Президенттікке үміткер Әбілғазы Құсайыновтың аймақтық штабы сайлаушылармен белсенді жұмыс жүргізуде. Кандидаттың сенімді өкілдері Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында сайлауалды тұғырнаманы түсіндіріп, үгіт-насихат материалдарын үлестіруде.
Шығыс Қазақстан облысында үгіт-насихат материалдарын ілуге арналған 33 жерге 4 мың үнпарақ орналастыру көзделген. Президенттікке үміткер Ә.Құсайыновтың Шығыс Қазақстан облысындағы аймақтық сайлауалды штабының жетекшісі Назгүл Ахметқалиева: “Штаб қызметкерлері ақпараттық-насихаттық материалдарды арнайы белгіленген жерлерге ілуде. Ондай орындар барлық қалаларда, аудан және ауылдық округтерде бар. Штабтағылар материалдарды орналастырып, апта сайын тексеріп отырады. Сондай-ақ, олар жергілікті халықпен кездесулер ұйымдастырады. Кандидатымыздың сайлауалды бағдарламасын үйді-үйлерге барып түсіндіреміз”, – деді.
Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Ә.Құсайыновтың Өскемен қаласындағы сенімді өкілі Марина Тарасенко Өскемен қаласының жұртшылығы сайлау науқанына қатысты азаматтық белсенділік танытып отырғанын атап өтті.
Қостанай облысында аймақтың 30-ға жуық белсенді азаматы күн сайын үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Олар жергілікті халыққа экологиялық қауіпсіздік пен қоршаған ортаны қорғау қағидаларына негізделген кандидаттың сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарын түсіндірумен айналысады.
Кандидаттың Қостанай облысындағы сайлауалды штабының жетекшісі Бауыржан Тибеевтің айтуынша, үгіт жұмыстары облыс орталығын ғана емес, сондай-ақ, аудан орталықтарын да қамтып отыр. Сәйкесінше әр аудан орталығында осы жұмыстарды жүргізетін сенімді өкілдер бар. Үгіт науқаны заңға сәйкес жүргізілуде. Оның ішінде түрлі баспа өнімдерін: плакаттар мен кітапшаларды тарату қарастырылған.
Әбілғазы Құсайыновтың сенімді өкілдері үгіт-насихат жұмыстары еш кедергісіз әрі заң бұзушылықтарсыз жүріп жатқанын жеткізді.
* * *
Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайыновтың Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарындағы сайлау-алды штабының сайлау науқаны бойынша міндеттері айқындалды.
Үгіт-насихат жұмыстары қызу жүргізілуде. Бағдарламасы “жасыл вектор” негізіне сүйенген Президенттікке үміткер Әбілғазы Құсайыновтың сенімді өкілдері насихат материалдарын таратып, үнпарақтарды көшелерге ілуде.
Батыс Қазақстан облысындағы штаб өз жұмысын 16 наурызда бастады. 16 сенімді өкілдің 4-еуі үгіт жұмыстарын Орал қаласында жүргізуде. Қалғандары – аудандарда. Кандидатты қолдау үшін мұндағылар 7 мың қол жинады. Штабтағылар негізгі электорат өнеркәсіптегілер мен бизнесмендер деп санайды.
Қызылорда облысындағы штаб қызметкерлері де өз жұмыстарында ешқандай кедергіні сезініп отырған жоқ. Бәрі жоспарға сай жүзеге асуда.
Қызылорда облысындағы штабтың өзінде 11 сенімді өкіл белсенді жұмыс атқарып жатыр. Әбілғазы Құсайыновтың сайлауалды тұғырнамасын түсіндіруден бөлек, штаб қызметкерлері Президенттікке үміткердің билбордтарының барлық жерде орналастырылғанын жіті бақылауда ұстамақ.
* * *
Әбілғазы Құсайынов Қызылорда облысындағы медициналық колледжде болып, колледж қызметкерлері мен оқытушыларын өзінің сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарымен таныстырды. Оның айтуынша, әлемде ХХ және ХХІ ғасырдың басында басталған экономикалық өсім қоршаған табиғи ортаның мүмкіндіктері мен ол көтере алатын шектеулі шаруашылық салмақты ескермей жүзеге асты. Оның салдарынан қоршаған орта құлдырап, бірқатар экологиялық түйткілдер туындатты.
Табиғи қоршаған ортаның құлдырауына мысал ретінде Ә.Құсайынов табиғат қорын тиімсіз пайдаланудан туындаған жер ресурстарының жұтаңдануын атап өтті. Топырақтың құнарсыздануы салдарынан жыл сайын әлемдік ауылшаруашылық айналымында 7 миллионға жуық құнарлы жер жарамсызданып жатыр. Осы және басқа да экологиялық проблемалардың тез арада шешімін табу – адамның басты міндеті, бұл – оның алдағы тұрмыс-тіршілігі мен сәтті дамуының негізгі кепілі.
“Біз экология туралы білімді, қауіпсіз және экологиялық таза тіршілік қағидаларын, табиғатты және айналамызды қоршаған ортаны аялау және сақтау туралы ілімдерді санамызға сіңіре білуіміз қажет”, – деп атап өтті өз баяндамасында Ә.Құсайынов.
Кездесу барысында кандидаттың республикалық сайлауалды штабының жетекшісі Рүстем Жоламан сөз алып, алдағы уақытқа арналған жоспарларымен таныстырды.
Қызылорда облысындағы аймақтық штабтың жетекшісі Жандос Тұсмағанбетов штаб жоспарлы режімде жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.
* * *
Оңтүстік Қазақстан облысының жұртшылығымен кездескен Әбілғазы Құсайынов жиынға қатысушыларға жаһандық экологиялық қызметтің негізгі векторлары туралы баяндап, табиғатты қорғау мәселесінде ғылымның маңызына ерекше тоқталды.
Кандидаттың айтуынша, әлемде күні бүгінге дейін экологиялық проблемаларға тиісті деңгейде көңіл бөлінбей келеді. Халықаралық қауымдастықтар мен мамандандырылған ұйымдардың атқарып жатқан экологиялық жұмыстары конференция, талқылаулар, шешімі жоқ даулармен ғана шектеліп отыр.
Сондай-ақ, кандидат әлемдік өнеркәсіптің қарқынымен артып отырған техногендік апаттардың алдын алу мәселесіне жеке тоқталып өтті. Егер қауіпті газдардың атмосфераға таралуы тоқтатылмаса, бүгінгі өзгеріс бұдан да қорқынышты құбылысқа ұласуы мүмкін деген күдігімен бөліскен Ә.Құсайынов дәл осы мәселеге қоғам назарын аудартқысы келетінін жеткізді.
Тұғырнамасымен таныстыру кезінде кандидат қазіргі заманда адамдар жаңартылмайтын табиғи ресурстарды шексіз тұтына отырып, қалпына келтіруге болатын қорлардың қайта толысуына кедергі жасауда деген пікірін айтты. “Біз әлем бойынша экология әр адамның дамуы үшін қажетті толыққанды ғылым ретінде қарастырылуын қалаймыз. Ол – тек табиғат туралы емес, ең алдымен, біздің өміріміз жайлы ғылым”, – деді кандидат.
Кездесуге қатысқан кандидаттың аймақтық штабының жетекшісі Болат Рысқұлбеков те экологиялық мәселенің өзектілігіне тоқталды.
Кездесуді қорытындылай келе Әбілғазы Құсайынов жиынға қатысушыларды жаһандық экологиялық мәселелерге көңіл бөлуге шақырды.
* * *
Кандидаттың Оңтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарындағы сенімді өкілдері оның сайлауалды тұғырнамасы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, үгіт материалдарын таратумен айналысуда.
Оңтүстік Қазақстан облысында 19 сенімді өкіл бар болса, олардың бәрі алдағы сайлау жұмыстарына қызу дайындық үстінде. Үгіт-насихат материалдарын таратып, плакаттар мен үнпарақтарды іліп, ауылды жерлерде билбордтар орнатуда.
Шымкент қаласында 2 билборд орнатылып, жергілікті атқарушы органдар белгілеп берген аудандар мен қалаларда үгіт-насихат материалдары, плакаттар ілініп жатыр.
Кандидаттың Ақтөбе облысындағы сайлауалды штабында 16 сенімді өкіл жұмыс істейді. Оның үшеуі – Ақтөбе қаласында, қалғандары аудандар бойынша жұмыс атқаруда. Қалада арнайы бөлінген жерлерге кандидаттың сайлауалды тұғырнамасы жазылған 2,5 мың бағдарлама ілінді. Тұрғындар арасында 150 үнпарақ таратылды. Сондай-ақ, облыстың бірқатар аудандарына үгіт материалдарын жеткізу жұмыстары жүргізілуде.
* * *
Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткер Н.Ә.Назарбаевтың республикалық қоғамдық штабының мүшелері Оңтүстік Қазақстан облысына келді. Олар Шымкентте жақтастар форумына қатысып, Түркістан қаласының жұртшылығымен, Кентау трансформатор зауытының қызметкерлерімен кездесті.
Шымкенттегі “Мұз сарайында” жақтастар форумы өтіп, оған мыңнан астам оңтүстікқазақстандық қатысты. Форумның қатысушылары бірауыздан кандидатқа қолдау білдіріп, 26 сәуірде Нұрсұлтан Назарбаев үшін дауыс беретіндерін мәлімдеді.
Облыстық славян этномәдени орталығының төрағасы Юрий Кирюхин бүгінгі таңда қазақстандықтар түрлі саладағы еліміздің табыстарын Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланыстыратындарын айтты.
“Бұл – өте лайықты баға. Және бүгінгі таңдағы әрбір қазақстандықтың парызы – әлеуметтік-экономикалық дамудағы оң нәтижелерге жетуге барынша ықпал ету. Сондықтан да бұл жұмысты мемлекетіміздің мүддесін қорғай білетін Елбасыға сеніп тапсыру дұрыс болады!” – деді орталық төрағасы.
Түркістанда штаб мүшелері қоғам өкілдерімен жүздесті. Ардақты ана Татьяна Саурынбаева өз жерлестерінің атынан Елбасына алғысын айтып, республикамыздың табысты әлеуметтік саясаты Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегі екенін атап өтті. Оның сөзін физика пәнінің мұғалімі Зүбәйра Сүлейменова да қолдады.
“Жауынгер-интернационалистің зайыбы ретінде мен бейбітшілік пен келісімнің құнын, ұстаз және ана ретінде балаларымыздың дамуы үшін жағдай жасау бойынша істеліп жатқан шаралардың қаншалықты маңызды екенін жақсы білемін. “Серпін” бағдарламасының арқасында менің ұлдарымның бірі тегін жоғары білім алуда. Тұрақтылық пен бейбітшіліктен маңызды ештеңе де жоқ, біздің елімізде оған Елбасының дана саясатының арқасында қол жетіп отыр”, – деп атап өтті Зүбәйра Сүлейменова.
РҚШ мүшелері Кентау қаласында да болып, онда трансформатор зауытының ұжымымен кездесу өткізді. Кездесу барысында зауыттың инженер-конструкторы Әділбек Тәжібаев өзінің кәсіби жолын таңдауға техникалық мамандықтарды игеру қажеттілігі туралы Мемлекет басшысының үндеуінің себепші болғанын тілге тиек етті.
“Алматыдағы Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-ды тамамдай салысымен мен трансформатор зауытына келдім. Бүгінгі таңда зауыт инфрақұрылымының 90 пайызы әлемдік үлгілерге жақындаған, жыл сайын көрсеткіштеріміз өсуде. Осының бәрі де Мемлекет басшысының өндірістік секторды қолдауының арқасында болып жатыр. Мемлекетті басқару оңай міндет емес, ол әркімнің қолынан келе бермейді, бірақ бұл міндетті біздің Елбасымыз табысты іске асыруда! Біз, жастар, нұрлы болашақты жақтаймыз және ол болашақтың Елбасымен бірге болғанын қалаймыз!” – деді Әділбек Тәжібаев.
* * *
Қазақстан Коммунистік халықтық партиясынан ұсынылған Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Тұрғын Сыздықовтың Қостанай облысындағы сайлауалды штабы атқарылған шаралар туралы айтып берді.
“Қазақстан Коммунистік халықтық партиясынан ұсынылған Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Тұрғын Сыздықов насихат пойызы аясында біздің аймақта болып, сайлаушыларды өзінің сайлауалды тұғырнамасының бағыттарымен таныстырды. Соның ішінде “Баян сұлу” АҚ кондитерлік фабрикасы және “Большевичка” АҚ тігін фабрикасы ұжымдарының өкілдерімен кездесті”, – деп хабарлады партияның облыстық комитетінің жетекшісі А.Әлімбаев.
Марксизм коммунистер үшін қоршаған әлемнің өзгеруімен бірге үнемі дамып отыратын, қоғамның дамуындағы қордаланған және жаңа деректерді ой елегінен өткізетін шығармашылық ғылым екенін алға тартқан А.Әлімбаев алға қойылған мақсаттарға жету үшін марксизм-ленинизмді және Қазақстан Коммунистік халықтық партиясының бағдарламалық шарттары мен оның қызметін насихаттау қажеттігін тілге тиек етті.
Сайлауалды насихат жұмыстары ойдағыдай өткенін айтқан кандидаттың сенімді өкілі Е.Майканов: “Біздер орталық комитеттен келіп түскен барлық үгіт-насихат материалдарын белгіленген орындарға орналастырдық. Сонымен қатар, партия іс-шараларын бұқаралық ақпарат құралдарына орналастыруда келеңсіздіктер болмады”, – деді.
Өз жұмыстары жайында кандидаттың Солтүстік Қазақстан облыстық сайлауалды штабының жетекшісі С.Мартемьянов айтып берді. Оның хабарлауынша кандидат Т.Сыздықов Петропавл қаласындағы “Мұнаймаш” ЖШС-нің қызметкерлерімен және Мамлют ауданындағы ауыл шаруашылығы өндірушілерімен кездесіп, марксизм-ленинизм қағидаттарының ескірмеген және өзекті бағыттарымен таныстырды.
С.Мартемьянов аймақтық сайлауалды штабтың насихат жұмыстары кандидаттың сайлаушыларымен кездесуін ұйымдастырумен ғана шектелмейтіндігін айтты. Штаб қызметкерлері аудан тұрғындарымен, БАҚ өкілдерімен кездесулер ұйымдастырады. Әлеуметтік желілердегі жұмыстарға да тоқталып өткен штаб жетекшісі дайындаған барлық материалдар ресми сайтқа және әлеуметтік желілерге орналастырылып жатқанын жеткізді.
* * *
Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Тұрғын Сыздықов Астана қаласындағы “Тұран” университетінде сайлаушылармен кездесіп, партия жұмысы мен өзінің сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарымен таныстырды.
“Қазақстан Коммунистік халықтық партиясы – коммунистік идеяны ұстанатын азаматтардың ерікті бірлестігі. Біздің жұмысымыз қоғамдық дамудың тұтас материалистік теориясы ретінде марксизм-ленинизм идеясына негізделіп құрылған. Біз өз жұмысымызды әділ қоғам туралы маркстік-лениндік түсініктерді сақтай отырып құруға және осы арқылы әділетсіз тұстарын жоюға тырысамыз”, – деді Тұрғын Сыздықов.
Кандидаттың ойын жалғастырған сайлауалды штаб жетекшісі Айқын Қоңыров: “Біздер, коммунистер үшін, марксизм – қоршаған әлемнің өзгеруімен бірге үнемі дамып отыратын, қоғамның дамуындағы қордаланған және жаңа деректерді ой елегінен өткізетін шығармашылық ғылым. Диалектикалық материализм негізіне құрылған марксизмнің күші мен өмір-шеңдігін тарихи дамудың әрбір қадамы дәлелдеп отыр. Қазақстан Коммунистік халықтық партиясының қызметі ғылыми социализм идеялары, маркстік-лениндік оқу мен прогрессивті қоғамдық ойлар негізінде қалыптастырылған”, – деді.
Партия Батыс мәдениетінің теріс ықпалы мен оның стандарттарына аса көңіл бөлетіндігін айтқан кандидат Батыс адамының барлық әрекеттері өзінің жағдайын жасауға ғана бағытталғанын жеткізді. Оның ойынша, мұндай адамдар әлеуметтен тыс, шығармашылық және тиімді еңбекке ұйымдаса алмайтындығы бұрыннан белгілі бола тұра, қоғам ағымнан тысқары қалуда.
Кандидаттың өкілі А.Қоңыров болса фаст-фудтың теріс салдары туралы баяндап, Батыс елдері дұрыс өмір салтын қолданбау, тамақтану мәдениетін ұстанбау және фаст-фудтың кесірінен семіздік, жүрек-қан тамыры аурулары, қандағы қант деңгейінің өсуі, есту, көру, қол-аяқ жұмысының бұзылуы сынды денсаулық ақауларынан зардап шегіп отырғанын мәлім етті.
* * *
Кеше Қазақстан Коммунистік халықтық партиясынан ұсынылған Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Тұрғын Сыздықов Екібастұз қаласында “Екібастұз-Энергоцентр” ЖШС ұжымының өкілдерімен кездесті.
Кездесу басында Тұрғын Ысқақұлы сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарының бірі – Батыс мәдениетінің және батыстық жүйе құндылықтарының теріс ықпалына тоқталды. “Менің сайлауға қатысуыма басты себеп – мені үнемі мазалайтын батыстық құндылықтар мен батыстық көзқарастардың кең таралуы”, – деді кандидат.
Партия қызметінің негізіндегі тұтас, бірізді ғылыми дүниетанымға сүйенген марксизм-ленинизм идеялары туралы да әңгіме өрбіткен Т.Сыздықов марксизм ғылымды дамытудағы жаңашылдықтар мен жаңа мәліметтерді тарату негізінде үздіксіз дамып, жетіліп отыратын шығармашылық білім болып табылатынын мәлімдеді.
Марксизм-ленинизм теориясының әлі күнге дейін өзінің маңыздылығын жоймағандығына және бүгінгі күн тәртібінде қолдануға болатындығына Т.Сыздықов сенімді. XIX ғасырдағы ұлы оқымыстылар мен ойшылдар негізін қалаған бұл ілім қазіргі күнге дейін барлық сұрақтарға жауап беріп, оның басты бағыттары социалистер тарапынан өмірдің керегінше дамытылуда.
* * *
Ел Президенттігіне үміткер Т.Сыздықовтың Батыс Қазақстан облысындағы сайлауалды штабы өткізген және жоспарланған іс-шаралары туралы баяндап берді.
“Ең алдымен, біз басты назарымызды облыстың аудандық елді мекендеріне, оның ішінде облыс орталығынан алшақ жатқан ауылдарға аударып, жұмыстарымызды соларға икемдеп құрдық. Себебі, еліміздегі әрбір азамат партиямыз насихаттап отырған марксизм-ленинизм идеясын білуі керек. Біз алға қойған мақсаттарымызға қол жеткізу үшін марксизм-ленинизмді және ҚКХП бағдарламалық жоспарын жан-жақты насихаттайтын боламыз”, – деді партияның облыстық комитетінің жетекшісі С.Ярлыгасимов.
Партия қызметкері өз сөзінде батыстық құндылықтардың кері әсерін назардан тыс қалдырмады.
Т.Сыздықовтың Атырау облысындағы сайлауалды штабының жетекшісі Е.Дәулетқалиев аймақта үгіт-насихат науқаны қызу қарқын алғанын атап өтті. “Бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыс орнатқанымызды атап өткім келеді. Журналистер біздің іс-шараларымызға белсенді қатысып, сәйкес материалдарын газеттерде жариялап, телеарналарда көрсетіп жатыр. Жалпы алғанда, ҚКХП ұсынған Президенттікке үміткердің аймақтық штабы өз жұмысында ешқандай қиындық көріп отырған жоқ”, – деді Е.Дәулетқалиев.
(Ресми ақпарат).