Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Возвышенка ауылында тұратын Зинет Байжанованың есімі жерлестері арасында құрметпен аталады.
Зинет Сәрсембекқызы жас кезінде өте алғыр, ізденімпаз болған. Соған қарамастан ол еңбекке араласуды жөн көріп, жастай сауыншылар қатарына қосылды.
– Ол кезде сиырды қолмен сауамыз. Әрбіреуімізге 20-25 бас сиырдан бекітілген. Оңай болған жоқ, әрине, бірақ жас болған соң ондай қиындықтарға мән бермейді екенсің. Басты мақсат – берілген тапсырманы орындау керек болды, – дейді еңбекпен шыңдалған қария.
Таңғы сағат алтыдан тұрып, фермаға барып, қолмен сиыр сауып жүрсе де, бір шаршап-шалдығып көрмеген Зинет Сәрсембекқызы етінің тірлігінің арқасында еңбекте біраз жетістіктерге қол жеткізді. Сөйтіп, үшінші дәрежелі Еңбек Даңқы орденімен марапатталды. Ол кезде Зинет Сәрсембекқызы небәрі 25 жаста ғана болатын.
Жұбайы Сейілхан Мұтпайұлы да – еңбекпен шыңдалған адамдардың бірі. Отағасы 33 жыл жүргізуші болып істеген. Еңбегімен шыңдалып, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған абзал жандар қашанда құрмет пен қошеметке лайық.
Сағыныш ӘДІЛХАНОВА.
Ғ.Мүсірепов атындағы аудан.