropavlovsk Hospital” SPV” ЖШС-і жүргізуде. Мердігер жыл соңына дейін аурухананың іргетасын қалап, қызметкерлер үшін тұрмыстық кешен мен тұрғын үй салуды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта құрылыс алаңында 70 адам жүр. Алдағы уақытта жұмысшылардың санын бір мыңға дейін жеткізу көзделген.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында бой көтеріп жатқан нысан 2023 жылы пайдалануға беріледі. Жалпы құны 115 млрд. теңгені құрайтын ауруханада 350-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жаңа ғимаратта өңірімізде бұрын-соңды болмаған пневмопошта жүйесі орнатылатынын атап өткен жөн. Яғни, зертханадағы барлық талдаулар әр кабинетке автоматты түрде жеткізілетін болады. Бұл жүйе дәрігерлердің уақытын үнемдеуге көмектеспек. Мұнда емделушілерге арналған бір және екі орынды бөлмелер қарастырылған. Сондай-ақ, ауруханада медициналық қызметкерлерге арналған асхана, бейнебақылау жүйесі және Call-орталық болады.
Өңір басшысының айтуынша, көпбейінді аурухана соңғы үлгідегі заманауи құрал-жабдықтармен қамтылмақ. Атап айтқанда, құны 1,5 млрд. теңгені құрайтын желілік үдеткіш құрылғысы орнатылады. Ол – онкологиялық ауруларды емдеуде таптырмас құрал. Бүгіндері бұл аппарат тек Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында ғана бар. Жаңа нысан ашылғаннан кейін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде тіркелген азаматтар тегін емделетін болады. Бүгінгі таңда аталмыш жүйеде 438,4 мың солтүстікқазақстандық бар. Бұл – өңір тұрғындарының 80 пайызы.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.