“Бейкүнә сәбиді ауылдасы зорлап, аяусыз өлтірді” немесе “Мектеп оқушысы жоғары сынып оқушыларынан қорлық көрді” деген сипаттағы қылмыстар бүгінгі қоғамда өршіп тұр. Шынымен де, газет бетін ашсақ та, теледидарды қоссақ та осындай сұмдық оқиғаларды естиміз. Неге бүгінгі қоғамда құмарын қылмыспен қандыратындар көбейіп кетті? Зорлық-зомбылықтың құрбанына айналғандарға қандай көмек бере аламыз? Адамды қорлайтындармен күрес қалай жүргізілуде? Облыстық ішкі істер департаментінің тергеу басқармасының бастығы, полиция полковнигі Қайрат Қасымбековпен әңгімеміз осы мәселелер төңірегінде өрбіді.
– Биылғы жылдың 11 қаңтарынан бастап еліміздің Қылмыстық, Қылмыстық процестік, Қылмыстық-атқарушылық кодекстерінің бірнеше баптарына өзгерістер енгізілді. Соның ішінде зорлық-зомбылық әрекеттеріне жаза күшейді. Соған қарамастан жақында Явленка ауылының тұрғыны балаларының көзінше әйелін ұрып өлтірді. Біздің қоғамда әлсізге күш көрсету неге азаймай отыр?
– Иә, шынымен де, біздің өңірімізде осындай қайғылы оқиға орын алды. Отбасылық ұрыс-жанжал кезінде күйеуінің таяғынан жазықсыз әйел мерт болды. Екі бала аңырап қалды. Осыған ұқсас оқиға жақында Нұр-Сұлтан қаласында да тіркелді. Ер азамат 23 жыл бір шаңырақ астында өмір сүріп, алты бала тәрбиелеп отырған зайыбын қылқындырып өлтірді. Кінәлілерге жазаны сот тағайындайды. Бірақ адамның жанын түршіктіретін келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін аянып қалмаудамыз. Облыстық ішкі істер департаментінде есепте тұрған отбасыларға рейд ұйымдастырып, мектеп, колледж оқушылары арасында түсіндіру жұмыстары, “дөңгелек үстел” өткізіліп тұрады. Соған қарамастан қатыгез жандардың қиянаты азаймай тұрғаны бізді де қатты алаңдатады. Еліміздің заңнамасын қатаңдату қоғамдағы осындай келеңсіздікке тосқауыл болады деп ойлаймын.
Өткен жылы біздің өңірімізде күйеуінің қолынан үш әйел ажал құшты. Ауыр дене жарақатын салудың 18 дерегі тіркелді. Әрине, көп жағдайда “ащы суға” үйір ер азаматтар отбасының шырқын бұзып жатады. Оларды мәжбүрлеп емдеу шараларын да үзбей жүргізіп келеміз. Былтыр осы мақсатта 230 материал жинадық.
Айта кететін жайт, отбасылық кикілжіңдерге орай да заңнамалық құжаттарға өзгеріс енгізілді. Бұған дейін әйеліне қол көтерген ер азаматқа алдымен ауызша ескерту жасалатын, одан кейін айыппұл төлететін, сонда да ақыл кірмесе он бес тәулікке темір торға жабылатын. Ал қазір айыппұл жазасы алынып тасталды. Өйткені, әйеліне иек артып отырған еркектер аз емес.
Бұған дейін жыныстық зорлық-зомбылық, әйелдерге қол көтеру, есірткі тарату орташа ауыр қылмыс түріне жатса, жаңа заңға сәйкес жауапкершілік күшейтілді. Көп жағдайда екі тараптың ымыраға келуінен кінәлі тұлғалар жазадан жалтарып кететін. Енді оларға ешқандай аяушылық жоқ. Нақтырақ айтар болсақ, 14 жасқа дейінгі балаларды зорлағандарға 20 жылға дейін жаза қарастырылған. Немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру көзделген.
– Әлпештеген ұл-қыздың абыройын қылмыскерге кесілген жаза орнына келтіре алмайтыны анық. Біздің елімізде азғындарға бұған дейін жеңіл жаза кесілді. Бәлкім, сол үшін де оларға тосқауыл қоя алмаған шығармыз. Бүгінгі қоғамда бауыр еті – балаларын педофилден қорғау үшін ата-ана мен құзырлы органдарға қандай міндет жүктеліп отыр?
– “Адамның бір қызығы – бала” деп Абай атамыз айтқандай, ата-ана үшін перзент өмірінің қор болуынан асқан қасірет жоқ екенін бәріміз де жақсы білеміз. Амал нешік, небір азғындардың арбауына түсіп қалатындар бізде де аз емес. Өткен жылы зорлаудың алты бірдей оқиғасы, ал 16 жасқа толмағандарға жыныстық күш көрсетудің – 17, жас балаларға азғындық әрекеттің 1 фактісі тіркелген. Ал еліміз бойынша соңғы бес жылда алты мыңнан астам бала педофилдің құрбанына айналған. Мұндай статистика кім-кімнің де болсын жанын ауыртады. Бұған дейін еліміздің Қылмыстық кодексінде оларға 5 жылдан 15 жылға дейін жаза көзделсе, енді мұндай арсыздарға аяушылық жоқ. Жоғарыда айтқанымдай, 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойға бас бостандығынан айрылады.
Он екіде бір гүлі ашылмаған балаларды педофилден қалай қорғаймыз деген сауал ата-ананы да, мектепті де, құқық қорғау органдарын да алаңдататын өзекті мәселе. Бүгінгі күні еліміз бойынша барлық білім беру мекемелеріне бейнебақылау камералары орнатылуда. Сондай-ақ, бастауыш сынып оқушылары сабақтан кейін үйіне жалғыз жіберілмейді. Біздің мамандар білім беру мекемелерінде кездесулер өткізіп, бөтен адамдардан сақ болу қажеттігін үздіксіз түсіндіреді. Ата-аналар да балаларының әлеуметтік желідегі іс-әрекетін бақылап отыруы тиіс.
– Біздің елімізде педофилдер реестрі бар ма, олардың бостандықтағы өмірі құқық қорғау органдары тарапынан бақылауға алына ма?
– Біздің елімізде жазасын өтеп шыққан педофилдерді қоғамнан шеттетпейді. Бірақ Бас прокуратураның Құқықтық статистика комитетінің сайтында арнайы геокарта бар. Сол арқылы зорлық-зомбылық қылмысы үшін жазасын өтеп шыққандардың санын білуге болады. Біздің елімізде қазіргі таңда олардың саны 140-қа жуық. Сондықтан өңіріміздің тұрғындары да сайтқа кіріп, танысуға болады.
Статистика мәліметтері көрсеткендей, педофилдердің көбі – кішкентай күндерінде өздері де осындай азғындық құрбаны болғандар. Қалай десек те, қылмыстың өтеуі – жаза. Балаға көз сүзе қарайтындар ертеңгі күні жазасыз қалмайтындарын, өмірінің көп бөлігін түрмеде өткізетінін білуі тиіс.
Әңгімелескен
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.