Жылы жаққа ұшып бара жатқан дала қаздарымен ілесе келген құс тұмауы тұрғындарға зор шығын әкелді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, қазірдің өзінде аталмыш дерттен құстары қырылғандарға мемлекет есебінен 113 млн. теңгеден астам өтемақы төленді.
Үстіміздегі жылдың қыркүйегінде құс тұмауы әлемнің 26 елінде тіркеліп, аурудың 459 ошағы анықталды. Көрші Ресейде 1,5 млн. құс қырылды. Ал біздің елімізде дерт Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай және Павлодар облыстарында тіркелді. Қызылжар өңірі ең көп зардап шекті. Атап айтқанда, құс тұмауы салдарынан тұрғындардың аулаларындағы 26547 үй құсы, “Бескөл құс фабрикасы”, “Агроинтерптица” және “Адель Кус” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде 860306 қанатты өлді. Соңғы дерек бойынша, елімізде 46,7 млн. үй құсы болса, індеттің салдарынан олардың 1,8 пайызы өлген.
Бүгінгі таңда құстардың өлімі саябырсыды. Соңғы екі аптада жеке қосалқы шаруашылықтарда індеттің жаңа деректері тіркелген жоқ. Карантиндік шектеулердің, жүргізілген дезинфекциялау және вакцинациялаудың нәтижесінде аурудың таралуы тоқтатылды. Қазір ел бойынша індеттен өлген құстарды жою шаралары жүргізіліп, құс иелеріне өтемақы төленуде. Ауру ошағын оқшаулау және өлген құстарды жоюмен айналысқан республикалық эпизоотикаға қарсы жасақ 28864 құстың иесіне 113 млн. теңгеден астам қаражат төледі. 15693 үй құсы қырылған солтүстікқазақстандықтарға 74,5 млн. теңгенің өтемақысы ұсынылған. Бұл барлық өтемақының 73 пайызын құрайды. Қазіргі уақытта өлген 1817 құс бойынша өтінімдер қаралуда. Нарықта тауық бағасы 2,5-5 мың теңге аралығында болғанымен, әр құсқа орта есеппен 4,7 мың теңгеден берілуде.
Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті құс тұмауы таралуының алдын алу мақсатында 4,9 млн. дана вакцина бөлді. Вакцинациялау шаралары дерт тіркелген ошақтарда, бірқатар шекаралас облыстардағы құс шаруашылықтарында, құс фабрикаларының айналасында 20 шақырым радиуста жүргізілді.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.