«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОҒАМДЫҚ ТӘРТІП – ӘРДАЙЫМ НАЗАРДА

Облыстық әкімдікте облыс әкімі Ерік Сұлтановтың және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаевтың қатысуымен өткен кеңесте өңіріміздегі ішкі істер органдарының өткен жылғы жұмысы қорытындыланды.

Облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Берік Біләлов өзінің баяндамасында жергілікті жердегі криминогендік жағдайдың тұрақты екенін атап көрсетті. Тәртіп сақшыларының табанды еңбегінің нәтижесінде өткен жылы ауыр қылмыстар саны едәуір азайған.

Облыс бойынша 10 мыңнан астам қылмыс тіркелсе, аса ауыр қылмыс түрлерінің саны – 29 пайызға, адам өлтіру – 19, тонау – 17, бопсалау 51 пайызға төмендеген. Берік Сұлтанғазыұлының айтуынша, облыс бойынша 160-қа тарта бейнебақылау камерасы орнатылған. Соның арқасында 300-ге тарта қылмыс ізі суымай ашылып, 13 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық фактісі дер кезінде анықталған. Қала көшелеріне орнатылған 14 арнайы техникалық жабдықтың арқасында жол жүру ережелерін бұзған 88 мыңға тарта жолаушы мен жүргізуші анықталып, көлік салығы және әкімшілік айыппұлдың сомасы 100 миллион теңгеге жеткен. Құқық қорғау органы тарапынан жол қауіпсіздігіне бақылау күшейгендіктен, жол-көлік оқиғалары 17 пайызға азайған.  

Берік Біләлов құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру бағытындағы жұмыстардан да хабардар етті. Ішкі істер органдарына қызметке келген жас мамандарға және осы саланың ардагерлеріне де ерекше қамқорлық көрсетілуде.

Бұдан кейін мінбеге көтерілген облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті бастығының міндетін атқарушы Бөкенбай Жүсіпов және төтенше жағдайлар жөніндегі қызметтің бастығы Павел Филиппов өз салалары бойынша есеп берді.

Министрдің орынбасары өткен жылы жазасын өтеп шыққан 109 адамның жылы орындарын суытпай түзеу мекемелеріне қайта оралғандарын айта келіп: “Бостандыққа шыққандар екі қолға бір жұмыс таба алмай, қайтадан шалыс басып жатады. Әсіресе, жергілікті жердегі еңбекпен түзету колонияларында мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмыс орындарын ашу жолға қойылмай отыр. Егер бұл мәселе шешімін тапса, онда жазасын өтеушілерді еңбекке баулуға, сондай-ақ, олардың ертеңгі күнге азын-аулақ болса да, қаражат жинауларына мүмкіндіктері болар еді”, – деді.

Ерлан Тұрғымбаев біздің өңірімізде түрлі қылмыстар көрсеткіші төмендегенін, бұл мақсатты жұмыстардың нәтижесі екенін айтты. Дегенмен, тыныштық күзетінде жүргендер адал еңбегімен өзгелерге үлгі болуы қажеттігін де ескертті. Әсіресе, полицейлер арасында жемқорлық әрекетке жол беріп, әріптестерінің атына кір келтіру оқиғалары жиі болмаса да, кездесіп жатады деп қынжылды.

Облыс әкімі өз кезегiнде бұрын сотталған тұлғалар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, жастарды да жаман жолдан сақтандыруға ерекше мән берген жөн екенін айтты. “Тұрғындардың ескертулерін елеусiз қалдырмау қажет. Бұл халықтың iшкi iстер органдарына деген сенiмiн нығайтады”, – дедi Ерiк Хамзаұлы.

Кеңес соңында өткен жылы қызметте қажырлы еңбегімен көзге түскендер “Үздік тергеуші”, “Үздік учаскелік полиция инспекторы”, “Жол-патрульдік полициясының үздік полицейі” аталымдары бойынша облыс әкімінің марапатына ие болды. Ал Айыртау, Мағжан Жұмабаев, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық ішкі істер бөлімдеріне өңір басшысының Құрмет грамотасы тапсырылды.

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp