19 қазан – Құтқарушы күні қарсаңында Петропавл қаласы әкімдігінің алдындағы орталық алаңда арнайы техникалардың көрмесі өтті. Шараға облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысып, өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің төтенше жағдайларға дайындығын тексерді.
Өңір тұрғындарының қауіпсіздігі тәулік бойы назарда. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Рамиль Камалов атап өткендей, құтқарушылар қызметінің табыстылығы ведомствоның техникалық жарақтандырылуына тікелей байланысты. Сондықтан департаменттің автопаркін арнайы техникалармен толықтыруға жергілікті бюджеттен екі жыл қатарынан 100 млн. теңге ақша бөлінген. Осы орайда облыс әкімінің назарына аталмыш қаражатқа сатып алынған 11 өрт сөндіру және апаттық-құтқару техникасы, үрлемелі күркелер, құтқарушылардың киімдері мен жабдықтары ұсынылды.