«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОҚЫС БАСЫП БАРАДЫ

Бағытымыз – Бескөл ауылы. Жеңіл көлікпен жүйткіп отырып, діттеген жерімізге де жеттік. Бірақ ауылға кіріп, арғы бетке өте бергенімізде оғаш көрініске көзіміз түсті. Осындай да болады екен-ау…

Бұл не масқара? Көшенің қақ ортасында қоқыс алаңы пайда болыпты. Бұл жерді шағын ғана қоқыс алаңы деуге келмейді. Тұрмыстық қалдықтар жылдар бойы жиналған. Айналаға көз салу үшін машинадан түсе бергенімізде аяқ алып жүру мүмкін емес екенін ұғындық. Құзғын құс та қаптаған. Ит-құстың ордасына айналған күл-қоқыс алаңынан ауру тарамасына кім кепіл? Школьная көшесінің аяқталар тұсында дәл осындай келеңсіз жайт орын алар деп кім ойлаған? Санитарлық талаптар бойынша қоқыс полигоны елді мекеннен алыс орналасуы тиіс. Сондықтан мәселенің мән-жайын білу үшін ауыл тұрғындарымен сөйлесіп, пікірлерін де тыңдадық. Олардың айтуынша, бұл маңның қоқыс алаңына айналғанына бірқатар жылдың жүзі болған.

– Отбасымызбен Бескөл ауылына көшіп келгенімізге 3 жыл өтті. Біз келгенде мына қоқыс алаңы бар болатын. Әлі қаз-қалпында күл-қоқыс шашылып жатыр. Жаздыгүні қоламса иіс қолқаны қабады. Бірнеше мәрте әкімдіктегілерге айтқан болатынбыз, бірақ ешқандай нәтиже жоқ, – дейді ауыл тұрғыны Амангелді Өтенов.  

Осы жағдайға қатысты жергілікті билік өкілдерінен мәселенің мән-жайын сұрау үшін Бескөл ауылдық округінің әкімдігіне бір емес, бірнеше мәрте қоңырау шалдық. Бірақ бұдан түк шықпады. Бізбен тілдесуден қашқақтаған ауылдық округтің әкімі Нұрлан Телтаевтың өзімізден есеп сұрағандай, хатшысы арқылы “қоятын сұрақтары болса, хат жолдап, қоқысқа қатысты пікір білдірген адамның аты-жөнін жазып жіберсін”, – деп шіренгеніне не дерсің?!

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp