«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰЖАТ РӘСІМДЕУДІҢ ҚОЛАЙЛЫ ЖОЛЫ

Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен кезекті баспасөз мәслихатында Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Мереке Мұхамедияров карантин жағдайында мүгедектікті белгілеу, еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін анықтау және қажетті әлеуметтік қорғау шараларын айқындау тәртібі жайында әңгімеледі.

Еліміз бойынша төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты аталған қызмет түрлері қашықтан жүзеге асырылуда. Яғни, шектеу шаралары аяқталғанға дейін өңір тұрғындарына мүгедектікті белгілеу үшін медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдеріне барудың қажеті жоқ. Мереке Тілеужанұлының айтуынша, мұндай қызмет түрі “Электронды үкімет” порталы арқылы көрсетілуде. Сондай-ақ, еңбекке жарамсыздық дәрежесін анықтау үшін азаматтар үйден шықпай-ақ интернеттің көмегімен құжаттарын ресімдей алады.

Осы күнге дейін медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдеріне онлайн түрде келіп түскен 57 өтініш бойынша мүгедектік тағайындалды. Енгізілген өзгерістерге байланысты мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мүгедектік мерзімі төтенше жағдай режімі аяқталған соң да автоматты түрде ұзартылатын болады. Оларға департаментке қайта келіп, құжат ресімдеудің қажеті жоқ, – деді Мереке Мұхамедияров.

Сондай-ақ, ол Мемлекет басшысының зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақылар көлемін он пайызға арттыру жөніндегі тапсырмасының орындалу барысына да тоқталып өтті. Зейнетақы мен жәрдемақылар көлемі биылғы жылы екі кезеңде көбейтілетін болады. 1 қаңтарда жылдық индексикациялау негізінде аталмыш төлемдердің мөлшері – бес, бұған қоса жас ерекшелігіне байланысты зейнетақы көлемі 7 пайызға артты. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай 1 сәуірден бастап қосымша индексикациялауға байланысты олардың мөлшері тағы бес пайызға өсетін болады. Сөйтіп, зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақылар – 10, ал жас ерекшелігіне және еңбек өтіліне орай төлем мөлшері 12 пайызға артады. Департамент басшысының айтуынша, үстіміздегі жылдың 28 сәуіріне дейін облысымыздың 135 мың тұрғынының зейнетақысы мен жәрдемақысы өседі.

Департамент басшысының медициналық-әлеуметтік сараптама мәселелері жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы Сәлима Алпысова мүгедектікті сырттай белгілеу тәртібін егжей-тегжейлі түсіндірді. Байқағанымыздай, департамент қызметкерлері үшін онлайн режімде жұмыс істеу аса қиындық туындатпайтын сыңайлы. Өйткені, департаментте бірнеше жылдан бері құжаттарды сырттай қабылдау қызметін реттейтін қанатқақты жоба жүзеге асырылып келген.

Электронды куәландыру қызметін алу үшін, ең алдымен электронды цифрлық қолтаңба қажет. Бұдан соң электронды өтініш жолдап, онлайн қызметке тапсырыс беруге болады. Мүгедектігін растағысы келетін азаматтар өз аты-жөнін, мекенжайын және тағы да басқа жеке мәліметтерін еш қатесіз толтырғаны жөн. Бұлай болмаған жағдайда құжат ресімдеу жұмысы кешіктірілуі мүмкін, – деді ол.

Төтенше жағдайға байланысты және коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында аталмыш департамент қағаз түрінде көрсетілетін өзге де қызметтерін онлайн режімде ұсынуда. Осындай тәртіпте мемлекеттік қызметтерді алуға өтініш білдіргендердің веб-порталдағы әр қадамы орталықтандырылған мәліметтер базасында тіркеледі.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp