«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰС ТҰМАУЫ АДАМНАН АДАМҒА ЖҰҚПАЙДЫ

Соңғы күндері өңірімізде құс тұмауының таралуы тұрғындар арасында үрей туғызуда. Қоғамда, әсіресе, әлеуметтік желілер арқылы негізсіз қауесеттер тарап, ауру туралы шындыққа жанаспайтын ақпараттар қаптап кетті. Сондықтан маман ретінде құс тұмауының неден және қалай пайда болатынын егжей-тегжейлі айтып өтуді жөн санап отырмын.

Құс тұмауы – А типті тұмау вирусы штамдарының бірімен байланысты құс­тар мен адамдардың арасында тарайтын жіті вирусты инфекция. Бұл инфекция, әсіресе, құстар арасында жиі кездеседі. Көбінесе, өзге құрлықтардан ұшып келетін қанаттылар ауруды тауықтарға, күркетауықтарға, суда жүзетін қаздар мен үйректерге жұқтырады. Ал адам құс тұмауы вирусына шалдығуда соңғы буын болып табылады. Қуанышқа орай, осы күнге дейін бұл вирусты адамнан адамға жұқтыру фактісі бірде-бір рет тіркелген жоқ.

Ауру қоздырғышының негізгі көзі жабайы құстар болғандықтан, тұмау кез келген жерде тіркелуі мүмкін. Оның адамға ауырған үй құстары арқылы жұғу мүмкіндігі жоғары. Мәселен, термиялық өңдеуден өтпеген құс етін, одан жасалған өнімдерді тұтынған кезде аурудың адамға берілу қаупі күрт ұлғая түседі. Сондықтан құс еті мен жұмыртқаларды тазарту және зарарсыздандыру керек. Бұл жұмысты жүргізген адам да сақтық шараларын мұқият орындағаны жөн.

Құс етін қалыпты температурада, яғни 70 градус ыстықта пісірген кезде оның барлық бөліктеріндегі вирус жойылады. Тұтынушылар тағамды дайындау уақытын сақтағаны дұрыс. Оның толығымен піскеніне көз жеткізгеннен кейін ғана жеуге жарамды. Сол сияқты жұмыртқалар да дұрыс әзірленгені тиіс, яғни оның сарысы сұйық болмауы керек. Әзірге өңірімізде құс тұмауы вирусын пісірілген, қуырылған құс еті­нен немесе жұмыртқадан жұқтыру, сондай-ақ, құс тұмауы вирусының адамнан адамға берілу фактісі тіркелген жоқ.

Инфекция жұқтырған сәт пен оның алғашқы белгілерінің пайда болу мерзімі үш күнді құрайды. Адамдарда бұл аурудың симптомдары кәдімгі тұмауға ұқсас келеді: дене қызуы көтеріліп, адам қалтырай береді. Бұлшық еті ауырсынып, жөтел қыса­ды. Тамақ қызарып, кейде конъюнктивит пайда болады. Кейін науқастың өкпе-жүрек бөлігі ауырып, өкпенің ісінуі және геморрагиялық пневмония белгілері байқалуы мүмкін. Сонымен қатар тамырлар жұмысының бұзылуы, іштің өтуі, құсу және мидың ісінуі орын алуы ықтимал. Құс тұ­мауын жұқтырған адамдар кәдімгі тұмау кезін­дегідей ем қабылдайды.

Аталмыш аурудың алдын алу үшін үй құстарының жабайы құстармен қатынасын болдырмауға тырысқан жөн. Эпидемия кезінде қанаттыларды қамауда ұстаған дұрыс. Ал құс өсіретін шаруашылықтар тұмау бойынша қолайлы деп танылған аймақтардан ғана құс алғаны құба-құп. Жаңа түскен құстарды он тәулікке оқшаулап, жағдайын бақылауда ұстау керек. Ауру белгілері немесе құс өлімі тіркелсе, тез арада мемлекеттік ветеринарлық қызметке хабарласқан жөн. Үй құстарына арналған қоралар ауру тарала бастаған сәттен санитариялық талаптарға көшуі тиіс. Әрдайым тазалық шараларын жасап, зарарсыздандыру жиі-жиі жүргізілсе, аурудан құтылуға болады. Ал құстарды бағатын қызметкерлер арнайы киіммен және аяқкиімдермен қамтамасыз етілген жағдайда аурудың адамға таралу қаупі төмендейді. Бұл орайда дезинфекциялық шаралардың тиімділігі жоғары.

Құстарды қоректендіруге тек сапалы және қауіпсіз жемдерді қолдану керек. Қорекке синантропты құстардың, яғни торғайлар мен көгершіндердің қонуына мүлде жол бермеу қажет. Құс тұмауы эпизоотиясы тіркелген аумақтарда құс еті мен жұмыртқаларды рұқсат етілмеген орындарда сату заңға қайшы. Сондай-ақ, суда жүзетін құстардың да жұмыртқасын қолдануға және сатуға тыйым салынады. Ауызсу ретінде тек бөтелкеге құйылған немесе қайнаған суды тұтыну қажет. Қолды жиі жуу, бетперде кию, бір реттік майлықтарды жиі пайдаланған да артық етпейді. Тұмауды, соның ішінде құс тұмауын жұқтырмау үшін маусымдық вакцинациядан өту аса маңызды. Аурудың алғашқы белгілері пайда болған жағдайда дереу дәрігердің көмегіне жүгініп, уақтылы ем алған абзал. Денсаулығыңыз өз қолыңызда екенін естен шығармаңыз!

Юлия ГАЙСИНА,

Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің аса қауіпті инфекцияларды және туберкулезді эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp