Петропавлда шекаралас ынтымақтастық аясында үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Оған облыстық ішкі істер департаменті мен Ресей Федерациясы Ішкі істер министрлігі Қорған, Омбы және Түмен облыстары бойынша басқармаларының полицейлері қатысты.
Отырыс жұмысына қатысқан облыс әкімі Ерік Сұлтанов Тәуелсiздiктiң 25 жылдығында мемлекетпен бiрге iшкi iстер органдары да жаңғыртылғанын атап өттi.
– Солтүстiк Қазақстан облысының ішкi iстер департаментi өз қызметiн тұрақты түрде жетiлдiрiп келедi және бүгiнде Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдары арасында алдыңғы қатарда. Өңiрде экономика және әлеуметтiк сала дамып келедi. Қоғамдық қауiпсiздiк – бизнестi жүргiзу мен өңiрге инвестиция тартудың кепілі. Мысал ретiнде айтатын болсақ, өткен жылы облысқа 155 млрд. теңге шетел инвестициясы тартылған. Бұл республиканың өзге өңiрлерi арасында iлгерi орынға ие болуға мүмкiндiк бердi, – деді Ерік Хамзаұлы.
Сондай-ақ, өңір басшысы құқық қорғау органдарының шекаралық ынтымақтастығы үлкен мәнге ие екенiн атап өттi. Экстремизм мен терроризм, есiрткi саудасымен күрес, заңсыз көшi-қон мәселелерi бойынша күш бiрiктiрудiң қажеттiлiгiне тоқталды. Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының қоғамдық тәртiп пен қылмысқа қарсы күрес мәселесi жөнiнде құқық қорғау органдары арасындағы ынтымақтастықты нығайту бойынша белсендi жұмысы үшiн облыс әкімі Ресейдiң полиция қызметкерлерi мен Қазақстанның Ішкi iстер министрлiгiнiң өкiлдерiне Алғыс хаттар табыстады. Ал Ресей Федерациясының Ішкі істер министрлігінің Омбы облысы бойынша басқарма басшысының мiндетiн уақытша атқарушы Любовь Аксенова мекеме атынан өңiр басшысына екі облыс арасындағы өңiраралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан жеке үлесi үшiн алғысын жеткiздi.
Шара барысында екi мемлекеттiң құқық қорғау органдары экстремизм мен терроризм, есiрткi саудасымен күрес, заңсыз көшi-қон мәселелерi бойынша күш бiрiктiру мәселелерiн талқылады. Облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләловтің хабарлауынша, жыл басынан бері облыс аумағында ресейлік полицейлер іздеу салған 23 қылмыскер анықталып, ұсталған. Оның 4-еуі Ресей Федерациясында адам өлтіргені, қарақшылық шабуыл, заңсыз есірткі сатқаны және ұрлық жасағаны үшін іздеуде болған. Сонымен қатар, өңірімізде адам өлтірген, қарақшылық шабуылмен, кісі тонаумен айналысқан 4 қылмыскер Ресей аумағында құрықталды.
Кеңестің қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында жастар арасында кең етек жайып бара жатқан есірткі мәселесіне ерекше назар аударылды. Жыл басынан Қазақстан-Ресей шекарасында есірткі заттары контрабандасының 13 фактісінің жолы кесілді. Ресей Федерациясынан облыс аумағына есірткі жеткізудің 3 арнасына тосқауыл қойылды. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында тәркіленген 168 килограмнан астам түрлі есірткі затының 18 килограмы гашиш екені тәртіп сақшыларының алаңдаушылығын туғызуда.
Сондай-ақ, үстіміздегі жылы ірі көлемде есірткі заттарын тасымалдаудың фактісі тіркелген. Белгілі болғандай, Петропавл қаласында жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында Қырғызстан Республикасы азаматының автокөлігінен жалпы салмағы 96 килограмнан асатын марихуана табылды.
Ішкі істер министрлігінің есірткі бизнесімен күрес департаментінің бастығы, әділет генерал-майоры Сұлтан Құсетов осы орайдағы міндеттерге тоқталды. Үстіміздегі жылдың 10 айының қорытындысы бойынша елімізде 35 тонна каннабис тобына жататын есірткі заттары, 114 тонна үнді қарасорасы, 100 килограмм героин және 300 килограмға жуық гашиш тәркіленді. Сондай-ақ, Сұлтан Құсетов елімізге синтетикалық есірткі түрлерінің жеткізіле бастағандығына алаңдаушылық білдірді.
– Героин азайған кезде нашақорлар есірткінің басқа түрін іздей бастайды. Бүгінде біз Ресейде белең алған синтетикалық есірткі көлемінің елімізде артқандығын байқап отырмыз. Тіпті, синтетикалық есірткілер көптеп тасымалдануда. Әсіресе, жастар арасында таралуда, – деді департамент бастығы.
Отырыс соңында облыстық ішкі істер департаменті мен Қорған, Омбы және Түмен облыстары полицейлері 2017 жылға арналған өзара іс-қимыл жоспарына қол қойды.
Шара аясында ресейік қонақтар қызметтік борышын өтеу кезінде ерлікпен қаза тапқан солтүстікқазақстандық тәртіп сақшысы Ғазиз Есімов атындағы жас полиция қызметкерлері аллеясында болып, жерлесіміздің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.