«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫСҚА ӘЗІРЛІК ТЫҢҒЫЛЫҚТЫ

Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында күзгі орақ науқанының қорытындысы және облыс автожолдарын қысқы кезеңге дайындау жайы қаралды.

Үстіміздегі жылы күзгі орақ науқаны ойдағыдай аяқталып, өңір диқандары мол өнім жинады. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ерболат Бекшеновтың айтуынша, 2,9 млн. гектар алқапқа егілген дәнді дақылдардың әр гектарынан орташа есеппен 15 центнерден өнім алынған.
Биыл жауын-шашын аз түсті. Дегенмен, орақ қорытындысы көңілден шығады. Диқандардың тынымсыз еңбегінің нәтижесінде элеваторлар мен астық сақтау қоймаларына 4,5 млн. тонна бидай жеткізілді. Майлы дақылдардың да шығымдылығы жақсы. 911 мың гектар алқаптан 786 мың тонна өнім жиналып, гектарынан 8,5 центнерден айналды. Ал 32,9 мың гектар картоп алқабынан 491 мың тонна өнім алынды. Алты мың гектарға себілген көкөністің шығымдылығы 98 мың тонна, – деді Ерболат Мұратұлы.
Соңғы үш жылда облыстың ауыл шаруашылығын дамытуға ел бюджетінен қомақты қаражат бөлінген. Ал биыл бұл қолдау рекордтық көрсеткішке жетіп, 48,6 млрд. теңгені құрады. Жыл басынан бері 1827 техника сатып алынды. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 8 пайызға артық. Мемлекеттік қолдаудың арқасында жергілікті агроқұрылым басшылары климатымызға төзімді әрі сапалы тұқым сеуіп, ала жаздай агротехникалық шараларды уақытында жүргізу мүмкіндігіне ие болды. Нәтижесінде кейбір шаруашылықтарда гектар берекелігі 28 центнерге дейін жетті. Жаңа астықтың 67 пайызын 1-3 сұрыпты бидай құрайды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен екі есеге артық.
– Диқандар қауымы карантин мен құрғақшылыққа қарамастан, маңызды әрі жауапты науқанды ойдағыдай аяқтады. Тәжірибе мен іскерлігінің арқасында олар Қызылжар өңірінің еліміздің басты астықты өлкесі екенін тағы бір рет дәлелдеді. Дегенмен, бұл жетістікке тоқмейілсуге болмайды. Алдымызда атқарар жұмыс әлі де көп. Астық көрсеткіші төмен шаруашылықтар бар. Сондықтан мемлекеттік қолдау тек үздік агроқұрылымдарға көрсетілуі керек деген пікірдемін. Берілген демеуқаржының қайтарымы болуы қажет. Себебі, астық шығымдылығы төмен шаруалар қолдаудың болатынын білген соң, бар күшін салып жұмыс істеуге ынта танытпайды, – деді Құмар Іргебайұлы.
Облыс әкімі шаруашылықтар жұмысшыларына лайықты еңбекақы төлеуі қажет екендігін ескертті. Үстіміздегі жылғы 9 айдың қорытындысына сәйкес ауыл тұрғындарының жалақысы 17 пайызға өскен. Мәселен, Айыртау ауданындағы “Әліби” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі орташа айлық еңбекақыны 90 мың теңгеден 151 мың теңгеге дейін өсірген. “Арықбалық” ЖШС-інде жұмысшылардың жалақысы 95 мыңнан 160 мың теңгеге жеткізілген. Бұл ауылға жаңа инвестор келгеннен кейін мүмкін болып отыр. Серіктестіктер мен шаруа қожалықтары табыстарының бір бөлігін техникалық базаны жаңартуға, жаңа өндіріс орындарын ашуға бағыттаулары қажет. Басты мақсат – жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсарту. Өңір басшысы аудан әкімдері жыл басында қойылған міндеттердің жүзеге асырылуына бақылау жүргізулері қажет екендігін қадап айтты.
Қыс кезінде облыс тұрғындарының жүріп-тұруы біршама қиындап кететіні белгілі. Солтүстіктің боранында жолдарды тазалап, халықтың кедергісіз жүруін қамтамасыз ету – үлкен мәселе. Осы орайда облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жоспарлы жұмыс жүргізуде. Басқарма басшысының міндетін атқарушы Мақсат Баяхмет өз баяндамасында аталмыш бағытта қолға алынған жұмыстарға тоқталды. Бүгінгі таңда облыстағы автомобиль жолдарының 7 мың шақырымы жергілікті маңызға ие. Дегенмен, оның 863 шақырымын жылда қар алып, жолаушыларға қиындық туғызады. Тас жолдарды қыс бойы қардан аршуға бюджеттен 247 млн. теңге бағытталған. Биыл бұл жұмыстар “Строительный трест №17”, “МГА Дорстрой” және “Петропавл жолдары” ЖШС-іне сеніп тапсырылды. Маңызды жұмысқа 114 арнайы техниканы жұмылдыру жоспарланған. Сондай-ақ, мердігер компаниялар 24 жаңа техника сатып алса, жалпы 840 тонна инертті материал, 35,5 тонна жанар-жағармай қоры дайындалды. Төтенше жағдай орын алған жағдайда жолда қалған жолаушылардың 21 қосында жылыну мүмкіндігі қарастырылды.
Бұдан кейін сөз алған “ҚазАвтоЖол” ҰҚ” АҚ-ы облыстық филиалының директоры Болатбек Айтбаев республикалық маңызы бар жолдарды күтіп ұстау шаралары туралы баяндады. Оның айтуынша, өңірімізде республикалық маңыздағы жолдың ұзындығы 1468 километрді құрайды.
– Үстіміздегі жылы бұл жолдарды күтіп-ұстау, яғни қардан тазалау, инертті материалдар төсеу жұмыстарына ел бюджетінен 2,2 млрд. теңге бөлінді. Қараша-желтоқсан айларында бұл қаражаттың 295 млн. теңгесін игеру жоспарланған. Бүгінге дейін облыс бойынша 1760 қар тоқтататын қалқан орнатылды. Қыс қарсаңында жолдарда ой-шұңқырларды бітеу, қиыршықтас жамылғысын қалпына келтіру және тағы басқа жұмыстар жүргізілді. Сонымен қатар қар алуы мүмкін 283 учаске анықталып, бақылауға алынды, – деді Болатбек Айтбаев.
Республикалық маңыздағы автомобиль жолдарын күтіп ұстаудың 2020-2021 жылдарға арналған жоспарына сәйкес көктайғаққа қарсы материалдарды уақтылы себу және көліктердің қауіпсіз әрі үздіксіз қозғалысын қамтамасыз ету шараларына ерекше назар аударылған. Мақсатты жұмысқа 101 арнайы техника, екі жүзге жуық маман тартылатын болады. Қазіргі уақытта қиылыстарға және қауіп-қатері мол жолдарға көктайғаққа қарсы материалдар себілуде. Филиал биылғы қысқа екі мың тоннаға жуық инертті материал дайындауды жоспарлаған. Бүгіндері оның 1641 тоннасы дайын. Аталмыш жұмыстарға сыпыратын, құм төсегіш және қысқы уақытта жолдарды қардан тазартуға арналған техникалар пайдаланылатын болады. Бұдан бөлек, филиал тағы 7 техниканы жалға алу жөнінде келіссөздер жүргізуде.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жолдарды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Биыл облыс автожолдарын қысқы кезеңге даярлау және күтіп ұстау шараларына 943 млн. теңге бөлінді. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 1,6 есе көп. Жалпы 3900 тонна инертті материал дайындалып, қар борайтын 549 учаске бақылауға алынатын болады. Ендігі кезекте, әкімдердің мақсаты – ауылдардың арасында жол қатынасының үзілуіне жол бермеу. Өңір басшысы әкімдік отырысын қорытындылай келіп, бұл жұмыстардың облыс орталығында да қарқынды жүргізілуі қажеттін ескертті.
– Биыл Петропавлдағы арнайы техника мен мамандардың саны 20 пайызға арттырылды. Бұл облыс орталығының 300 шақырымдық жолын қардан уақытында аршып отыруға мүмкіндік береді. Мердігерлер қар тазалау және төгу кезінде көшеттер, газондар мен бордюрлерге зақым келтірмеулері керек. Сондай-ақ, көшелердегі қарды қала сыртына төгу жұмыстары тек көктемде ғана емес, қыс бойы үзбей жүргізілуі қажет. Сонда ғана сәуір-наурыз айларын қиналмай еңсеретін боламыз, – деген Құмар Іргебайұлы аудан әкімдері мен ведомоство басшыларына нақты міндеттер жүктеді.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp