«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫН АРАЛАДЫ

 

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов кеше қаладағы бірнеше әлеуметтік-тұрмыстық нысанды аралап, олардың жұмысымен танысты.

Өңір басшысы ең алдымен халыққа қызмет көрсету орталығында болып, уақытша тіркеу жұмыстарының жайымен танысты. Үстіміздегі жылдың 7 қаңтарынан “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы” Заңы күшіне еніп, оған сәйкес азаматтардың басқа қалада немесе елді мекенде уақытша болу сәтінде міндетті түрде тіркелуі тиіс екені көпшілікке белгілі.

Осыған орай, бүгінгі күнге дейін атқарылған жұмыстардың барысы туралы халыққа қызмет көрсету орталығының директоры Мұхамадияр Исматов пен облыстық көші-қон басқармасының бастығы Еркетай Тұтқышев баяндады. Олардың айтуынша, қазіргі уақытта Петропавлда – екі, ал аудандарда он үш халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Олардың әрқайсысында азаматтарды қабылдау үшін барлық жағдай жасалған, түскі үзіліссіз сағат 8-ден 20-ға дейін уақытша жұмыс кестесі белгіленген.

Азаматтар кезек күтіп қалмауы үшін көші-қон полициясы қызметкерлеріне қосымша жұмыс орындары бөлінді, азаматтарды тіркеу үшін құжаттар пакетін жасақтауға кеңес беріледі. Жалпы алғанда, жыл басынан бері облыс бойынша 7 мыңға жуық адам тіркеуден өткен. Тұрғындар тарапынан дүрлігу, түсінбеушілік байқалмайды, халыққа қызмет көрсету орталықтары мен көші-қон полициясының қызметкерлері қалыпты тәртіпте жұмыс істеуде.

Облыс әкімі басшыларға сапаржай мен темір жол вокзалы, Петропавл халықаралық әуежайында да жылжымалы халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысын ұйымдастыруды тапсырды.

Содан кейін өңір басшысы “Батыр” тракторларын шығарумен айналысатын “Петропавл трактор зауыты” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде болып, жұмыс жайымен танысты. Қызылжар өңірінде ресейлік инвесторлармен бірлесіп қолға алынған кәсіпорынның тракторлары былтырғы күзгі орақ науқанына қатысып, сынақтан сәтті өткен болатын. Кәсіпорынның бас директоры Сергей Шинкаренко алдағы уақытта өңірдегі ауыл шаруашылығы техникаларына деген қажеттіліктің үштен бірін өтейтін кәсіпорынның өнімдеріне аграршылар тарапынан сұраныс барын жеткізді. Бүгінде 60 адамды жұмыспен қамтып отырған серіктестік жыл аяғына дейін 20 трактор шығаруды көздеп отыр.

Содан кейін өңір басшысы “Орман” шағынауданындағы тұрғын үйлер құрылысының басында болды. Бұл жерде 2011 жылы 16 бірқабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізіліп, әртүрлі себептерге байланысты жұмыс тоқтап қалған болатын. Бүгінде бюджет қаражатына бұл баспаналардың құрылыс жұмыстарын аяғына дейін жеткізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сарапшы мамандардың айтуынша, құрылыс жұмыстары аяқталмаған тұрғын үйлердің басым бөлігін үстіміздегі жылы пайдалануға беруге болады.

– Аумағы 60-70 шаршы метр болатын 20-ға жуық тұрғын үйдің құрылысын жүргізетін мүмкіндігіміз бар. Нәтижесінде баспаналарды пәтер кезегінде тұрған азаматтарға, оның ішінде мүгедектер мен бюджеттік сала өкілдеріне беріп, өңіріміздегі әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік алатын боламыз. Бұл жерде көлік қатынасы да жақсы, көпке созбай жылу құбырлары мен кәріздік жүйені іске қосу қажет, – деді Ерік Хамзаұлы.

Өңір басшысы ат басын тіреген соңғы нысан – “Солнечный” кентіндегі жеке тұрғын үй құрылысына берілетін жер телімдері болды. Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Қуат Тәжібаевтың айтуынша, биыл кентте жер телімдерін беру бойынша қала тұрғындарынан өтініштер қабылданған. Үлестірілетін жер телімдерінің саны – 2094. Ал жер кезегінде тұрғандардың саны 7 мыңнан асып жығылады.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Виталий ВЛАСЕНКО.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp