
“Қыс – 2015” командалық-штабтық оқу-жаттығуының екінші күнін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко мен облыс әкімінің орынбасары Владимир Бубенко ішкі істер департаментінің басқармалары мен бөлімдері басшыларымен кездесуден бастады.
Облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, генерал-майор Берік Біләлов құқықтық тәртіпті сақтау бойынша атқарылып жатқан шараларға қысқаша тоқталды. Тұтастай алғанда, облыс аумағындағы жағдай тұрақты және бақылауда. Жыл басынан бері 8108 қылмыс тіркелді. Қоғамдық орындардағы қылмыс – 16,3, көшедегі қылмыс – 21,5, топтық қылмыс 18,2 пайызға азайды. Қылмыстың ашылуы 16,3 пайызға жақсарып, 88,9 пайызды құрады. Өткен жылдардың 404 қылмысы ашылды, оның 2-еуі – кісі өлтіру, 26-сы – ауыр қылмыс. Бөлімшелерді материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуге ерекше назар аударылуда. Еліміздегі қиын жағдайға қарамастан, өңір басшысы Ерік Сұлтановтың қолдауымен жергілікті бюджеттің қаражатына 45 қызмет автокөлігі мен арнайы техникалар сатып алынды. Сол сияқты, “Динамо” ведомстволық стадионына және басқа нысандарға күрделі жөндеу жүргізілуде. Осы және басқа шаралар ішкі істер органдары алдындағы міндетті абыроймен орындауға және құқықтық тәртіпті өз дәрежесінде сақтауға мүмкіндік береді.
Владимир Божко “Қыс – 2015” республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы Петропавл қаласынан басқарылып отырғандығын, кемінде 6 айға созылатын алдағы маусым құқық қорғау органдарына, төтенше жағдай қызметкерлеріне зор жауапкершілік жүктейтіндігін айта келіп:
– Жергілікті тұрғындар арасында беделімізді көтеру және төтенше жағдайлардың алдын алу үшін білек сыбана еңбек етуіміз керек. Қазіргі кезде қысқы боран мен “тілсіз жау” – өрт біздің жұмысымызды көбейте түседі. Жергілікті тұрғындарды жұмылдырмай, өзекті мәселелерді түбегейлі шеше алмаймыз. Сондықтан олармен жиі кездесіп тұруымыз қажет, – деді.
Владимир Божко Ішкі істер министрінің бұйрығына орай ақпарат-сараптама орталығының бастығы, подполковник Берік Мұқалиевке, анықтау басқармасы бастығының орынбасары, подполковник Самал Құсайыноваға – полковник, Ақжар аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары, майор Жақсылық Жолмағанбетовке, Айыртау аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, майор Әбілғазы Ғабдуллинге, жол-патруль полициясы батальонының командирі, майор Ринат Құсайыновқа, қылмыстық полиция басқармасының аға жедел уәкілі, майор Қайрат Бәкіровке подполковник шенін табыс етті.
Осы күні облыс әкімі Ерік Сұлтанов пен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко “Достық” алаңында сапқа тұрған облыстық шұғыл әрекет ету отрядының қыс кезіндегі жұмысқа әзірлігін тексерді. Аталмыш құрама 153 адамнан және 60 техникадан тұрады. Олардың арасында апаттық-құтқару техникасы ғана емес, жедел медициналық көмек бригадалары да, жылжымалы тамақтандыру қосыны да, қоғамдық тәртіпті сақтау бөлімшелері де бар.
– Кеше біз селекторлық режімде аудан әкімдерінің есептерін тыңдадық. Қызылжар өңірінің дайындық жұмысына біздің ведомство тарапынан айтар сын-ескертпеміз жоқ. Барлық қызметтер өткен жылғыдай жақсы әрекет етеді деген сенімдемін. Бұл күндері өтіп жатқан оқу-жаттығу еліміздің басты байлығы – адам өмірі мен материалдық құндылықтарды сақтауды мақсат етеді, – деді Владимир Карпович БАҚ өкілдеріне берген қысқаша сұхбатында.
Ерік Сұлтанов өз кезегінде қысқы маусымға 292 техника әзірленгенін, олардың 22-сі биыл сатып алынғанын, жылыту маусымы дер кезінде басталғанын, жылыту жүйелеріндегі тозуды азайту үшін қомақты қаржы салынып жатқандығын, төрт жылда оларды 65-67 пайызға дейін қысқарту бағдарламасы жасалғанын атап айтты.
Осы күні Омбы айналма жолы бойында, нақтырақ айтқанда, “Шығыс” шағынауданында “қар басып қалған жолда тұрып қалған” көліктер мен адамдарды құтқаруға арналған оқу-жаттығу өтті. Оған жол және көпір, көлік, “Жедел жәрдем”, ақпарат қызметтерінің 9 техникасы, жол қозғалысын қамтамасыз ету тобының 2 экипажы мен 23 адам қатысты. Барлық қызметтер жедел қимылдай отырып, “қар басып қалған” учаскені тез арада тазартып, батқан көліктерді сүйреп шығарды, “зардап шеккендерге” шұғыл көмек көрсетті. Сөйтіп, олар өздеріне жүктелген міндетті жоғары деңгейде атқарып шықты.
Кеше Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко мен облыс әкімінің орынбасары Владимир Бубенко оқу-жаттығу аясындағы жұмыс сапарын Петропавл Әскери институтынан бастады. Вице-министр аулада сапқа тұрған курсанттар мен жеке құрамның әзірлігін байқап, жоғары оқу орнының материалдық-техникалық базасымен танысты.
Петропавл Әскери институтының бастығы, полковник Жұмабек Ахметов оқу орнының жалпы аумағы 98,4 гектар аумақты, оның ішінде оқу орталығы – 61, оқ ату мен тактикалық алаң 32,6 гектар жерді алып жатқандығын мәлімдеді. Биыл 15-ші рет түлектеріне жолдама берген институт осы жылдар ішінде 2735 офицер даярлады. Институтта келісім бойынша қырғыз және тәжік азаматтары да әскери білім алуда. Биыл оқу орны алғаш рет мемлекеттік тілде әскери маман әзірлеуге кірісті. Соған орай курсанттардың 40 пайызы қазақ тілінде оқытылады. Осыларды айта келе, Жұмабек Хаттиоллаұлы заман ағымына байланысты институтқа жеке оқу корпусының, офицерлерге арналған тұрғын үйдің, сонымен бірге спорт кешенінің қажеттігін алға тартты.
Осы күні Жұмысшы кентіндегі Оңтүстік-Орал темір жол бөлімшесіне қарасты учаскеде темір жолдағы “апатты”, “Береке” шағынауданындағы құрылыста тұрғын үйден шыққан “өртті” ауыздықтауға, “Петропавл жылу желілері” ЖШС-де орын алған “ақауды” жоюға арналған оқу-жаттығулар назарға ұсынылды. Барлық учаскеде де құтқарушылар мен өртсөндірушілер ширақ қимылдап, төтенше жағдайларға сақадай сай екендіктерін танытты.
Түс ауа облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментте республикалық және жергілікті атқарушы органдардың, Ішкі істер министрлігіне қарасты ведомстволар мен ұйымдардың төтенше жағдайлар жөніндегі комиссиялары төрағаларының есептері тыңдалып, “Қыс – 2015” республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуына қорытынды жасалды.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.