Қазақ ұлты үшін ананың орны бөлек. Ұлттық салт-дәстүр мен Ислам діні, шариғат заңдылықтары бірін-бірі толықтырып отырады. Адам тәрбиені, жақсы-жаман қасиеттерді дүниеге келген отбасы – алтын бесігінен, кейіннен балабақшадан, мектептен, одан әрі қоғамнан алады. Ұлы ғұлама Абай атамыз: “Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата-ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады”, – деген екен.
Кім болса да жақсы тәрбиені ата-анасынан алады. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.): “Ата-ананың балаға бере алатын ең жақсы мұрасы – жақсы тәрбие” деген екен. Ері мен әйел тату үйдің қызы бақытты, ұлы көргенді болмақ. Дана халқымыз айтады екен: “Ердің атын я жақсы аты шығарар, я жақсы жары шығарар”. Қыз бала дүниеге келгеннен кейін тәрбиелі қыз, инабатты бойжеткен, асыл жар, аяулы ана болуы табиғат заңы. Ол отбасының ұйытқысы ана екенін көріп, шаңырақтың берік болуы анаға байланысты екенін көңіліне түйіп өсуі керек. Осы жерде мына төмендегі шумақты айтқым келеді:
Қыз анадан үйренбесе,
Қолы ештеңеге жетпейді.
Ұл әкеден үйренбесе,
Алысқа сапар шекпейді.
Ата-анадан тәлім алған
Балаға ешкім жетпейді.
Ғұлама Әлішер Науаи әйел туралы: “Жақсы әйел – отбасының бақыты, сән, дәулеті. Үйдің тазалығы да, үй иесінің жайбарақат болуы да содан”, – деген екен.
“Қыздың жолы жіңішке” деген сөздерді ана ерте бастан қызының құлағына құйып, әдепті, әдемі, еңбекшіл болуына негізделген тектіліктің әліппесін үйретіп отырса, қыз бала анасының өмір тәжірибесінен тағылым алып, қазақи тәрбиеге ден қойса, ол қыз қазақтың салт-дәстүрінен, әдет-ғұрпынан аттамаған болады. Нағыз ұлттық тәрбие деп осыны айтамыз. Қазақта: “Сөзіңмен мазалама, ісіңмен көрсет”, “Сөз шақырады, ал үлгі қызықтырады” деген мақалдар үлгі жасау үшін айтылған. Ана қызына жас кезінен адами қасиеттердің басты бөлігі ұят дегенді ұғындырса, тәрбиеден де ұтары көп болар еді. Хадисте: “Әрбір діннің мінезі бар. Ислам дінінің мінезі – ұят” дейді. Ұят қазақ әйелдерінің бойында жаратылысымен бастау алады. “Өлімнен ұят күшті”, “Жаным – арымның садағасы” деген мақалдар бекер айтылмаған. Ұят деген сөзді айтқаныңда көкейіңе намыс деген сөз де келіп тұрады. Намыс пен ұят өмірде бірін-бірі толықтырып отыратын адами қасиеттердің ең маңыздысы. Ұялатын қыз арын да сақтай алады. Намыстан батылдық та, батырлық та туады. Ал батырлығы, батылдығы бар қыз тек өз намысын емес, елінің, өскен ұясының да намысын аяққа таптатпайды.
Біздің ұлттық құндылықтарымыз жетерлік. Оларды дәріптеп, ұлағатты ұл-қыз тәрбиелеуде пайдалансақ, жастарымыз Батыс тәрбиесіне еліктеп кетпес еді. Өзінің салт-дәстүрін жете білмеген жастарымыз кез келген ұлттың салты мен дәстүрін оңтайлап, өмір қағидасына айналдырып жүр. Сонымен бірге, өмірге деген көзқарасын қалыптастыра алмай жүргенде, елімізге қаптап кіріп жатқан әртүрлі діни ағымдар дін деген қасиетті сөзді жамылып, жастарымыздың, соның ішінде, қыздарымыздың санасын улап, киер киімінен бастап, ұстанар бағытына дейін көрсете білді. Содан көшелерімізде қара жамылғандар саны көбейіп кетті. Қара орамал жамылған қыз өзін шын мұсылманмын деп түсінеді. Өз ұлтының салтын білмейтін қыздарымыз теріс ағымдардың үгіт-насихатын қабылдап та үлгерді. Оларға: “Неге етегімен жер сыпырып жүрген көйлек киесің?” деп айтсаң, “Ашық-шашық кіндігін ашып жүрген қыздарды тәрбиелеп алыңдар”, – дейді. Солай екен, ислам қағидаларын негізге ала отырып, ұлттық салт-дәстүріміздің талаптарына сай ұл-қыз тәрбиелегіміз келсе, діни сауаттылықты арттыру қажет.
Сөзімнің соңында айтарым: қазақ қыздарына тән қасиеттерді дәріптейтін, уағыздайтын байқаулар ұйымдастырылса, өмір сабақтарынан өткен әжелеріміз тек сөзбен емес, іс-әрекеттері арқылы үлгі-өнеге көрсетіп, қай жерде болсын тәрбие орталықтарын ашып, ұлттық салт-дәстүрдің негізінде қазақтың әдеп-ғұрпын дәріптейтін, жан сұлулығын, имани шарттарын ұғындыратын іс-шаралар өткізілсе, жергілікті әкімдіктен қолдау көрсетілсе, игілікті іс болар еді. Мысалы, Қытайда “Қыздар күні” аталып, оған барша қауым қуаныш сыйлап, құрмет көрсетеді екен. Ал қыздар ол күні қолынан келетін барлық өнерін паш етіп, туған-туысты, жора-жолдастарын шаттық-қуанышқа бөлейді екен. Осындай мейрамдарды біздер де өткізсек, артық болмас еді. “Аналар күні”, “Әкелер күні” деген мейрамдар біздің ұлттық қадір-қасиетімізді дәріптейтін іс-шаралар болмай ма? Ұрпақ мәселесі ешқашан күн тәртібінен түскен емес. Олай болса, қоғам тәрбиесіне үлес қосамыз десек, ұрпағымызға имандылық, адамгершілік жолын көрсетіп, олардың ұлттық санасын қалыптастыруға күш жұмсайық! Ана ретінде тілегім: отбасым, елімнің, жерімнің тыныштығы, амандығы. Жер бетіндегі аналардың бәрінің тілейтіні осы тілек екендігіне күмәнім жоқ. Аналар тілегі қабыл болып, ұрпағымыз ұлағатты, салтын сақтайтын, дініне берік, Отанына адал болып қалыптасса екен деймін.
Сәлима қажы АТАЖАНҚЫЗЫ.
Петропавл қаласы.