«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОС ҚАЛАМГЕР МҰРАСЫ

Қазақ әдебиетін на­сихаттауға, тарихи-мәдени және рухани мұрамызды сақтауға, жастарды отаншыл­дыққа, тәр­биелеуге бағытталған “Бір ел – бір кітап” республикалық акциясы биыл 12-нші рет ұйымдастырылып отыр. 2019 жылға жазушы Әбіш Кекілбаевтің “Аңыздың ақыры” романы және ақын Әбділда Тәжібаевтың жырлары таңдалды.

Әбіш Кекілбаев – адам жанын танудың алуан түрлі тәсілін шебер меңгерген жазушы. “Аңыздың ақыры” романындағы кейіпкерлері қарапайым адамдар болғанымен, олардың өзіне тән өмірі, тағдыры, мінез-құлқы бар. Жазушы олардың жан дүниесіне терең бойлайды, жеке басындағы түрлі сезім иірімін сипаттай отырып, олардың іс-әрекетіне баға береді. Оқырмандар назарына ұсынылған жазушы туындысы тек тарихи еңбек емес, бүгінгі қоғам үрдісімен, ұлт мүддесімен астасып, бостандық рухы мен өркениеттің өшпес құндылықтарына ұмтылатын мінез тәрбиелейтін қуатты шығарма.

Әбділда Тәжібаев та қазақ поэзиясының аса көрнекті шебері, ірі драматург және белгілі әдебиет зерттеушісі ретінде танымал. Әдебиеттегі алғашқы қадамын өлең жазудан бастаған ол 30-жылдардың орта шенінде-ақ айтулы ақын, республикада әдебиет ісін ұйымдастырушы қайраткер ретінде танылды. Оның қаламынан туған 30-дан астам поэма мен бірқатар өлеңдері сыршылдық, ойшылдығымен, шыншылдық, оттылығымен ерекшеленеді. Ә.Тәжібаев артына тұтас бір дәуір шындығын жан-жақты, жоғары көркемдікпен бейнелеген мол мұра қалдырды. Биыл еліміз бойынша барлық кітап­ханалар мен мектептерде атал­ған қаламгерлер туындылары оқылып, жазушы шығармашылығымен кеңінен та­нысу мүмкіндігі туады. Осыған орай түрлі іс-шаралар өткізу жоспарланған.

Құралай ӘБІЛИНА, “Өрлеу” БАҰО АҚ-ы филиалының қоғаммен байланыс және баспа қызметі бөлімінің бас маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp