«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОҒАМНЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ

Үкіметтік емес ұйымдардың ІХ облыстық азаматтық форумы “Мемлекет және азаматтық қоғам: серіктестік пен ынтымақтастықтың 30 жылдығы” атты тақырыпта онлайн өтті. Форумға қатысушыларды республикалық азаматтық альянстың президенті Бану Нұрғазиева құттықтап, жемісті жұмыс тіледі.

Облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов делегаттарға арнаған сөзінде пандемия кезеңі түрлі бастамалардың артуымен ерекшеленетінін атап өтті. “Коронавирус азаматтық қоғам рөлінің орны елеулі екенін көрсетті. Үкіметік емес ұйымдар, БАҚ, волонтерлік топтар мен бастамашылар оқшаулану кезінде халыққа көмек көрсету және дағдарыстық жағдайларды еңсеру аясында өте белсенді болды”,–деді.
Жиында маңызды мәселелер көтеріліп, жан-жақты талқыланды. “Облыстық әйелдер күштері альянсы” бірлестігінің төрайымы Бақытжан Сәмиева, “Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту институтының” жетекшісі Сергей Худяков, “Eko Time” қоғамдық ұйымының төрағасы Әл-Фараби Мыңбай сөз алып, “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” қағидасын қалыптастыруда өңірде қыруар іс тындырылғанын жеткізді. Жергілікті билік органдары жанынан қоғамдық кеңестер жасақталып, тұрғындардың мәселелерімен етене танысады. Белсенді азаматтардан құралған мониторингтік топтар тұрақты түрде жұмыс істеп келеді. Мұндай күштердің жұмылдырушылық рөлі зор. Кездесулерде тұрғындардың әлеуметтік мәселелеріне баса көңіл бөлінеді.
Қоғам мен билік арасын жалғастырушы буын ретінде саналатын үкіметтік емес ұйымдардың саны өңірімізде жарты мыңға, волонтерлер 10 мыңға жуық. Шара соңында үздік ұйым өкілдеріне дипломдар, сертификаттар мен естелік сыйлықтар тапсырылды.

Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltústik Qazaqstan”.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp