«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰЛАШЫН КЕҢ ЖАЙҒАН КӘСІПОРЫН

Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы жылдары көптеген қиындықты еңсерді. Елдегі дағдарыс зауыттар мен фабрикалардың жұмысын тежеп, өндіріс тоқырап қалды. Бұл халық тұтынатын тауарлардың сырттан тасылып, алыпсатарлықтың табыс көзіне айналған кезі болатын. Мұндай үдеріс қазақстандық бизнес ортаның қалыптасуына септігін де тигізді. Нарықтық экономиканың талаптарын меңгеріп, заманның ағынымен жүзуді үйренген кейбір делдал компаниялар бүгінде іргелі өндіріс орнына айналды. Солардың қатарында қызылжарлық “Радуга” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де бар.

 

Бизнесті дистрибьютерлік қызметтен бастаған “Радуга” ЖШС-і – бүгінде өңірімізге танымал компания. Серіктестіктің іргетасы 2004 жылы қаланған. Оның негізін салған Анатолий Шарапаев отбасының табысын қалыптастыру үшін ұлдарымен бірге шетелдерден ағаш және темір бұйымдарға арналған бояулар тасып, сатумен айналысқан. Нарықтағы бәсекелестік, тұтынушылардың сұранысы табыс табуға деген қызығушылығы бар адамның жұмысын ширата түсері анық. Әкесінің ісін жалғастырған екі ұл да жылдан-жылға бизнесті кеңейтіп келеді. Бүгінде “Радуга” серіктестігін Дмитрий Шарапаев басқарады, ал Петр Анатольевич халықтың сенімін арқалап Мәжіліс депутаты болып сайланды. Қызылжарлық кәсіпорын Қазақстанның 11 өңірінде филиалын ашты. Ел экономикасына қосқан үлесін 1500 адамды жұмыспен қамтып отырғандығынан-ақ аңғаруға болады.

Серіктестік дистрибьютерлік қызметті жалғастыра отырып, өңдеуші кәсіпорын ретінде қалыптасып келеді. Сауданың 30 пайызын өз тауарлары құрайды. Кәсіпкерлер бизнесті әртараптандыру арқылы табысты арттыруға, экономикалық дағдарысты еңсеруге болатынына көз жеткізіп, бүгінге дейін бірнеше өндіріс цехын іске қосты.

“Радуга” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі былтыр “Үдемелі индустриялық-иннновациялық даму” мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында тәтті таңертеңгілік құрғақ ас дайындайтын жаңа цехты іске қосты. Жобалық құны 147,7 миллион теңгені құрайтын өндіріс орнын жалпыұлттық телекөпір арқылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі ашты. Сол сәтте зауыттың өндіріс жөніндегі директоры Ботакөз Құлданова кәсіпорынның бағытын баяндап, цехты ашуға рұқсат сұрағанда Елбасы: “Өте үлкен қуанышпен іске қосамыз. Елімізде теңдесі жоқ жаңа өнім құтты болсын!” – деген еді. Жаңа өндірісте құрғақ таңғы ас пен түрлі қауыздар шығару жобасын игеріп, өнімнің 25 түрін өндіруді қолға алған. Бір жылдың ішінде кәсіпорын қазақстандық нарық сұранысын қамтамасыз етіп, тауарды экспорттауға қатысты мәселелерді пысықтап алды. Зауыттың бүгінгі өнімділігі жылына 430 тонна. Тауар Қазақстан мен Ресей нарығына шығарылады.

Кәсіпорын осыдан 5-6 жыл бұрын пластмассадан тұрмыстық бұйымдар жасау жобасын қолға алған еді. Одан кейін шекілдеуік өндірісі жаңғыртылды. 2014 жылдан бастап полиэтилен қапшықтар жасалып, нарықтағы сұраныс қанағаттандырылды. 2015 жылы Бескөл ауылында қайта өңдеу цехын іске қосып, пластик бұйымдарды жасайтын шикізатты өздері өндіруге қол жеткізді. Бүгінде серіктестіктің өндіріс цехтарында 400-ге жуық адам жұмыс істейді. Өткен жылы кәсіпорын 10 миллиард теңгенің тауарын сатқан, биылғы жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 50 пайызға арттыру көзделуде.

– Соңғы жылдары Үкіметтің қолдауымен біздің ісіміз өрге басып, алға қойған мақсаттарымызға қол жеткізудеміз. Индустрияландыру картасы бойынша жаңа цех аштық, өндірістің құрал-жабдықтарын жаңғырту үшін екінші деңгейдегі банктерден алған несиелеріміздің барлығына “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша демеуқаржылық көмек көрсетіліп, қарыз салмағы жеңілдеді. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаулардың арқасында біз Қазақстанға ғана емес, Ресейге танымал компанияға айналдық, – дейді кәсіпорын директоры Дмитрий Шарапаев.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp