«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚЫЗЫЛ ОБА” — ОРТА ҒАСЫР ШЕЖІРЕСІ

Былтыр Уәлиханов ауданында жүргізілген қазба жұмыстары барысында ежелгі мазардың орны табылған болатын. Алдағы уақытта құнды жәдігерлерге бай бірегей археологиялық нысан этнотуризм орталығына айналмақ. Бұл туралы нысан басында болған облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов мәлімдеді.

Ғалымдардың болжамы бойынша, XIV-XV ғасырдың екінші жартысында соғылған кесенеде Шыңғыс ханның ұрпақтары жерленуі мүмкін. Жалпы билеушілердің кесенелерінің осы аймақтан табылуы Алтын Орда дәуірі мен қазақ-ноғай кезеңінде Солтүстік Қазақстан аумағы көшпенділердің мәдени, саяси және қасиетті орталығы болғандығын дәлелдейді. “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында жүзеге асырылған экспедиция кезінде М.Қозыбаев атындағы СҚУ мен Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің археологтары көне мазардың орнын тауып, зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Экспедиция жетекшісі, “Margulan centre” орталығының директоры Тимур Смағұловтың айтуынша, жүргізілген алғашқы зерттеулердің қорытындысына сәйкес, Уәлиханов ауданында табылған “Қызыл оба” кесенесінде Жошы хан әулетінің өкілдері жерленуі әбден мүмкін. Сондай-ақ, археолог-ғалым мазардың жанында үлкен қалашықтың да болуы мүмкін екендігіне сенімді.

– Бұл ескерткіштің Қызылжар өңірі үшін ғана емес, бүкіл еліміздің археологиясы үшін маңызы зор. Бұрын Солтүстік Қазақстан облысында орта ғасырларға тән ескерткіштер жоқ делініп келсе, енді ондай болжам теріске шығарылып отыр. Тарих беттерінде “Алтын Орда” дәуіріне қатысты жазба деректер сирек кездеседі. Сондықтан бірегей орынның табылуы археология ғылымы үшін үлкен жаңалық болып табылады. Қолымызда бар жәдігерлер бұл жерде өмір сүрген рулық тайпалардың мал және егін шаруашылығымен айналысқанын дәлелдейді. Сондай-ақ, археологиялық нысан аумағынан темір дәуірінен жеткен ескерткіштер де табылды, – дейді Тимур Смағұлов.

Экспедиция жетекшісінің сөзіне қарағанда, 2003 жылы Қызылжар өңірінің аумағындағы Сілеті өзенінің бойында ортағасырлық қалашықтар, мазарлар және керуен сарайлардың болуы мүмкін деген болжам жасалған. Бүгін бұл гипотеза толық расталып отыр. Атап айтқанда, мазардан табылған “Алтын Орда” дәуіріне тиесілі қызыл кірпіштер, алтын және күміс бұйымдар өңірімізде шеберханалар мен күйдіру пештерінің болғанын дәлелдейді. Ал қазба орнындағы қыштан жасалған шығыр сауыттар ата-бабамыздың егіншілікпен айналысқанын растайды.

Қазба жұмыстарының қатысушысы, М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің оқытушысы Анатолий Плешаков облысымыздың аумағында “Алтын Орда” дәуіріне тиесілі көне қалалар, ортағасырлық сәулет өнерінің маңызды нысандары туралы деректер кеңес дәуіріне дейінгі кезеңде жарық көргенін айтты. Алайда, түрлі себептерге байланысты зерттеу жұмыстары уақытында жүргізілген жоқ.

