Үстіміздегі жылдың басынан бері экологтар жергілікті табиғат пайдаланушыларға қатысты 14 тексеріс жүргізіп, 61 заң бұзушылықты анықтады. Бұл жайлы облыстық экология департаментінің басшысы Ерболат Омаров мемлекеттік мекеменің 9 айда атқарған жұмысын қорытындылаған баспасөз конференциясы барысында мәлімдеді.
Анықталған заң бұзушылықтарға қатысты жалпы сомасы 2,5 млн. теңге әкімшілік айыппұл салынды. 1,8 млн. теңгені құрайтын 9 айыппұлды заң бұзушылар өз еркімен өтеген. “Департамент мамандары жергілікті полиция қызметімен, мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасымен бірлесіп, 2020-2021 жылдарға арналған жер қойнауын заңсыз пайдаланудың жолын кесуге бағытталған іс-шаралар жоспарын әзірледі. Оны жүзеге асыру аясында өңір аумағындағы кең таралған пайдалы қазбаларды заңсыз өндіруге қатысты 9 факті анықталды. Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңға сәйкес 3,9 млн. теңге айыппұл салынды”, – деген департамент басшысы рұқсат етілмеген қоқыс орындары мәселесіне де тоқталды. “Қазақстан Ғарыш сапары” ұлттық компаниясы” акционерлік қоғамының мәліметі бойынша облыста мұндай 684 орын бар екен. Бұл тізімді аумағында 290 рұқсат етілмеген қоқыс орны бар Қызылжар ауданы бастаса, одан кейін Петропавл қаласы, Аққайың, Тайынша, Мамлют аудандары келеді. Департамент мамандары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жыл басынан бері мұндай қалдықтардың 500-ден астамын жойды. Ведомство басшысы аталған бағыттағы жұмыстар жыл соңына дейін де жалғасатынын жеткізді.
Тұрғындардың арыз-шағымы бойынша қоғамдық мониторинг жүргізу департамент жұмысының негізгі бағытына айналды. Экологтар тәртіп сақшыларымен бірлесіп жедел алдын алу шараларына да қатысады. Осындай шаралардың барысында дизельмен жұмыс істейтін жиырмадан астам көлік тексерілді. Сонымен қатар тоғыз жүк көлігі мен бағыттық автобустарда пайдаланылған газдың уыттылық деңгейі нормадан асқаны белгілі болды.
Есептік кезеңде облыстық экология департаментінің мамандары өңір тұрғындарына І санатты нысандар үшін мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындыларын және І санатты нысандар үшін қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат беруге қатысты 107 мемлекеттік қызмет көрсетті. Қызметтерді оңтайландыру мақсатында “бір өтініш” қағидасы енгізілген. Ерболат Омаровтың айтуынша, мамандар 14 адамның қызмет көрсету туралы өтінішін қабылдамады. “Бас тартудың басты себебі ұсынылған материалдардың қоршаған ортаны қорғау талаптарына сәйкес келмеуі болып отыр. Мәселен, бір жағдайда нысанның санаты дұрыс анықталмай, жобалау кезеңі де сақталмаған. Оның үстіне, ұсынылуы тиіс құжаттар да толық емес. Яғни, қызметті алуға өтініш білдірген азамат қоғамдық тыңдауларды өткізу жөніндегі хаттаманы, нысанды жалға алудың келісімшартын ұсынбаған”, – деген Ерболат Омаров жыл басынан бері мемлекеттік қызмет көрсетуге қатысты арыз-шағымдар түспегенін жеткізді.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.