“Қызылжар аламаны” тұңғыш телевизиялық ақындар айтысы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өткен “Рухани қазына – 2020” онлайн фестивалінің “Үздік жоба” аталымында бас жүлдеге ие болды. Өнерсүйер қауым үш ай бойы ұлтымыздың бас ақыны Абай Құнанбаевтың – 175, классик жазушы Сәбит Мұқановтың 120 жылдығына арналған ақындар айтысын облыстық “Қызылжар” телеарнасы арқылы тамашалаған болатын.
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен жүзеге асқан телевизиялық жобада 14 айтыскер өнер көрсетті. Ақындар бірінші айналымда Абай мен Сәбиттің өмірі мен шығармашылығын жырға қосып, бүгінгі толқынның әдеби мұраға деген қызығушылығын арттыруға тырысты. Екінші айналымда үміткерлер “Тәртіпке бағынған құл болмайды”, “Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос”, “Ауыл мен қала арасы, құт бесік Қызылжар даласы” және “Ана тілің арың бұл, ұятың боп тұр бетте” тақырыптарында сөз жарыстырды. Айтыстың жартылай айналымы мен ақтық мәресі тікелей эфир арқылы көрсетіліп, көрермендер SMS арқылы үздік үміткерге дауыс берді. Талапкерлердің өнерін Аманжол Әлтаев, Дәулеткерей Кәпұлы, Айбек Қалиев, Ринат Зайытов, Алмас Темірбай сынды танымал ақындар бағалады. Жыр додасының ақтық мәресіне Жүрсін Ерманның өзі төрелік етіп, байқау қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған жерлестеріміз Абзал Жұмабек пен Жұмабек Рахымовты республикалық ақындар айтысында өнер көрсетуге шақырды.
Айтыс жүргізушісі және үйлестірушісі, облыстық халық шығармашылығы орталығының бөлім басшысы Жарқын Жұпарханның айтуынша, телевизиялық ақындар айтысын 15 мыңнан астам адам әлеуметтік желі арқылы тамашалаған. Жарыстың ақтық сынында 5 мыңнан астам жерлесіміз тікелей эфир арқылы дауыс беру мүмкіндігіне ие болған. “Карантин жағдайында тұрғындарды айтыс өнерінен сусындатуға, олардың бос уақытын қызықты өткізуге бағытталған жобамыздың бас жүлдеге ие болып жатқаны біз үшін үлкен қуаныш. Қызылжар өңірінде де суырыпсалма талантқа ие, айтыс өнерін дамытуға лайықты азаматтар бар екенін, Ерік Асқаров сынды айтыс дүлдүлдерінің соңынан ерген жастар тәрбиеленіп жатқанын бүкіл елге айғақтай түстік. Ең бастысы, жырсүйер қауымға жақсы көңіл күй сыйлап, олардың бос уақытын қызықты өткізе білдік деп ойлаймын”, – дейді ол.
7 қазан күні айтыс ұйымдастырушылары Нұр-Сұлтан қаласында мәдениет және өнер саласы өкілдерінің қатысуымен өткен фестивальде арнайы дипломға және 500 мың теңгенің сертификатына ие болды. Сондай-ақ, бұл шарада Аққайың орталықтандырылған аудандық кітапханасы “Үздік аудандық маңызы бар кітапхана” аталымында бас жүлдені қанжығасына байлады.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.