«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫСҚАША

Әскери-техникалық мектепте “Алтын қыран” атты әскери-патриоттық акция ұйымдастырылды. Спорттық шараға “Саланг”, “Алғыс”  әскери-патриоттық клубтарының мүшелері және әскери-техникалық мектептің 60 курсанты қатысты.

Шара барысында қатысушылар алғашқы кезеңде белтемірде күш сынасса, кейін волейболдан жарысқа түсті. Гір тасын көтеруден сайысқан жастар кейін бір шақырымға жүгіру мен арқан тартудан бақтарын сынады.

Бәсекелі жарыстың қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте “Алғыс” әскери-патриоттық клубы жеңімпаз атанды. Ал “Саланг” және әскери-техникалық мектебінің құрама командалары екінші және үшінші орындарға табан тіреді.

Жарыс соңында жүлдегерлерге – медальдар, ал жеңістің бірінші сатысына көтерілген құрамаға кубок табысталды.

* * *

29 маусым күні қазақ күресінен Елбасы – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін “Қазақстан барысы” турнирінің финалдық бәсекесі өтеді.

Осымен 4-ші рет ұйымдастырылатын додаға жыл сайын 8 миллионға жуық жанкүйер қызығушылық танытуда. Айта кетейік, “Қазақстан барысы” турнирінде “Алтын белбеу” мен “Тайтұяқтың” ғана емес, сонымен қатар “Hyundai Elantra” автокөлігінің иесі де анықталады.

***

Қаржы полициясының 20 жылдығына орай құқық қорғау органдары командалары арасында шағын футболдан турнир өтті. Жарысқа Қаржы полициясы департаменті, Ішкі істер департаменті, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті, Құқықтық статистика комитеті басқармасы, облыстық прокуратура және облыс соттарының құрама командалары қатысты.

Ойын қорытындысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті – І, Ішкі істер департаменті – ІІ, ал облыстық прокуратура ІІІ орынды иеленді.

Жеңімпаздарға кубок, дипломдар мен медальдар табыс етілді.

***

Бішкекте қыркүйек айында алғаш рет Бүкіләлемдік көшпенділер ойындары өтеді.

Ұлттық спорт түрлерін одан әрі дамыту, ұлт денсаулығы мен халықтар достығын нығайтуды көздеген сайыс барысында спортшылар тоғызқұмалақ, күрес, көкпар, аударыспақ және бәйге бойынша сынға түседі.

Халықаралық ережелерге сәйкес ұйымдастырылатын ойындарға Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Түркия және Әзірбайжан спортшылары қатысады деп күтілуде.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp