Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қатысуымен «Antikor.libe» алаңында өткен тікелей онлайн-брифингте сыбайлас жемқорлыққа қарсы пәрменді күрес шараларын өрістету, қоғамдық бақылаудың рөлін күшейту, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсарту жайы талқыланды.
Құмар Іргебайұлы өз сөзінде әлеуметтік індетке қарсы күрес өңірде жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқанын атап көрсетті.
Бүгінде «Ашық әкімдік» аясында 12 фронт-кеңсе жұмыс істейді. Жыл аяғына дейін М. Жұмабаев, Есіл аудандарында пайдалануға беріледі. Келесі жылдан бастап геопортал іске қосылады. Оның көмегі арқылы тұрғындар жер телімдеріне қатысты барлық ақпаратты біле алады. Бұрын мәліметтер алу үшін бірнеше мекемеге жүгінуге тура келетін. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте мемлекеттік органдар жұмысындағы ашықтық жүйесіне және цифрлық технологияларға басымдық беріледі. Алты айда атқарушы органдар тарапынан 9200 қызмет түрлері электрондық түрде ұсынылып, өткен жылға қарағанда көрсеткіш үш жарым есеге көбейді. Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру нәтижесінде ел бойынша парақорлық 75 пайызға дейін төмендеді. Мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттырудың басқа да мүмкіндіктері қарастырылады. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру биыл 23 пайызға кеміді.
«Азаматтар жауапкершілік пен мәселенің маңыздылығын ой-түйсігімен қабылдаған уақытта ғана тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабуға болады. Жасыратыны жоқ, мұғалімдер мен дәрігерлерге тәтті сыйлықтар, ақша салынған конверттер беріп жататын оқиғалар кездеседі. Бұл да қылмыспен пара-пар екенін түсіну қажет. Мұндай жағдайда мемлекеттік қызметкерлерлер қатаң жауапкершілікке тартылады», деген аймақ басшысы аудан, білім мекемелері басшыларына қаражат жинаудың кез келген түріне тыйым салынуы тиістілігін қатаң ескертті. Бұрындары орта білім ұйымдарын жөндеуге қызметкерлер мен ата-аналардан қаражат сұралатын. Қазір мемлекеттен қаржы бөлінеді. Біз қоғамды «нөлдік шыдамдылыққа» үйретуіміз керек. Сонда тұрмыстық жемқорлыққа жол берілмейді.
Бұдан бөлек, қоғамдық бақылауды күшейту мақсатында облыс әкімдігінің сайтында «Халық бақылауы» порталы жұмыс істейді. Мұнда өңір тұрғындары заңсыз фактілер жайлы ақпараттар беріп, жағымсыз іс-әрекеттерді әшкерелейтін фотолар мен бейнежазбалар жолданады. Жедел штаб оларға талдау жасап, нақты шаралар қарастырылып отырады.
Алдағы уақытта да сыбайлас жемқорлықпен күрес атқарушы билік орындарының негізгі жұмыс бағыты болып қала береді. Президент халыққа арнаған Жолдауында мемлекеттік бақылауға балама ретінде қоғамдық бақылау институтын құруды қолдады. Осыған орай мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік секторлардың қоғам алдындағы ашықтығын және есептілігін қамтамасыз етуге жол ашатын «Қоғамдық бақылау туралы» заңды әзірлеп, қабылдауға тапсырма берді. «Қоғамдық кеңестердің рөлін күшейту жемқорлыққа апаратын факторларды анықтауға, болдырмауға зор септігін тигізері күмәнсіз», деді Қ. Ақсақалов.
Екатерина СТАРОСТИНА,
сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-қимыл департаментінің
бас маманы.