– Мазар туралы тың деректер қазақтың біртуар перзенті, белгілі ғалым Әлихан Бөкейхановтың жазбаларында кездеседі. Сілеті өзені аңғарында өртенген кірпіш ғимараттар орта ғасырдың бірегей ескерткіші болып табылады. Бүгіндері оның жанында жеті қорғанның тұрғызылғаны анықталды. Елімізге шаруалар жаппай қоныс аударған 19-ыншы ғасырдың аяғы мен 20-сыншы ғасырдың басында көптеген археологиялық ескерткіштеріміздің тоналып, жойылып кеткені белгілі. Ал мына мазардың жанында өзен-көл болмағандықтан, қоныс аударушылар бұл орынды жерсінбеген. Нәтижесінде тоналмаған тарихи ескерткіш қаз-қалпында сақталған, – дейді Анатолий Андреевич.

Археологтар ежелгі құрылыс орнын зерттеу кезінде ұшу аппараттарының көмегіне жүгінген. Түсірілген спутниктік және аэросуреттерді саралаудың нәтижесінде жасалған 3D модельге сәйкес мазардың жалпы аумағы 36 шаршы метрді, ал биіктігі 15-20 метрді құрайды. Сондай-ақ, бөгет пен арық түрінде жерді қолдан суарудың көптеген іздері, су тарту механизмдері бар құралдардың керамикалық сынықтары анықталды. Бұл жақын маңда шағын қалалар мен қоныстардың болғанын дәлелдейді. Былтыр күз ерте түсіп, археологиялық жұмыстарды жалғастыру кейінге қалдырылған болатын. Ал биылғы жылы короновирусқа байланысты қазба жұмыстары тек жаз айларында жалғасып, оған 30 адамнан тұратын экспедиция жұмылдырылды.

Жалпы 45 күнге созылған қазба жұмыстары кезінде 700 шаршы метрді құрайтын кесененің солтүстік-шығыс бөлігі аршылды. Сол жақ қабырғаның ені – 2,45 метр болса, биіктігі 0,87 метрді құрайды. Шығыс қабырғаның ені – 2,3 метр. Кесененің қабырғалары жартылай пішінді, саздан және алебастр ерітіндісінен жасалған кірпіштерден қаланған. Мамандардың айтуынша, қазба жұмыстары барысында ата-бабамыздың отбасылық дәстүрін бейнелейтін еденіне кірпіш төселген қонысжай, күйдірілген кірпіштен қаланған бесқырлы құлпытас аршылды. Бұдан бөлек, қазба жүргізілген жерден төрт қабір табылып, жерлеу рәсімінің ислам діні негізінде жүзеге асырылғаны анықталды. Адамның қаңқаларымен қатар көгілдір түсті асыл тасы бар алтын сырға, екі шағын күміс сәндік жапсырма, арабша жазуы бар төрт күміс монета табылды. Заманауи құрал-жабдықтардың көмегімен жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде теңгелердің XIV ғасырдың 30-жылдары Сарай қаласында соғылғаны дәлелденді. Археологиялық қазбаларды жүргізуші топ 2021 жылы аталмыш нысанды толығымен зерттемек. Бұл жұмысқа Ғылым академиясының археологтары мен жергілікті университеттің студенттері де жұмылдырылатын болады. Демек, алдағы уақытта археология саласындағы жаңалықтар қатары еселеніп, бұдан да басқа жәдігерлер анықталуы әбден мүмкін.

Бүгінгі күні облыс аумағында 599 тарихи және мәдени ескерткіш бар болса, оның 8-і республикалық мәртебеге ие. Тас дәуірінен, орта ғасырдан қалған 400-ден астам археологиялық ескерткіш те өткеніміздің белгісі ретінде мемлекет қорғауына алынған. Тарихи жәдігерлер мен ұлттық маңызға ие орындарды қорғау, сақтау және насихаттаумен айналысатын облыстық тарихи-мәдени мұраларды сақтау және пайдалану орталығы аталмыш нысанды да өз қамқорлығына алған. Орталықтың директоры Рахат Мәмбеталинов Қазақстан тарихының маңызды кезеңін бейнелейтін “Қызыл оба” кесенесінде табылған құнды жәдігерлердің еліміздің өткен тарихын, қазақ халқының этногенезі мен этникалық аумағын қалпына келтіруде маңызы зор екендігіне сенімді.

– Тәуелсіз еліміздің бүгiнгi өмiрi мен оның жан-жақты дамуын мәдени мұраларсыз елестету мүмкiн емес. Рухани қазынамыз ғасырлар бойы халқымыздың сана-сезiмін, өзгелерге ұқсамайтын келбетін қалыптастыруда. Бүгінде түрлі мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде оны зерделеуге ерекше көңіл бөлініп отыр. Соның бірі ретінде өңірімізде ерекше маңызы бар тарихи-мәдени және сәулет ескерткiштерiн қайта қалпына келтiру бойынша қолға алынған ауқымды жұмыстарды айтуға болады. Сондықтан біздің орталық тарихи ескерткішті бақылауға алып, қорғау шараларын жүзеге асырды. Бұл жұмыстар барлық зерттеу жұмыстары аяқталғанға дейін жүргізілетін болады, – дейді орталық директоры.

Орталық өкілдері облыстық прокуратурамен және жер қатынастары басқармасымен бірлесіп атқарған жұмыстың нәтижесінде мазар ерекше бақылауға алынды. Жерді пайдалану картасында археологиялық нысанның аумағы бекітіліп, оның шекарасы нақтыланды. Географиялық көрсеткіштері жауапты органдарға жіберіліп, оларды қорғау және сақтау бойынша тиісті хабарлама жолданды. Жер иелері мен пайдаланушыларына мәдени-тарихи нысандарды сақтау және қорғау талаптары түсіндірілген.

Табылған жәдігерді қалпына келтіру ісімен суретші-реставратор Алтынбек Қырым бастаған мамандар айналысатын болады. Ескерткіштердің басым бөлігі жергілікті университеттің зертханаларында, ал кейбіреулері Алматы қаласындағы ғалымның зертханасында қалпына келтірілмек. Елімізге танымал ғалым осыдан екі жыл бұрын VII ғасырда жерленген “Алтын адамның” көшірмесін жасаған болатын. Еліміздің еңбек сіңірген қайраткері әрі академигі Қызылжар өңірінде табылған жәдігерлерді жан-жақты зерттеп, қайта қалпына келтіруді азаматтық борышым деп біледі.

Археологиялық қазба жұмыстарының барысымен танысқан облыс әкімінің орынбасары аталмыш ескерткіштің алдағы уақытта туристер көп келетін саяхат орнына айналатынын атап айтты.

– Жалпы билеушілердің кесенелерінің осы аймақтан табылуы Алтын Орда дәуірі мен қазақ-ноғай кезеңінде Солтүстік Қазақстан далалары көшпенділердің мәдени, саяси орталығы болғандығын айғақтайды. Алдағы уақытта Қызыл обаны қалпына келтіріп, оны туристік мақсатта пайдаланатын болсақ, ұтарымыз көп. Бүгінде ескерткішті сақтау бойынша міндеттемелерді өз мойнымызға алдық. “Алтын Орда” дәуіріне тиесілі нысан толық зерттелген соң, оны киелі жерлер тізіміне қосуды қарастыратын боламыз, – деді Ғани Сақтағанұлы.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті мен павлодарлық жоғары оқу орнының археологиялық ғылыми-зерттеу орталығы көшпенділердің мұрасын зерттеуді 2023 жылға дейін жалғастыруды көздеп отыр. Археологтар Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Ақмола облыстарының аумағында орналасқан Сілеті өзенінің төменгі ағысының барлық аңғарын қамтуды жоспарлауда. Көне ескерткіштерді зерттеу қазақстандық ғылымға жаңа, бірегей, теңдесі жоқ археологиялық материалдар жинақтауға көмектеседі деп күтілуде.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Суреттерді түсірген

Вадим МУДАРИСОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp