«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰР ҰРАНДАТУМЕН ЖОЙЫЛМАЙДЫ

Өңір басшысы Ерік Сұлтановтың төрағалығымен өткен сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі облыстық ведомствоаралық комиссияның отырысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі салалық бағдарламаның жүзеге асырылу барысы қаралып, Есіл ауданында атқарылып жатқан шаралар талқыланды.

2011-2015 жылдарға арналған салалық бағдарламаны жүзеге асырудың 64 тармағы болса, олардың 14-і – жергілікті атқарушы органдарға, 20-сы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке бекітілген. Ал 12 тармақ бойынша бірлескен жұмыс өз нәтижесін беруі керек болатын.

Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Шыңғыс Қабдоланың айтуынша, облыс әкімі аппараты берген ақпарат негізінде жергілікті атқарушы органдардың салалық бағдарламаны жүзеге асыру жұмысына талдау жасалып, оның нәтижесінде бағдарлама аясында бекітілген іс-шаралардың тиісті деңгейде орындалмай келгені белгілі болған. Немқұрайдылықтың салдарынан орын алған кемшіліктерді алға тартқан департамент басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын құр ұран-насихатпен ғана шектелмей, нақты әрі тиімді әрекет ету арқылы жүзеге асу керектігін жеткізді.

– Салалық бағдарламаны жүзеге асырудың тиімділігін арттыру үшін жергілікті атқарушы органдардың басшыларынан жауапты адамдарды бекіту қажет. Сондай-ақ, мемлекеттік және құқық қорғау органдарымен бірлесіп, жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың өңірлік жоспарын жасау жұмысын бастауды ұсынамын, – деді Шыңғыс Қабдола.

Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша Есіл ауданында атқарылған шаралар жайын аудан әкімі Мұратбек Әбішев баяндады. Былтыр ауданда сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығына жол берудің екі фактісі тіркелген. Биылғы жылдың өзінде заңды белден басқан екі адам жауапкершілікке тартылса, тағы екеуінің ісі қаралуда. Осындай мәліметтерді алға тартқан облыс прокуроры Степан Зайтлер мұндайда сыбайлас жемқорлықтың орын алу себептеріне қатысты талдау жасап, нәтижесі болар нақты жұмыстарға баса назар аудару керектігін айтты.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

 “Солтүстік Қазақстан”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp