Қазақстанда “қызыл қырғын” жылдарында оқыған, білімді 105 мың адам тұтқындалып, оның 22 мыңы атылып кеткен. Елімізде қуғын-сүргін кезінде зардап шеккендердің 40 мыңға жуығы көрнекті қайраткерлер, зиялы қауым өкілдері болған.
Солтүстік Қазақстан облысынан 6800 адам саяси қуғын-сүргінге ұшырап, 1465 адам ату жазасына кесілген.
Талай асылдарымыз бен кемеңгерлерiмiздің мойнына “халық жауы” деген қамыт кигізіп, миллиондаған адамдардың тағдырын аяусыз аяққа таптаған дүлей саясаттың кесірінен қаншама арыстарымыздың сүйектері қай жерде қалғаны әлі күнге белгісіз.
Кеңес өкiметiндей өз халқын өзi жаппай қырған мемлекет жоқ. Өкінішке қарай, тарихта өшпес ізін қалдырған бұл геноцидтен Қазақстан да шет қалмады. “Халық жауларын” анықтауда “Шаш ал десе, бас алғандар” асқан белсенділік танытты. Облысымыздағы бұл науқанның барысы туралы құжаттар Солтүстік Қазақстан мемлекеттік мұрағатының 1189 қорында сақталып, 2000 жылы құпиялылығы жария етілген. 1938 жылдың 28 ақпанында қаңтар пленумы қарарының орындалуы жөнінде аудандық атқару комитеттеріне “Ішкі істер халық комиссариаты органдары жазаға тартқан адамдармен байланыста болды деген уәжбен жұмыстан шығарылғандардың саны туралы мәлімет” беру жөнінде облыстық атқару комитетінен хат жолданған. Соның ішінде, әсіресе, мұғалімдер мен дәрігерлер туралы сұралған. “Халық жауларын” анықтау науқанында Преснов аудандық атқару комитеті ерекше “белсенділік” танытқандығын мына тізімнен аңғару қиындық туғызбайды. Өйткені, сол кезде ауданның барлық басшылары: Преснов аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы В.Конюхов, аудандық атқару комитетінің төрағасы К.Қапаров, ауданның прокуроры К.Фазылов, білім бөлімінің меңгерушісі Н.Оразбаев, халық судьясы А.Майкотов, аудандық жер бөлімінің меңгерушісі С.Калугин, колхоз төрағалары А.Гаменюк пен И.Гребешок “халық жаулары” атанған. Преснов ауданы басшыларына ойдан шығарылып жағылған күйенің шектен шыққаны соншалық – 1940 жылы КСРО Жоғарғы соты айыптау туралы саяси бапты “өкілеттігін асыра пайдаланды” деп ауыстырған. Бірақ бұл кезде олардың төртеуі атылып кеткен екен.
Пресновкадан келген 1938 жылғы 28 ақпандағы құпия хатта 1937 жылы педагог қызметкерлер арасынан 6 адам жұмыстан шығарылғаны айтылған. Оған жекелеген тұлғалардың бұл адамдарға саяси сенімсіздігі уәж болған. Мысалы, Майбалық орта мектебінің директоры Ишмұхаметовке мектеп пен интернаттың жұмысын құлдыратып, балаларды кеңес өкіметіне қарсы тәрбиеледі деген кінә тағылған. Кейін троицкистік топпен (Конюхов, Қапаров) байланыста болды деген жала жабылған. Осы деректерге байланысты Ишмұхаметов партия қатарынан шығарылып, белгісіз жағдайда жоғалып кеткен. Мұғалім болған Қанапинді де Ішкі істер халық комиссариаты органдары тұтқындап, “халық жауы” деген жала жапқан.
Приишим кеңшарында мектеп директоры болған Спирова тұтқындалған жұбайымен байланыста деген партия ұйымдастырушысы Клевактың жалған дерегі бойынша, Орман орта мектебінің директоры Мұрзатаев халық жауларымен байланыста деген желеумен партиядан, жұмыстан шығарылған. Осындай кінә тағылған Тауағаш мектебінің мұғалімі Айтымов жұмыстан босатылған, бірақ айыбы дәлелденбегендіктен, Орталық Комитеттің қаңтар пленумының шешімімен қызметіне қайта оралған.
Жаппай жала жауып, қуғын-сүргінге ұшырату жағдайлары басқа аудандарда да белең алған. Ленин аудандық атқару комитеті төрағасының міндетін атқарушы Яковлевтің облыстық атқару комитетіне берген дерегінде Ішкі істер халық комиссариаты органдары туыстық байланыстарына қатысты партиядан шығарып, жауапкершілікке тартқандар арасында бес мұғалім болғаны, олардың үшеуі жұмыстарына қайта орналастырылғандығы айтылады.
Арықбалық аудандық атқару комитетінің мәліметі бойынша 1937-1938 оқу жылының басында 15 мұғалім жұмыстан босатылған. Олар кеңес өкіметіне қарсы шыққандар, әкімшілік жазаға тартылғандармен байланыста болғандар, коммунистік тәрбие қағидаларын бұзғандар мен оқушыларды бұзақылыққа үйреткендер ретінде жазаланған.
Тізе берсек, оларға жабылған жаза арасында, тіпті, езуіңе күлкі үйіретіндері де кездеседі. Мысалы, Булаев аудандық атқару комитетінің төрағасы Еременко қол қойған түсініктеме хатта әлеуметтік жағдайын жасырғаны, контрреволюциялық анекдоттар айтқаны, сотталған әкесімен байланыста болғандығы, тағы сол сияқтылар бар.
Бұл облыстық атқару комитетінің “халық жауларын” анықтау жолында жүргізген жұмысының бір парасы ғана. Жазықсыз жазаланғандар арасында облыстық комитеттің аппаратында қызмет істегендер (11 адам), облыстық газет редакциясының қызметкерлері (12 адам, оның 4-еуі редактор), аудандық комитеттердің бірінші хатшылары (16 адам) да бар.
Алайда, “халық жауларын” анықтау бойынша атқарылған белсенді жұмыс оны жергілікті жерлерде орындаушыларды да айналып өтпегені байқалады. Оған облыстық атқару комитетінің төрағасы болған кезінде қаңтар пленумының шешімдері бойынша атқарылған жұмыс жайлы есеп алып отырған Ф.Целыхты мысал ретінде келтіруге болады. Ол 1938 жылдың 3 шілдесінде IV облыстық партия конференциясының жұмысы кезінде тұтқындалса, бірінші хатшы Кузнецов, екінші хатшы Байболсынов оған дейін ұсталған. Осылайша, облыстық партия ұйымы басшысыз қалып, IV облыстық партия конференциясының отырыстарын обком бюросының мүшесі, облыстық Ішкі істер халық комиссариатының басшысы Панов жүргізген. Алайда, ол да алдыңғы өзінің құрбандарының кебін киген. 1938 жылдың соңындағы Ішкі істер халық комиссариаты органдарын “тазарту” науқаны аясында Панов тұтқындалып, кейін атылған.
Ахметжан ҚУАНТАЕВ,
“Асыл мұра” орталығының қызметкері.