Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев облысқа екікүндік жұмыс сапарымен келіп, бірнеше аудандарды аралады.
Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың, қоғамдық, бизнес-қауымдастық өкілдерінің қатысуымен өткен кездесуде А. Шпекбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес пәрменділігін арттыру бағытында атқарылып жатқан іс-шаралар, парасаттылық идеологиясын ілгерілету жөніндегі тың тәсілдер туралы әңгімеледі. «Жолдауда айтылғандай «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру барысында азаматтық қоғаммен сындарлы диалог құру басты бағыт саналады. Жаңа Заңға сәйкес қоластындағы мемлекеттік қызметкерлердің сыбайлас жемқорлығы үшін бірінші басшылардың жауапкершілігін арттыру, отставкаға кету талаптары толыққанды жұмыс істеп, тиімділігін көрсетіп келеді. Комплаенс-қызметтер құру, сыйлықтарға толық тыйым салу мәселелері бойынша енгізілген түзетулер іске серпін береді. Дербес жауапкершілік одан әрі нығайтылады. Жыл соңына дейін сыбайлас жемқорлық үшін мерзімінен бұрын шартты түрде босатуды жою, шетелдік шоттарға тыйым салу, санкцияларды қатаңдату туралы Президент тапсырмалары заңнамалық түрде жүзеге асырылады. «Ауылдықтарға мемлекеттік қызметтерді барынша қолжетімді ету жайы жақсара түсетін болады. Адамдарды цифрлық сауаттылыққа үйретудің барлық тетіктерін қарастыру керек. Бұл орайда, халыққа қызмет корсету мекемелерінің тәжірибесіне жүгіне отырып, төлемдер үшін банкоматтар мен терминалдар орнату қажет. Сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету түрлерін автоматтандырудың маңызы айрықша. Мемлекеттк қызмет көрсету үрдісін халықаралық талаптарға сәйкестендіру үшін толық түрдегі электрондық нұсқаға аудару керек. Электронды үкіметтің дамуы бойынша Қазақстан БҰҰ елдері арасында 194 мемлекеттің ішінде 28-ші орында тұр. Бұл цифрландыру жоғары жылдамдықпен дамып келе жатқанын айғақтайды», – деді Агенттік басшысы.
Құмар Іргебайұлы «Ашық әкімдік» қоғамдық қабылдау түрінде де қызмет көрсететінін жеткізді. Ауылдық округ әкімдігі бірінші қабатта «open spase» кабинетінде орналасады. Бұл – жеке қабылдауға келгендерге де өте қолайлы. Бұрындары мәселелерді шешуге 10-15 күн қажет болса, енді 2-3күн жеткілікті.
Жиынға қатысушылар алаңның интерактивті форматын пайдалана отырып, өздерін толғантқан мәселелер төңірегінде сұрақтар жолдап, толық түсініктеме алу мүмкіндігіне ие болды. Жастар, мемлекеттік құрылымдар мен шағын және орта бизнес өкілдері өз тараптарынан адалдық, әділдік қағидаттарын қалыптастыру ісіне қосқан үлестері жайлы хабардар етті. Ведомоство жетекшісі жергілікті атқарушы органдардың сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтудың негізгі факторы ретінде өз қызметінде ашықтықты, айқындылықты, қолжетімділікті қамтамасыз ету тәжірибелеріне назар аударды.
А. Шпекбаев Тайынша ауданы Келлеровка елді мекенінде ашылған «Ашық әкімдік» фронт-кеңсесінің жұмысымен танысты. Енді ауылдық округ тұрғындары 30 шақырым қашықтықта орналасқан аудан орталығына сабылмайды. Барлық қызмет түрлері жергілікті жерде «бір терезе» қағидаты негізінде іске асады. Сондай-ақ әкімдік аппараты мамандары мен ветеринарлық дәрігер көмегіне фронт-кеңсе арқылы да жүгіне алады. Бұдан бөлек орталықта өтініштерді қабылдау секторы, өз-өзіне қызмет көрсету орны, әлеуметтік роликтерді тарататын экран жұмыс істейді.
Жұмыс сапары аясында агенттік төрағасы ауыл шаруашылығы саласы мәселелері бойынша кеңес беру және мемлекеттік қызмет көрсетуге мамандырылған еліміздегі алғашқы «Agrokómek» сервисінің ашылуына қатысты. Мемлекеттік мекемелерді трансформациялау, «Open spase» үлгісі ізімен клиентке бағдарлану, ашықтықты енгізу бойынша жүргізіліп жатқан шараларға оң баға берді. Алдағы уақытта аграршыларға 50-ден астам мемлекеттік қызмет бір жерде көрсетіледі. Әкімшілік ғимараттың бірінші қабатында бес мемлекеттік органның мамандары орналасқан.
А. Шпекбаев мемлекеттік құрылымдар бірігіп іс-қимыл жасай отырып, қызмет алушыларға қолайлы жағдайлар туғызудың жолдарын жан-жақты қарастыруды, мұндай сервистік орталықтарды көптеп ашуды тапсырды. Диқандар тарапынан субсидиялау сияқты мемлекеттік қолдауға қызығушылық артып отырған сәтте мұндай қадамдар жақсы демеу болары анық.
«Өңірде агроөнеркәсіптік кешен – экономиканың басым саласы. Соңғы кездері ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілерге көрсетілетін қызмет түрлерін елеулі түрде оңтайландыра алдық. Уақытты айтарлықтай үнемдейді. Ең бастысы, шенеуніктердің кабинеттік жұмыс істеу стиліне тосқауыл қойылады», – деді Қ.Ақсақалов.
Сервис орталығында адамдар қызметтерді электрондық үкімет порталы арқылы да ала алады. Сондай-ақ сала мамандары мен мемлекеттік орган басшыларының азаматтарды қабылдауы үшін арнайы жабдықталған кабинеттер де қарастырылған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының жұмыс сапары Қызылжар, Жамбыл аудандарында да жалғасты.