Облыс орталығында ұйымдастырылған “Үздік шебер – 2020” байқауына жергілікті компаниялардың жас жұмысшылары қатысты.
Сайыстың “Үздік тас қалаушы” кезеңінде жергілікті құрылыс компанияларында еңбектеніп жүрген жастар біліктіліктерін сынады. Оларға қалып бойынша құрылым жасау тапсырмасы берілді. Дайын құрылыс конструкцияларын бағалауда қазылар алқасы жұмыстың сапасына және жұмсалған уақытқа көңіл бөлді. Бұл кезеңде тас қалаудан алдына жан салмаған “Стройкомпания” құрылыс компаниясының жұмысшысы Ниязбек Рүстемов бірінші орынды иеленді. Екінші орынды “Зерттеу СК” ЖШС-нің өкілі Руслан Ахмеджанов қанжығасына байласа, үшінші орын “Альфа-Север” ЖШС-нің маманы Амангелді Әубәкіровке бұйыр ды.
Байқаудың “Құрғақ құрылыс және ішкі әрлеу жұмыстары кезеңінде бақ сынағандардың да қатары қалың болды. Солардың бірі “Радуга” ЖШС жұмысшысы Роман Макаренко: “Мекемеміздің басшысы жұмысшылар арасында сайыс өтетінін хабарлағанда, ойланбастан қатысуға бел будым. Өйткені, ішкі әрлеу жұмыстарымен бірнеше жыл бойы айналысып келемін. Үздік атанатыныма сенімді болдым”, – дейді. Ол екінші орын иеленді.
Бұл байқауда өз шеберліктерін шинажинақтау орталығының мамандары, флористер, шаштараздар да көрсетті. Үміткерлердің бәрінің жасы 29-ға жетпеген. Олар білгендерін көрсетіп, әріптестерімен тәжірибе алмасты.