«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚУАТТЫ ТЕХНИКА — АПАТҚА ТОСҚАУЫЛ

Құтқарушы күні қарсаңында Петропавл қаласы әкімдігінің алдындағы орталық алаңда арнайы техникалардың көрмесі өтті. Шараға облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысып, өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің төтенше жағдайларға дайындығын тексерді.

Өңір тұрғындарының қауіпсіздігі тәулік бойы назарда. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Рамиль Камалов атап өткендей, құтқарушылар қызметінің табыстылығы ведомствоның техникалық жарақтандырылуына тікелей байланысты. Сондықтан департаменттің автопаркін арнайы техникалармен толықтыруға жергілікті бюджеттен екі жыл қатарынан 100 млн. теңге бөлінген. Осы орайда облыс әкімінің назарына аталмыш қаражатқа сатып алынған 11 өрт сөндіру және апаттық-құтқару техникасы, үрлемелі күркелер, құтқарушылардың киімдері мен жабдықтары ұсынылды.

Солардың ішінде алты доңғалақты жол талғамайтын “Трэкол” көлігі “GPS” жүйесімен жабдықталған. Ол құтқарушыларға оқыс оқиға орнына кез келген мезгілде қиналмай әрі жылдам жетуге мүмкіндік беруде. Бұдан бөлек, көрмеге “Нива” маркалы 10 жаңа автокөлік қойылды. Жергілікті бюджет есебінен сатып алынған “темір тұлпарлар” аудандық өрт сөндіру бөлімдеріне таратылып берілмек. Техникалардың мүмкіндіктерімен танысқан Құмар Ақсақалов келесі жылы бюджеттен департаменттің материалдық-техникалық базасын нығайтуға биылғыдан көбірек қаражат бөлінетінін айтты.

– Биыл еліміздің азаматтық қорғау органдарының құрылғанына 25 жыл толып отыр. Мерейтой қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Төтенше жағдайлар министрлігін құру туралы шешім қабылдағаны қуантты. Демек, алдағы уақытта құтқару қызметіне ерекше көңіл бөлінетін болады. Кез келген уақытта өз өмірін тәуекелге тігіп, ерлік пен қаһармандықтың ерен үлгісін көрсете білетін құтқарушыларға алғысым зор, – деген Құмар Іргебайұлы өртсөндірушілерге жауапты жұмыстарында сәттілік тілеп, оларды төл мерекелерімен құттықтады.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp