«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қызылжар өңірінде қос мешіт ашылды

Өткен демалыс күндері облысымыздың екі ауылында алғаш рет азан үні естілді: оларда жаңа мешіттер жамағаттың игілігіне берілді. Аспан түстес күмбездері бар бұл мешіттердің алғашқысы Айыртау ауданындағы Кирилловка ауылында ашылды. Құранның бір сүресін оқумен басталған салтанатта бірінші болып лебіз білдірген аудан әкімі Ағзам Тастеміров көршілес ауылдардан келген және жергілікті тұрғындарды сауабы орасан зор мінәжат ордасының ашылуымен құттықтады. Одан кейін сөз алған ҚМДБ-ның облысымыздағы өкіл имамы, “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының сәлемі мен құттықтауын жиналғандарға жеткізе отырып, оларды бірлікке шақырды. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және облысымыздың 80 жылдығына арналған тарту тәрізді бұл мешітте азан үзілмеуін тапсырған ол сөз соңында Пайғамбарымыздың (ғ.с.ғ.): “Кімде-кім Алла үшін бір мешіт салса, Алла тағала оған жәннаттан жай салып береді”, – деген хадисін ауызға ала отырып, ғибадат ғимаратын салған азамат – Ақылбай Сыздықұлына Алғыс хат табыс етті.

Сондай-ақ, жиналғандарды өңіріміздің құрметті азаматы, облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Болат Сағындықов пен ауыл тұрғыны Төлеу Дәулетәлинов құттықтады. Салтанатты Ақылбай Сыздықұлының өзі түйіндеді.

Лента қию рәсімінен кейін жаңа мешітте азан күмбірлеп, намаз оқылды. Сосын ас берілді.

Келесі күні Есіл ауданының Петровка ауылында ашылған мешіт те Кирилловкадағыдан кем емес екен: кең де жарық, әрі жып-жылы. Бір қуаныштысы – асханасы бар.

Аят оқылғаннан кейін салтанатты рәсімді аудан әкімі Мұратбек Әбішев кіріспе сөзбен ашты. Одан кейін “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы құттықтау лебізін білдірді.

Салтанатты жиынның соңы марапатқа ұласты: ғибадат ордасын салған Төлеген Қабдөшевке ҚМДБ өкілдігінің Алғыс хаты тапсырылды, мешіт құрылысына белсене қатысқан басқаларға да құрмет көрсетілді.

Болат ҚОЖАХМЕТОВ,

“Қызылжар” орталық мешітінің баспасөз

хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp