«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰБЫРЛАРДЫ “ҚҰНДАҚТАҒАН” ҚАЙСАР ҚЫЗ

Алдына мақсат қойып, соған ұмтыла білген еңбекқор жандардың бірі – Раушан Күшікова. Темірдің де тілін тауып, сапалы жұмыс істеудің амал-тәсілін бір адамдай меңгеріп алған білікті маман “Петропавл жылу желілері” ЖШС оқшаулаушылар бригадасының шебері болып жұмыс істейді.

Раушан 2008 жылы ата-анасымен бірге Тораңғыл ауылынан қалаға көшіп келеді. Қолынан келгенше еңбек етіп, үйіндегілерге көмектесуді мақсат еткен Раушан бір жұмыспен шектеліп қалмай, өзіне қосымша қаражат көзін іздейді. Қызының мұндай құлшынысын байқаған әкесі оған маусымдық жұмыстарға орналасуға ақыл қосады. Сөйтіп, Раушан “Петропавл жылу желілері” ЖШС-інде бояушының көмекшісі ретінде жұмысқа алынады. Арада өткен екі ай ішінде басшылық жаңа қызметкердің жұмысқа деген ынта-талабын аңғарып, еңбек туралы келісімшартты ұзартады. Іскерлігін көрсете білген маман біраз уақыттан кейін оқшаулаушылар бригадасына сұранып, еңбек жолын сол жерде жалғастырады. Құбырлармен жұмыс істеудің қыр-сырын жақсы меңгеріп алған Раушан еңбегі арқасында топ жарып, кәсіпорындағы оқшаулаушылар бригадасының бригадирі болып тағы бір сатыға жоғарылайды. Раушан темірмен жұмыс істегенде ер адамдардан кем түспейді. Ол құбырларды оқшаулау ісін бастан-аяқ өзі бақылап, жұмыстың сапалы атқарылуына қолдан келгенше аянбай үлес қосады. Әйел басшыға қол астындағы ер-азаматтар ерекше сыйластықпен қарайды. Қайсар мінезді қыздың күш-жігеріне, ұмтылысына, еңбекке деген ептілігіне қарап, оны мақтан тұтады.  

Бүгінде Раушан басқаратын ұйымшыл ұжымда алты оқшаулаушы және басқа да көптеген жұмысшылар еңбек етеді.

2014 жылдың қаңтарында Раушанды бригада шебері лауазымына көтергеннен кейін оған оқшаулау жұмыстарынан бөлек зақымданған жылу трассаларында жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру да жүктелді. Қызметі жоғарылағаннан кейін Раушанның мойнындағы жауапкершіліктің де артқаны сөзсіз. Алайда, шеберлігі жылдармен шыңдалған Раушан оған ешбір қиналмайды. Керісінше, өзіне жүктелген жұмысты абыроймен атқаруға күш-жігерін салып, қыстың сарышұнақ суығында да, күздің ызғар желінде де, аптап ыстықта да еңбек етуден ешбір аянбайды.

– Үнемі далада, желдің өтінде жұмыс істеу әйел адамға оңай шаруа емес. Қатты тоңып, я болмаса, жауыннан малмандай су болған кездер де бастан өтеді. Бірақ оған мән бермеуге тырысамын. Өзімнің таңдаған жұмысым осындай болған соң баршамен бірдей темір тәртіпке көніп, еңбегімізді дұрыс істеуге ұмтыламыз. Бұл – біздің бригаданың алдына қойған ортақ мақсаты,– дейді ол.

Өндіріс талабы қатаң болғандықтан, Раушан кейде жұмыс барысында қарамағындағыларға ер мінез танытуға тура келетінін де мойындайды. Қызметкерлер болса, Раушанды тыңдап, жұмысты шебер ұйымдастыра алғаны үшін оған құрметпен қарап, қолдауға тырысады.

Қазір Раушан – Петропавл темір жол колледжінде “Жылу технигі” мамандығы бойынша білім алуда, 2-курс студенті. Айта кету керек, оның білім алуына қолдау көрсеткен де өзі жұмыс істейтін кәсіпорын басшылығы.

Раушан ерлермен етене еңбек етіп, күн-ұзағына құбырларды жөндеумен арпалысса да, сырт көзге сыр бермей, үнемі жинақы, тартымды болып жүруге тырысады. Шыны керек, зілдей ауыр темір құбырларды оқшаулаушы деген кезде көз алдымызға бірінші кезекте ірі денелі, беті-қолын жел, суық, күн қарыған адам елестейді. Алайда, сүйріктей саусақтарымен өзінің бойынан да ұзын қара темір құбырларды сәбиіндей “құндақтап” жүрген сүп-сүйкімді қазақ қызын көргенде бұл ойымыздың қате екеніне көзіміз жетті. Және соған қуандық та. Қол-аяғы балғадай талай жігіттер “жұмыс жоқ” деп сылтауратып жүргенде қайсарлықты қанат етіп, темірдің тілін тауып, ұжым ортасында ерекше ілтипатқа бөленіп жүрген осындай қазақ қыздарын қалайша мақтан тұтпасқа?!

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp