Елімізде әлі күнге кеңестік “қызыл” төлқұжатпен жүрген көптеген адам бар. Сол себепті Ішкі істер министрлігі күші жойылған паспорттармен жүргендерді анықтап, құжаттарын рәсімдеу мақсатында ауқымды акция өткізуде.
Адамдардың ескі құжатпен жүруінің негізгі себебі – құқықтық сауаттылықтың төмендігі. Олар анықтамаларды қайдан алу, өтінішті қалай жазу қажеттігін де білмейді. Құжатты қалпына келтіру үшін орта есеппен алты ай уақыт кетеді. Бұл мерзім оның қай елдің азаматы және оның қанша жыл бойы құжатсыз жүргеніне байланысты. Кейде колында ешқандай құжаты жоқ адамдар келіп жатады. Олардың арасында өзінің тегін, атын, әкесінің атын, тіпті, туған күнін еске түсіре алмайтындар бар.
Кеңес одағы кезіндегі паспорттарын уақтылы ауыстырмаған Қазақстан азаматтарымен қатар кейбірінде ТМД елдерінің мерзімі өтіп кеткен құжаттары кездеседі. Бір атап өтерлігі, құжаттардың болмауы адамдардың өздерінің конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруын шектейді. Азаматтығы жоқтар мемлекеттік қызмет, медициналық, әлеуметтік көмек ала алмайтынын ескертеміз. Мұндай адамдардың мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмектен де қағылатынын білгендері жөн.
Ішкі істер министрлігінің мұрындық болуымен “Ішкі істер органдары туралы” Заңға өзгеріс енгізілді. Ендігі кезекте біз азаматтығы жоқ адамдардың мәртебесін анықтайтын құқыққа иеміз. Осылайша, 1974 жылғы үлгідегі құжаттарын уақытында айырбастамаған азаматтар қалалық полиция басқармасындағы көші-қон қызметі бөлімі мамандарының көмегіне жүгіне алады. Сондай-ақ, 8 (7152) 34-00-56 телефон нөмірі арқылы да хабарласып, кеңес ала алады.
Біздің мамандар азаматтығын анықтауға, тиісті құжаттар жинауға және кейін жеке басын куәландыратын куәлік алуына жан-жақты көмек көрсетеді.
Роза ЖҮКЕНОВА,
Петропавл қалалық полиция басқармасының аға инспекторы, полиция майоры.