«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗДАР, ҚАДІРІҢДІ КЕТІРМЕ…

Соңғы кезде ғаламторды ашып, қарағым келмейді. Неге дейсіз бе? Өйткені, бір жағымды жаңалық көрмейсің. Басқасы-басқа болсын, жаңа туған шақалақтардың өмірін ойыншыққа айналдырған аналардың түрлі жантүршігерлік оқиғалары жайында оқығанда, жағаңды ұстайсың.

Естеріңізде болса, жыл басында, яғни 2 қаңтар күні “Алматы – Ташкент автотрассасының бойында орналасқан әжетханадан жаңа туған нәресте табылды. Сәби әжетхананың тесігінен шұңқырға түсіп кеткен…” деген мәтінде жазылған мақала әлеуметтік желіні дүр сілкіндірді. Астапыр Алла, мал құлағы саңырау. О заман да бұ заман, іштен шыққан бауыр еті – баласын өлімге қиып, айтуға аузың бармайтын лас жерге тастап кеткен қандай қатыгез десеңізші?

Жылауға да шамасы келмеген кіп-кішкентай сәби туа сала, өзіне ең жақын, тоғыз ай бойы жүрегінің астында көтеріп жүрген адамның қолынан өлім құша жаздады. Құдайдың жазуы шығар, жақсы адамдардың дер кезінде көрсетілген көмегімен жаңа туған қыз бала дін-аман. Өлім аузынан қалған сәбидің өмір үшін күрестегі бұл ең бірінші және соңғы сынағы болса, игі …

Арада тағы бірнеше күн өтіп, оқыс оқиғадан ел есін жия бастағанда Жамбыл облысында тасжол бойынан жаңа туған шақалақтың жан-жаққа шашылып кеткен дене мүшелері табылған. Әлеуметтік желіге салынған суреттерге бейжай қарай салу, тіпті, мүмкін емес. Ақтау – Атырау тасжолы бойынан қорапқа салынған нәрестенің өлі денесі табылғаны жайындағы мәлімет 18 қаңтар күні ғаламторды бірнеше минуттың ішінде жайлап кетті. Саршұнақ аязда, ешкімге керегі жоқ құдды бір жансыз зат сияқты аяусыз далаға тасталған сәби анасының ыстық құшағын бір көрмей, өлім құшқан. Өкінішке қарай, соңы сәби өліміне әкелген бұл да соңғы оқыс оқиға емес.

Алланың бізге аманат еткен періште сәбиін өз қолымен өмірден құртып жіберуге асыққан жандар кімдер? Мұндай оқиғаны ойдан шығару мүмкін емес.

“Бар байлығымыз – баламыз” деген сөзден де қадір-қасиет кеткен бе сонда? Анасы баласына жау болған неткен заман бұл? Жо-жоқ, бұл заман емес, адамның өз қолымен, жасанды түрде істеліп отырған қылмысы. Сондықтан да оған заманды кінәлау жай, бос сөз…

Орман-тоғайды аралап жүретін аңдар да мұндай қатыгездікке бармайтын шығар. Құс екеш құстың өзі жыл айналып туған жеріне оралып, ұя салып, балапандарын басып, оларды қанаттандырып, қыстың суығына қалдырмай өздерімен бірге мыңдаған шақырым жерге ала кетпей ме? Қос қанатты құстардың да жүрегінде ұрпағына деген аналық сезім, аналық мейірім бар екен ғой сонда…

Төрт аяқты иттер де күшіктерін бар жанын салып қорғамай ма? Ит демекші, жақында ғана Бразилияда жаңа туған сәбиді ит құтқарып қалғаны жайында оқып, әлеуметтік желіден көріп, өз көзімізге өзіміз сенбедік. БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, ит үйілген қоқыстардың ішінен жаңа туған нәрестені тауып алған. Бір таңғаларлығы, иттің бірде-бір тісі шақалақтың бойына батпаған. Дәрігерлер шарананы аман алып қалған. Міне, осындай оқиғадан кейін жаңағы, өз сәбилерін далаға, тас бойына, әжетханаға тастап кетіп жатқан адамдардың іс-қимылын түсіну, тіпті қиындай түседі.

Біреудің күнәсін арқалаған кінәсіз сәбилердің өлімі өз алдына, бұл оқиғаларда жанға бататыны, осындай істердің барлығы – дерлік қыз-келіншектердің қолымен жасалып жатқан дүниелер. Яғни, көлеңкенің ана деген асыл жандарға түсіп жатқаны анық. Сонда бейбіт өмірде осындай ауыр қылмысқа бойжеткендердің баруына не себеп? Бұрынғы сауаты жоқ, ата-бабаларымыз осындай сұмдықтарға жол беріп пе еді?! Әрине, жоқ. Ал енді білім-ғылымның озған заманында осындай оқыс оқиғалардың жиі қайталанып жатқаны ойландыратын жайт.

Атам қазақ “Қызға қырық үйден тыю” деп бекер айтпаған. Қандай ана болмасын баласының жақсы болғанын қалайды. Қыз баланың бойына қазақтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін сіңдіріп, әдепті, сыпайы, адамгершілігі мол, білімді жан етіп тәрбелеу – ата-ананың борышы. Бірақ соңғы кезде осы сөздердің де мәні кетіп, бала тәрбиесінің тізгінін қолдан шығарып алғандаймыз.

Өткен жылы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің берген мәліметінде 2015 жылдың 1 шілдесінде кәмелетке толмаған 2420 жүкті қыздың тіркелгенін хабарлады. Олар 15-18 жас аралығында. “Елде кәмелетке толмаған жүкті қыздардың үлесі – 1,2 пайыз. Олардың басым бөлігі Қостанай (1,9 пайыз), Жамбыл (1,8 пайыз), Солтүстік Қазақстан (1,7 пайыз) облыстарында тіркелді”, – деп хабарлады департамент өкілдері.

Ведомствода ең жас ананың 13-те екені және оның Солтүстік Қазақстан облысында тұратыны да айтылды. Бұл да мерейімізді өсіретін жағымды жаңалық емес.

Ол жайында Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық гимназия-интернаттың мұғалімі, педагогикалық еңбектің ардагері Әлия Малдыбаева “Қыз – жағадағы құндыз” десек те… (2014 жыл, 22 мамыр) деген мақаласында жан-жақты ашып жазды. “Өз балаларын дұрыс тәрбиелеген ата-ана өзін бақытты кәрілікпен қамтамасыз етеді. Ал егер бала тәрбиесіне көңіл бөлмей, немқұрайды қарайтын болса, кәрілігі қайғы мен сордың құрсауында қалады. Сондықтан бәріміз ертеңгі болашақ иелерінің тәрбиесін ойлайық”, – деген тағылымы мол жолдардан біраз нәрсені сабақ етіп алуға болады.

Қазақта қыз баланы бір отбасы емес, бүкіл ауыл тәрбиелеген. Өйткені, бүгінгі қыздар – еліміздің ертеңгі ұрпақ тәрбиешісі, ұлттық рухты уағыздайтындар. Қыздар – ұлтымыздың асыл генофоны. Сондықтан да олардың ойнап жүріп, от баспауына бәріміз жауаптымыз. Әр қателіктің соңы бір өмірдің үзілуіне, қызғалдақ гүлдің мезгілсіз солуына әкеп соғады, оған дәлел айтудың өзі артық.

Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан ана мен баланы қолдау үшін барлық жағдай жасалуда. Түрлі себептерге байланысты тағдыр тәлкегіне ұшыраған аналарға қолдау көрсету үшін кәсіпкерлер еліміздің әрбір өңірінде “Ана үйін” ашуды қолға алды. Мұндай игі шара біздің өңірде де жалғасын тауып, 2014 жылы Петропавл қаласында тағы бір әлеуметтік нысан ашылғаны белгілі. Бүгінгі күнге дейін Қазақстан бойынша жиырмадан астам “Ана үйі” ашылып, жас аналардың сәбиінен бас тартуына жол бермеу мақсатында жұмыс істеуде. Қоғамдық қорда қиын жағдайға тап болған аналарға психолог пен медбикелер көмектеседі. Жаңа жылдан бастап біздің облыста “Ана үйін” паналаған әйелдерге компьютерді үйрету сабақтары да қолға алынды. Сәбилер үйіндегі “Үміт” тобы да осы мақсатта ашылған. Яғни, қандай қиын жағдай болмасын, сәбиді анасынан айырмау жағы бірінші орында тұрады. Осылай бола тұра, өз баласын әзірейіл көрген әйелдер саны азаяр емес. Осы жағын ойлайықшы, ағайын!

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp