Облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында өңірде тұрғызылып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы, ауызсу тарту, тыңайтқыштарға демеу-қаржы бөлу және тағы басқа мәселелер талқыланды.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Сергей Мелехов облысымызда спортты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
– Бүгінде өңірде 176 мыңнан астам адам спортпен шұғылданады. Бұл – өңір тұрғындарының 32 пайызы. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда көрсеткіш 3,1 мың адамға артқан. Жалпы, 2870 спорттық ғимарат болса, оның 80 пайызы ауылдық жерде орналасқан. Былтыр олардың саны 21 нысанға көбейді. Өткен жылдармен салыстырғанда спортқа бет бұрған оқушылар саны әлдеқайда өскен. Оның бір себебі – аудан орталықтарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің ашылуы. Бүгінде Саумалкөл, Смирново, Явленка, Новоишимка ауылдарында және Тайынша, Сергеевка қалаларында спорттық нысандардың құрылысы жүргізілуде. Бұл мақсатқа ел бюджетінен 2,4 млрд. теңге бөлінді, – деді басқарма басшысы.
Бұдан бөлек, 422 млн. теңгеге 12 спорт нысанына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, “Қарасай” стадионының жанында спорттық эко-саяжай тұрғызылса, “Жастар” стадионында жасанды жамылғыны алмастыру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінге дейін аудандарда 112 спорттық ойын алаңдары пайдалануға берілген болатын. Жыл соңына дейін жасанды жамылғысы бар 47 шағын футбол алаңы және 43 көше тренажері пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Алайда, қоғамдық кеңес мүшелері бұл жұмыстардың уақытында жүзеге асырылатына күмәнмен қарайды. Себебі, бірқатар мердігерлер уақыттың тығыздығына қарамастан, құрылыс жұмыстарын сылбыр жүргізуде. Жоспарлы жұмысты тек 20-50 пайызға орындаған серіктестіктер бар. Бұған қоғамдық кеңес мүшелері құрылыс басына тексеріспен барған кезде көз жеткізген.
Облыстық құрылысшылар қауымдастығының төрағасы Валерий Дорошенконың айтуынша, кейбір мердігерлердің жауапкершілігі төмен. Сапа мәселесін белінен басқандар да жетерлік.
– Мамлютка қаласындағы және Новоишимка ауылындағы жабық хоккей корты, Сергеевка мен Явленкадағы дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы баяу жүргізілуде. Мәселен, жабық хоккей корттарының құрылысы тек 10-20 пайызға орындалса, Пресновкадағы спорт кешенінің құрылысы әлі басталмағаны анықталды. Әсіресе, Есіл ауданындағы кешеннің құрылысына жауапты “ПетроСтрой-Люкс” ЖШС-іне сұрағымыз көп. Мердігер нысанның іргетасын қалаудан әрі аса алмай отыр. Нысан желтоқсан айының соңына дейін тапсырылуы тиіс. Алайда, құрылыс алаңында 4-5 жұмысшы ғана жүр. Сапа мәселесіне көңіл бөлінбеуде, – деді Валерий Иванович.
Мониторинг барысында кеңес мүшелері мердігерге келісімшартты бұзып, жобадан бас тартуды немесе құрылысқа жергілікті зауыттарда шығарылатын темір бағандар мен құбырларды пайдалануды ұсынған. Алайда, бұл ұсыныстардан бас тартқан “ПетроСтрой-Люкс” ЖШС-нің басшылығы нысанды уақытында пайдалануға беретініне сенімді көрінеді.
Кеңес мүшелері қазіргі уақытта пайдалануға берілген жаңа әлеуметтік нысандардың және тұрғын үйлердің кепілдемелік уақыты өтпей жатып, шатыры ұшып, қабырғалары сөгіліп жатқаны БАҚ-та жазылып жатқанын еске салды. Себебі, нысандарды жауапты органдар тарапынан бақылау тетіктерінің басым бөлігі алынып тасталды. Құрылыс барысын артық тексеруге болмайды. Валерий Дорошенко нысанды қабылдау комиссиясының құрамында қоғамдық кеңес өкілдерінің немесе бұл саланы жетік білетін мамандардың жоқтығына, сапа мәселесіне қажетті деңгейде көңіл бөлінбей отырғанына қынжылыс білдірді. Тіпті, жарты жылдың ішінде облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының үш бірдей басшысының бірінен соң бірі парамен ұсталғаны көп жайтты аңғартады. Ақыр соңында құрылыс саласын қадағалайтын облыс әкімінің орынбасары жұмысынан кетуге мәжбүр болғанын білеміз.
Кеңес мүшелері тамыз-қыркүйек айларында Қызылжар ауданындағы Бескөл, Бәйтерек және Подгорное ауылдарында болып, су тораптарының жағдайын тексерген болатын. Владимир Витченконың айтуынша, тексеріс барысында аудан орталығындағы су беретін сорғы стансаларының жұмыс істемейтіні анықталды.
– Тексеріс барысында анықталғандай, Красная Горка – Бескөл тарату желісі бойынша келген ауызсу елді мекеннің ескі құбырларына тікелей берілуде. Яғни, тіршілік нәрі қосымша сүзгілеуден өтпейді. Бәйтерек ауылындағы сорғы стансасының да жағдайы мәз емес. Былтыр бұл ауылда станса іске қосылған болатын. Алайда, ол бүгінгі таңда мақсатты пайдаланылмай отыр. Нысанға жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет, таза суға арналған резервуарлар бос тұр. Стансаның маңайы санитарлық талаптарға жауап бермейді. Подгорное ауылындағы жағдай да осыған ұқсас, – деді мониторинг тобының өкілі.
Кеңес мүшелері Қызылжар ауданының сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшылығына және нысандарға жауапты “Базис-Пром” ЖШС-іне орын алған кемшіліктерді түзеу және сорғы стансаларын іске қосу бойынша ұйғарым жіберу туралы шешім қабылдады.
Отырысты қорытындылаған облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Қайырлы Едіресов облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысына нысандардың сапасына, уақтылы іске қосылуына бақылауды күшейту қажеттігін ескертті. Сондай-ақ, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына сеніп тапсырылған жұмысты сылбыр жүргізген мердігерлермен келісімшартты бұзып, сотқа жүгіну жөнінде ұсыныс берді. Жиында қаралған әр мәселе бойынша аудан әкімдіктеріне ұсынымдар жіберілетін болады.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.