Гюлага Илдырымов – облыстық мәслихаттың депутаты, депутаттық өкілеттіктер, азаматтардың құқықтары мен заңдылығы, қоғамдық ұйымдармен және бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі, «Наурыз-2030» ЖШС директоры, «AMANAT» партиясының мүшесі.
Не үшін депутат болдым?
Мен облыстық мәслихаттың алты шақырылымында депутат болдым. Алғаш рет 1999 жылы екінші шақырылымда депутат болып сайландым. Қазіргі мәслихаттағы тәжірибелі депутаттардың бірімін. Алғашқы үш шақырылымда өз-өзімді ұсыну арқылы сайландым. Сол кезде жауапкершілікті қатты сезіндім. Өйткені сайлаушылар партияға емес, менің өзіме тікелей дауыс берді. Бұл адамды жұмыс істеуге итермелейді.
Ол уақытта еліміздің тәуелсіздік алғанына он жыл да толған жоқ. Сондықтан әрқайсымыз елді дамытуға, көркейтуге, халықтың жағдайын жақсартуға өз үлесімізді қосқымыз келді. Мен «Наурыз-2030» ЖШС сынды кәсіпорын құрдым. Новокаменка кеңшары, орман отырғызу учаскесі де менің қарамағымда болды. Маусымдық жұмысшыларды қоспағанда 600-ге жуық адам қарамағымда еңбек етті. Бір сөзбен айтқанда, халықтың әлеуметтік жағдайымен таныс едім. Сондықтан депутат болуға бел будым. Менің ақылшы-ұстаздарым да мықты адамдар еді. Олар – Жақсылық Ысқақов, Құдайберген Қалиев, Владимир Дремасов, Геннадий Зенченко. Осы кісілермен жақсы араластым, ақыл-кеңестеріне құлақ түрдім. Бұл – менің саясатқа жолдан қосылмағанымның дәлелі. Бір сөзбен қиын да, қызықты кезең еді.
Қазіргі сегізінші шақырылымдағы депутаттардың белсенділігі көңілімнен шықты. Себебі түрлі саланың сауатты мамандары жиналған. Олар барлық шараларға қатысып, басы-қасында жүреді.
Сайлаушыларға қандай уәде бердім?
Халыққа ешқандай уәде берген емеспін. Депутаттық тәжірибемде болған мына бір жағдайды баяндап берейін. Облыс орталығындағы көпқабатты үйлердің бірінің ауласында тұрғындармен кездестім. Олар: «Аулада қоқыс шашылып жатыр, шөп өсіп кеткен. Неге аулалар абаттандырылмайды?» – деп шағымдарын айта бастады. Тұрғындарға ауланы өздері таза ұстау керектігін, сырттан келіп ешкім істеп бермейтінін айттым. Әр адам алдымен өзі айналасына жауапкершілікпен қарап, жанашыр болуы керек.
Қазір аудандарды көп аралаймыз, әлеуметтік нысандардың жай-күйін қараймыз. Мәселен, тоқсаныншы жылдары халықты тұрмыстық мәселелер қатты толғандыратын. Осындай жағдай үшінші, төртінші шақырыламдарда да қайталанды. Кейін елдің экономикасы көтеріліп, әлеуметтік жағдай жақсарып, түйінді мәселелер біртіндеп шешіле бастады. Депутаттарға да жұмыс істеу жеңілдеді.
Өңірімізде көптен бері шешілмей жүрген бір мәселе бар. Ол – газ құбырын тарту. Өңірге келген Министрлердің де, Сенаттағы, Мәжілістегі әріптестеріміздің алдында да көтеріп келе жатырмыз. Себебі бұл – өңір тұрғындарының қалауы. Тұрғындардың өтініші аяқсыз қалса, кейін олардың бетіне қалай қараймыз?
Қазіргі таңда өңірде маман тапшы. Жұмысшы кадрлардың тапшылығын 2010 жылдары сезіне бастадық. Ал 2020 жылы карантин кезінде қаншама маманнан айырылып қалдық. Мәселен, мен басқарып отырған серіктестік жылына 4-5 мың тонна өнім алатын. Қазір бұл көрсеткіш 1000-1500 тонна көлемінде. Егер мамандар болса, табысты бұлай қысқартпас едік. Өнімдерімізге сұраныс жоғары. Себебі біз сапалы, экологиялық таза өнім өсіру үшін жұмыс істейміз. Қол еңбегі қажет. Еліміздің оңтүстігінде жұмыс күші жеткілікті. Ал солтүстікте жағдай мүлдем басқаша. Егер елімізде ауыл шаруашылығы дамысын десек, кадр тапшылығы шешімін табуы керек. Солай болған жағдайда біз өзімізді азық-түлікпен қамтып қана қоймай, жарты әлемді асырайтын әлеуетке ие боламыз.
Қай уәдемді орындадым?
Партиялық тізім бойынша сайланған депутаттар ұжымдық жұмыс жүргізеді. Екі жарым жылдың ішінде бірнеше ауданды араладым, кездесулерде айтқан өтініш-тілектердің 50 пайызы орындалды. Халыққа көмектесу деген қалтаңнан ақша алып беру, не болмаса бір жәшік азық-түлік апарып тарату дегенді білдірмейді. Тұрғындардың мүдделерін облыстық мәслихаттың сессияларында қорғау керек. Ауылдарды аралап, жұртпен кездескен адам қандай мәселелерді көтеру керек екенін біледі. Сол мәселені шешу үшін құзырлы органдарға ұсынысын айтып, халықтың өтінішін жеткізіп, қарекет қылады. Мен осы уақытқа дейін құрғақ уәдені жаудырған, сөзі – көп, іс – жоқ талай депутатты көрдім. Құрғақ уәденің түбі жақсылыққа апармайды. Бұл депутаттарға сенімсіздік тудырады, оның қызметіне көлеңкесін түсіреді. Нақты мәселе бойынша ұсыныс айт, жауапты құзырлы органмен тікелей жұмыс істе. Сонда ғана іс өнеді, тұрғындарды толғандырған мәселелер шешіледі. Облысымыз бойынша қаншама ФАП салынды. Олар салтанатты түрде ашылды, ауылдардың тыныс- тіршілігіне қан жүгірердей болды. Бірақ, шын мәнінде, көбі жұмыс істеп жатқан жоқ. Ашылғанына жарты жыл өтсе де есігі әлі күнге дейін жабулы күйі тұр. Осындай мәселелерді айтпасақ, жабулы қазан жабулы күйінде қалады. Бұл Үкіметтің әлеуметтік саясатына да сенімсіздік тудырады.
Халық маған сене ме?
Халықпен кездесуден қорықпау керек. Ол үшін өз ісіңе сенімді болғаның дұрыс, депутаттық міндетіңді адал атқаруың керек. Мәслихат сессиялары болардың алдында тұрақты комиссиялардың отырысы өтіп, қаралатын мәселе егжей-тегжей талқыланады. Сол кезде атқарушы органдардың жобалары, қаржы бөлу жайы талданып, пікірталастар болады. Халықтың мүддесін қорғау міндетіміз болғандықтан, ұсынылған жобаларға өзгерістер енгізуді талап етіп, артылған сенімді ақтау мақсатында адал жұмыс атқарып жатырмыз.
Дайындаған
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
«Soltüstık Qazaqstan».