«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОҒАМДЫҚ КЕСЕЛ ДЕНДЕМЕСІН

Бүгінде Қазақстан суицид көрсеткіші бойынша әлемде алдыңғы орындардың бірінде тұр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша Қазақстанда 100 мың тұрғынға шаққанда 26 адам өз-өзіне қол салады, бұл көрсеткіш Орталық Азия елдері бойынша Қазақстанда ең жоғары деңгейде екен.

Осы орайда, Тайынша, Ақжар, Уәлиханов аудандарының мектеп директорлары мен педагог-психологтерінің қатысуымен жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу мәселелерін талқылауға арналған алқалы жиын өтті.  

Тәжірибелік кеңесте білім саласының мамандары жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу шараларын қарастырды. Жиын барысында көп жағдайда жасөспірімдердің ата-аналар мен мұғалімдердің назарын өз мәселелеріне аудару мақсатында өзіне-өзі қол жұмсайтындығы айтылды. Сонымен қатар, мұндай қадамға көбінесе тұйық, уайымға берілгіш және өмірден түңілген жасөспірімдер барады.

Аудан прокурорының орынбасары Юлия Благовисная “В Контакте” әлеуметтік желісіне жүргізілген мониторингтің суицид мәселелерін талқылайтын арнайы топтардың бар екенін анықтағанын айтты. Осындай топтарға жазылушылардың арасында Тайынша ауданының жасөспірімдері де бар көрінеді. Осы орайда аудандық прокуратура арнайы әзірленген іс-әрекеттер алгоритмін ұсынды. Облыстық психоневрологиялық диспансердің суицидологы Татьяна Яковлева мен білім беру саласындағы ақпараттық технологиялар мен әдістемелік жұмыс орталығының әдіскері Ирина Якимова да елімізде жасөспірімдер суицидінің көп болу себептеріне орай ойларын білдіріп, ЮНИСЕФ ұйымының статистикалық деректерімен бөлісті. Психолог мамандар ұстаздарға жасөспірімдердің жас ерекшеліктері мен мінез-құлқындағы, жүріс-тұрысындағы өзгерістер туралы, суицидтің дүниежүзі бойынша статистикалық көрсеткіштері туралы мәліметтер берді. Жиын шеберлік сабақтарымен қорытындыланды.

Айгүл ТӘШЕТОВА,

журналист.  

Тайынша ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp