“Таң атайын демейді – Күн қоймайды” демекші, өркениет өріне ұмтылған еліміз демократия жолына түсіп, қоғамда әлеуметтік әділдік орнату бағытында тағы бір маңызды қадам жасап отыр: Елбасы айқындап берген Бес институттық реформаға сәйкес жақында Парламент “Қоғамдық кеңестер туралы” Заңды қабылдап, оған Мемлекет басшысы қол қойды.
Аталған Заңға сәйкес алдағы уақытта министрліктердің және облыс, облыстық маңыздағы қалалар мен аудандар әкімдерінің жанынан қоғамдық кеңестер құрылатын болады. Олар консультативтік-кеңесші, байқаушы органдар болып табылады. Бұл ретте ауылдық округтер мен аудандық маңызы бар қалалар деңгейіндегі қоғамдық кеңестің функциялары жергілікті қоғамдастық жиналысына жүктеледі.
Республикалық және жергілікті деңгейлерде шешімдерді талқылау мен қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірін ескеру, қоғамдық бақылауды ұйымдастыру мен орталық және жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету қоғамдық кеңестердің басты міндеттері болып табылады. Олардың өкілеттіктеріне бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік бағдарламаларының, стратегиялық жоспарлардың немесе аумақтарды дамыту бағдарламаларының, мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың жобаларын, атқарушы органдардың нысаналы индикаторларға қол жеткізуі туралы есептерін талқылау, бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуы туралы, тауарларды өткізуден, атқарылған жұмыстар мен көрсетілген қызметтерден түсетін ақша түсімдері мен шығыстары жоспарларының орындалуы, қайырымдылықтан түсетін ақшаның түсуі мен жұмсалуы туралы есептерін талқылау, азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге және талқылауға қатысу, қызметтік әдеп нормаларының сақталуын қоса алғанда, мемлекеттік басқаруды жетілдіру және мемлекеттік аппараттың ашық жұмысын ұйымдастыру мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау, заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу және оларды мемлекеттік органдарға енгізу, қызмет бағыттары бойынша комиссиялар құру жатады.
Қоғамдық кеңестердің ұсынымдары қолданыстағы заңнамада көзделген шешімдерді қабылдайтын және уәжді жауаптар беретін мемлекеттік органдардың қарауы үшін міндетті болып саналады. Тиісті мемлекеттік органның бірінші басшысы, не оны алмастыратын адам қол қоятын уәжді жауапты бір ай ішінде, ал бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік бағдарламаларының, стратегиялық жоспарлардың немесе аумақтарды дамыту бағдарламаларының, мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың жобаларын талқылау бойынша он жұмыс күні ішінде беруге міндетті.
Қоғамдық бақылаудың объектісі – республикалық және жергілікті деңгейлердегі мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды тұлғаларының қызметі.
Осы Заңды оқып шыққанымда ойыма өзгені тыңдаудан қалып, “өзім білемге” басып, өктемдік танытып жүрген кейбір шенеуніктердің шығарған, қисынға келмейтін қисық шешімдері оралды:
Жуырда облыстық мәслихаттың депутаты ретінде Шал ақын ауданындағы Қаратал ауылындағы сайлаушыларыммен кездескенімде олардан аталмыш елді мекенге осыдан бес-алты жыл бұрын тартылған су құбыры содан бері еш керексіз болып тұрғанын естіп біліп, қайран қалдым.
– Су жинайтын мұнара салынып болған соң ауылымыздағы тұрғындар жылдар бойы су алып отырған үлкен құдықты аудандық санэпидстанция қызметкерлері аяқастынан тексеріп, оның суы ішуге жарамайды, құрамындағы радиация мөлшері шамадан тыс көп екен деген қорытынды жасап, дереу жаптырып тастады. Ал тіршілік нәрін ауыл шетіне орнатылған су мұнарасынан алайық десек, оған әжептәуір ақы төлеу керек болып шықты. Сондықтан суды ортақ құдықтан тегін алып үйренген тұрғындар одан бас тартып, көпшілігі өз үйлерінің жанынан кішкентай құдықтар қазып алды. Бәріміз де қазір суды сондай құдықтардан алып, ішіп отырмыз. Өкініштісі сол – ауылымызға ұзындығы бірнеше шақырым құбыр тартып, су мұнарасын орнатуға жұмсалған мемлекеттің қыруар қаржысы желге ұшқанмен бірдей болып тұр, – деді мұғалім Орынбай Сексенов ауданның сол кездегі басшыларының шаруаға қырсыздығына қынжылыс білдіріп…
Ал облысымыздың бұрынғы басшылығының бүкіл елімізге өнеге етіп көрсетуге тырысқан бастамасы – “Ұрпақ қорының” ғұмыры тым қысқа болып, бір жарым жылға ғана жеткендігін, ал сол қордан төрт және одан көпбалалы болған отбасыларға бөлінген қаржы екінші деңгейлі банктегі арнайы ашылған депозиттерде құнсызданып жатқандығын қайтерсіз?! Кезінде өңірімізге белгілі қаржыгерлердің айтқан ескертпесіне құлақ аспай, кем өлшеп, келте пішкен шенеуніктердің “дана бастамасына” шәк келтірмей, қолдаған төртінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың депутаттары қабылдаған бұл әлеуметтік бағдарламаны ақыры облыстық бюджетте қажетті қаржы жетіспеушілігіне байланысты тоқтатуға тура келгендігі мәлім.
Осындай мемлекет қаржысын оңды-солды шашуға ұрындырған шалағай шешімдердің жолына енді беделді де білікті мамандардың, зиялы қауымның белгілі өкілдерінің бастары тоғыстырылатын қоғамдық кеңестер тосқауыл қойып, тек өміршең бастамаларға ғана өріс ашады деп сенгіміз келеді.
Кәрібай МҰСЫРМАН,
“Солтүстік Қазақстан”.