«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚҰЛАННЫҢ” ҚҰТТЫ ҚАДАМЫ

Қазіргі таңда мемлекетіміз түрлі бағдарламалар арқылы мал шаруашылығын дамытуға кең жол ашып отыр. Біздің өңірде де «Құланнан» құт тауып жатқандар жетерлік.

Соңғы жылдарда біздің облыста “Құлан” бағдарламасының табысты жүзеге асырылып жатқанын, соның нәтижесінде жылқы шаруашылығы ерекше қарқын ала түскендігін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы және асылдандыру ісі бөлімінің басшысы Александр Макеев айтып берген еді. Аталмыш бағдарлама аясында 2015 жылы 538 735 мың теңге несие бөлініп, 1736 бас жылқы сатып алынған. Александр Макеевтің сөзіне қарағанда, “Құлан” бағдарламасы бойынша өткен жылға бөлінген қаржы толығымен игеріліп, жоспар артығымен орындалды. Біздің облыста жылқының жалпы саны 108 мыңның үстіне шықты. Оның 23 мыңнан астамы – агроқұрылымдар меншігінде. 2014 жылы бұл көрсеткіш 104 мың болғанын да айта кеткеніміз жөн.

– Байқалып отырған бір жай, – дейді А.Макеев, – әр аудан белгілі бір бағытты ұстануда. Мәселен, қазіргі таңда Петропавл қаласы мен Тайынша, Уәлиханов аудандарында Орлов, орыс желісті, Қостанай тұқымды, таза қанды мініс жылқылары бар. Ал мұғалжар тұқымы Тайынша ауданында өсірілуде. Қызылжар ауданында «Щеглов» шаруа қожалығы жабы тұқымды сауын жылқыларын ұстайды.  

Мағжан Жұмабаев ауданының Полудин ауылдық округіндегі “Қалиева” шаруа қожалығының басшысы Күләш Есләмбекқызы да жылқы шаруашылығын дамытуды қолға алған. Қазір ол 4 миллион 500 мың теңге несие алып, шаруасын дөңгелетуде.

– “Құлан” бағдарламасы туралы естіп, білген соң жұбайым екеуіміз жылқы өсірсек деген ойымызды жүзеге асыруға кірістік. Өйткені, қазақ үшін жылқы малының орны ерекше. Кезінде әке-шешеміз де жылқы ұстаған болатын. Үкіметтен алған 4 миллион теңгеге 12 жас бие мен 500 мың теңгеге Қызылжар ауданынан жабы тұқымды айғыр сатып алдық. Төрт түліктің төресін өсіру үшін жайылым да, жемазықтық дақылдар да жеткілікті. Жем-шөп дайындауда техникадан ешқандай қиындық көрмейміз, – дейді Күләш Есләмбекқызы.

Шал ақын ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Болат Раисовті сөзге тартқанымызда, ол “Құлан” бағдарламасының арқасында ауданда жылқы санының едәуір өскенін айтты. Мәселен, шалақындық шаруа қожалықтары 2015 жылы 23 миллион 500 мың теңгеге 69 бас жылқы сатып алған.

Табыс көзі ретінде жылқыны өсіру бар да оның өнімін ұқсату өз алдына бөлек әңгіме. Біз әңгімеге тартқан сала мамандары бұл ретте бірқатар қиындықтар да кездесіп отырғанын тілге тиек еткен. Мәселен, Ақжар ауданына қарасты “Талпын Агро” шаруа қожалығының басшысы Төлеубай Молдахметұлы Көкшетау, Астана, Петропавл қалаларындағы базарларға ет шығару оңай емес екенін айтты. Содан да олар малдарын алыпсатарларға өткізуге мәжбүр болып жүр. Қазіргі таңда олар жабы тұқымды 1200 бас жылқының өрісін тауып отыр. Облыс әкімінің қолдауымен шаруашылыққа 3500 гектар жер бөлінген. Оның 500 гектары шабындық жер. Ал өткен жылы қожалық 120 бас тай сатқан. Жылқының қымызынан да мол пайда табуға болады. Жыл ішінде 10 биеден 6 мың тонна сүт өндірілуі – осының дәлелі. Бұл қожалықтың жылқы шаруашылығымен айналысқанына 15 жыл.

Шал ақын ауданының Жаңаталап ауылында тұратын “Айнар” шаруа қожалығының басшысы Жұмаш Хамзин жылқыны табыс көзіне айналдыру үшін алдымен жайылым мәселесін шешіп, жемазықтық дақылдардан ешқандай қиындық болмауы керек екенін айтады. Әсіресе, қыста су жағынан тапшылық болмауы тиіс.

Жұмаш Сәдуақасұлының айтуынша, жылқы бағудың қиындығы өте көп. Содан да қазіргі таңда екінің бірі оған келісім бермейді. Бірі бұл жұмысты қиын көрсе, кейбіреулері жылқы бағудың әдіс-тәсілін білмейді. Күн-түн демей, қысы-жазы, аптап ыстық пен суықта, жауын-шашынға, қарлы боранға қарамай далада жүретін жылқышылардың еңбегінің лайықты бағаланбайтыны да ойланарлық жай.

Жылқыға қатысты әңгіме қозғағанда ат спортына соқпай кете алмаймыз. Осы орайда Айыртау ауданына қарасты Қарақамыс ауылының тұрғыны Алтынбек Бегенбаевтың әңгімесіне құлақ түрелік.

– Мен 1992 жылдан бері ауыл жылқысын бағамын. Оның алдында әкем Алпыс, ағам Абай бақты. Менің қасымда қазір Ақан, Азамат сияқты інілерім бар. Ауыл табынында 450 қазақы жылқы бағылады. Қысы-жазы, күні-түні жылқы малының соңында жүреміз. 1993 жылдан бастап Шабдар дейтін жүйрікті жарысқа қостым. Кейін көптеген сәйгүліктерім болды. Республикамыздың шығысы мен батысына, оңтүстігіне жолым түспесе де, теріскей төңірегінде болатын атжарыстарына қатыспаған күнім болған жоқ. Қазіргі таңда жүйріктерді жарысқа ұлым Рахат баптайды. Ат спортында жеткіншектерді тәрбиелеу мәселесі мықтап қолға алынса екен, – дейді Алтынбек Алпысұлы.

2008 жылы Бескөл ауылында ат спорты түрлерінен облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ашылған болатын. Бүгінде Ақжар, Айыртау, Уәлиханов, Тайынша аудандарындағы филиалдарды қосқанда спорт мектебінде 136 бала тәлім-тәрбие алуда. Меншіктерінде 12 ат бар. Ұлттық ат спорты түрлерінен аударыспақ, көкпар, теңге алу, жамбы ату, қыз қуу, бәйгеден жаттықтырушылар сабақ береді. Нәтиже де жаман емес. Алайда, ашылғанына жеті жылға жуық уақыт өтсе де, ат спорты түрлерінен облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі әлі күнге дейін біреудің ғимаратын жалға алып отыр. Ат жеткілікті болса да, өздерінікі деген атқора жоқ. Қынжыларлығы, міне, осы.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp