Тасжолмен жүйткіп келе жатқан жеңіл көліктің ішіндегілердің әңгімеге зауқы жоқ, әрқайсысы іштей өз ойымен арпалысып отырған сияқты. Сандуды да ой шырмап алған. Ол Қайырбекті түсіне алмай келеді. Жиырма жылдан артық уақыт көрмеген балалары “Әкем” деп өздері іздеп келгенде, үйден безіп кеткені несі?! Әлде осы уақытқа дейін балаларына әке болып не материалдық, не моральдық жағынан көмек көрсетпегеніне ұялды ма екен? Шындығына келгенде бір отбасының тағдырын талқан етіп, өмірлерінің осылайша күрт өзгеріп, балалары әкесінің “Айналайын, құлындарым!” – деген бірауыз мейірімге толы сөзіне зар болып өсуіне себепші өзі емес пе еді?!
Сандудың ойын немересі Дастанның: “Апа, сіз атаға барамыз деп едіңіз ғой. Ол қайда, біз әлі оған жеткен жоқпыз ба?” – деген сөздері бөліп жіберді.
– Жоқ, құлыным, жеттік. Бірақ атаң ауырып қалыпты, ол басқа жақта емделіп жатыр екен, – деп немересін алдауға тура келді. Өйтпегенде ше, кешеден бері “Атама бара жатырмын, оған балабақшада үйренген тақпақтарымды айтамын”, – деп жол бойы жаттаған өлеңдерін қайталаумен болған немересіне: “Атаң бізден қашып кетті”, – деп қалай айтсын?
– Біз енді сонда бара жатырмыз ба? – деді тағы да Дастан.
– Жоқ, айналайын, біз атаңа бара алмаймыз. Ол алыста жатыр. Ол жаққа дейін сенің қарындасың шыдай алмайды, күн ыстық. Әне қарашы, мазасызданып жатыр, – деп немересінің көңілін әлі жасқа да толмаған кішкентай қарындасына аударып жіберді.
Баланың аты бала ғой. Атасын сұрап, апасының өзі де сыздап келе жатқан жүрегін ауыртқан немересі бірден қарындасымен болып, атасы туралы ұмытып кетті…
“Бәрі ащы судың кесірі”, – деп Санду үзілген ойын қайта сабақтады. Кешегі өткен күнің – бүгін тарих деген осы да. Олар қосылғанда қандай еді?! Бақыттан бастары айналғандай емес пе еді? Бүгінде соның бәрі көрген түс, ұшқан құстай көзден бұл-бұл ұшып ғайып болды. Екеуі де үріп ауызға салғандай, жап-жас, әп-әдемі. Қос жүрек арман қуып, Алматы қаласына оқуға барғанда табысқан болатын. Екеуі бір облыстан болғанымен, ауылдары шалғай аудандарда орналасқандықтан, жазғы каникулдан кейін бір-бірін сағынып қауышатын. Өзінен бір курс жоғары оқыған Қайырбектің қолына диплом да бұдан ерте тиді. Жоғары білімді маман ретінде жолдамамен аттанып бара жатқан Қайырбек келесі жылы өзін алып кетуге келетінін айтты. Олар осылай серттесіп, арада бір жыл өткен соң қосылды.
Ауыл шаруашылығының маманы ретінде оны басқа аудандағы бір кеңшарға қызметке жіберді. Екеуінің де жұмысы бар, жас мамандар ауылда біреудің алды, біреудің арты дегендей, жұрт қатарлы күн көрді. Ата-енесі олардың алдарына азын-аулақ мал салып, еншілерін бөліп берді. Тату-тәтті күн кешіп, сүттей ұйып отырған шаңырақтың шаттығын өмірге келген тұңғыш ұлдары Азамат еселей түсті.
Олар осылай ақар-шақар үй болып қалған кезде ел шетіне өз қиындықтарын ала келген нарықтың қыспағы ауыл тіршілігін күрт өзгертті. Жұмыссыздар көбейіп, масылдық өсті. Кеңшар тарап, Қайырбек те жұмыссыздардың санатына қосылды. Бұл оған қатты соққы болды. Бұрын таңның атысы, күннің батысы жұмыста жүріп, жатар орынға ғана үйге келетін жұбайының мінезі күрт өзгеріп, болмашыға ашу шақырып шыға келетін болды. Отбасының күнкөрісі қиындай бастаған соң бала күтімімен үйде отырған Санду жұмысқа шықты. Бұл кезде мұғалімдердің де жағдайы жұрт қызығарлық емес еді. Жалақы жоқ, оның орнына чекпен тауар береді. Осылай күнделікті күйбің тірліктің қамымен мектеп пен үйдің арасында сабылып жүріп, екінші сәбиді өмірге әкелді.
“Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық аздырар адам баласын” деп кезінде Абай атамыз айтқандай, ауылдағы жұмыссыз қалғандар қосылып қарт ойнап, арақ ішуді әдетке айналдырды. Сандудың тірнектеп жинаған тиын-тебенінен де береке кетті, оны Қайырбек аямай қарт пен араққа шашты. “Әй” дейтін әже, “қой” дейтін қожа қалмады. Ешкімнің сөзін құлағына ілмейді, тек өзінікі дұрыс.
арт пен араққа шашты. “Әй” дейтін әже, “қой” дейтін қожа қалмады. Ешкімнің сөзін құлағына ілмейді, тек өзінікі дұрыс.
Қайырбектің бір алған бетінен қайтпайтын қырсық мінезі бұрыннан бар еді. Бірақ тумысынан иі жұмсақ зайыбы, онымен бірдеңеге келіспей жатса да, салғыласып жатпай, жұбайының ығына жығыла салатын. Оның жуастығын пайдаланған Қайырбек мүлде еркінсіп кетті. Санду қайраңда қалған кемедей күй кешті. “Сол кезде жасықтық танытып, оның ығына жығыла бермей, тізгінді өз қолыма алғанда, бүгінде балаларымның алдында өзімді кінәлі сезінбес пе едім, кім білсін?” – дейді ол өз-өзіне күйініп.
Бұл жұмыста күнкөрістің қамымен жүргенде балалары қараусыз өздерімен-өздері қалады. Кешке мас болып келіп құлаған жұбайы, таңертең басын жазуға кетеді… Осылай жалғасып, ақыры, үйдегі малды, дүние-мүлікті сатып ішетін күйге жетті. Бермесең, тартып ішеді, оған арақ пен бөтелкелестерінен жақын ештеңе жоқ. Емдетуге де қанша рет талпыныс жасап көрді, бәрі бекер болды. Санду оны дұрыс жолға сала алмайтынын сезді, одан әрі арпалысуға төзімі жетпеді. Балаларды алып, төркініне кетіп қалды. Ондағы көздегені, ойланар, балаларын сағынар, дұрыс жолға түсер деген ой болатын. Бірақ ол зайыбын да, балаларын да іздемеді…
Манадан бері ауыр ойдың жетегінде отырған Сандудың көзіне жас үйірілді. Рөлде отырған Азамат екеуінен басқалары жүйткіген жеңіл көлікпен бірге тербетіліп ұйықтап келеді. Өзінің көңіл толқынысын баласы байқап қалмасын дегендей, ұйықтаған сыңай танытып көзін қайта жұма қойды…
Ол Қайырбекті осылайша түземек болып, үйінен кеткелі де ширек ғасырдан асыпты. Онда Азамат бірінші сыныпта, Азат үш жаста ғана болатын. Әке-шешесі бұлардың жүдеп-жадаған түрлерін көріп, іштей ренжісе де, сыр бермеді. Ауылдан көшіп кеткендерден бір кішірек үйді сатып алып, бұларды сонда кіргізді. Санду жұмысқа орналасып, балаларға ата-анасы, көршілері көз болады. Мұнда да жағдай оңып тұрған жоқ. Елдің еңсесі әлі тіктелмеген кез. Әйтеуір, бір жақсысы, жұмыстан шаршап келгенде бөтелке құшақтап отыратын Қайырбек жоқ алдында…
Тұлпардай шапқан уақыттың шаңын қауып қалмас үшін Санду да күндіз жұмыста, түнде үй шаруасын жайғастырып, тыным таппай, барын салып бақты. Ол енді өзін ғана емес, соңынан ерген екі баласын аяғынан тұрғызу үшін уақытпен санаспады. Жылдар жылжып өтіп жатты. Балалары есейе келе әкелерін іздейтін болды. Ер балалар емес пе? Өздерінің сыныптастарымен керісіп, төбелесіп қалады. Олар бұлардың әкелері жоқтығын беттеріне басып, өздерінікімен мақтанады.
Бірде осындай төбелестен кейін үйге таяқ жеп келген Азамат: “Біздің әкеміз қайда? Ол неге келмейді?” – деп сұрақты төтесінен қойды. Қиналған сәттерінде баласының осындай сұрақтары жиілеп, жанын жегідей жейтін болды. Қашан да алдыңғы түйенің жүгі ауыр демекші, балалар арасында төбелес бола қалса, өзі үшін де, Азат үшін де таяқ жейтін – Азамат. Сондықтан да болар әкесін сұрайтын да, бір көруді армандайтын да, тіпті, інісімен ойнап жүріп қиялынан шығарған армандарының арасына әкесін қосып айтатын да сол еді…
Мектеп бітіргеннен кейін Азамат облыс орталығына оқуға түсті. Сонда жүргенде бұрынғы өздері тұрған елді мекеннің жастарымен танысып, олардан әкесінің қайда екенін, қандай жұмыс істейтінін біліп алыпты. Бірде балалардың айтуымен әкесінің жұмыс орнын іздеп тауып, бала күнгі арманын орындағысы келген. Бұл өзі әкесін қалай сағынып іздесе, әкесі де оны көргеніне қуанады деген оймен барғанында Қайырбек оған: “Менде сендей бала жоқ. Бұдан былай мені іздеуші болма”, – деп бірақ қайырды.
Әкесінің осындай қатты сөздері жүрегіне шаншудай қадалған балаң жігіт қатты күйзеліп, біразға дейін өз-өзіне келе алмады. “Мама, ол неге маған осынша қатты сөздер айтты? Сендер қандай жағдайда ажырастыңдар? Менің жазығым не, ол кезде мен әлі есімді де білмеймін ғой, ол мені не үшін жазғырады?” – деп анасын сансыз сұрақтың астына алатын болды…
Алайда, уақыт емші өз дегенін істеді. Азамат бірте-бірте ол оқиғаны да ұмыта бастады. Оқуын бітіріп, үйленді. Інісін де соңынан ертіп жүріп оқытты, үйлендірді. Қазір әрқайсысы екі баладан сүйіп, өздері әке атанды. Олар әкесіз өссе де, әке-шешенің қадірін біледі. Ұлы бүгінде өзіндік ұстанымы, парасат-пайымы жоғары, “Азамат” деген атына заты сай нағыз азамат болып қалыптасты. Ол әке-шешесінің жас кезінде жіберген қателігінен сабақ алды. Азаматтың ұғымындағы әке – өмірде ешкім теңесіп, дәрежесіне жете алмайтын алып тұлға. Сондықтан өз баласының басына түскен әр қиындықты әкелік жүрегінен өткізеді.
Азамат іштегі сырын сыртқа жиі шығара қоймайтын. Ол осыдан бірнеше жыл бұрын әкесімен болған оқиғаны ұмытқан сыңай танытқанымен әлі есінде жүрсе керек. Соңғы кезде данышпан Абайдың: “Әке ұрысса балаға – ол да достық, бала ұрысса әкеге жараса ма?” деген даналық сөзін жиі аузына алады. Бірде Сандуға: “Анашым, бәріміз отбасымызбен әкеме барып қайтайықшы. Біз кеткелі де 25 жылдан асты ғой, немерелерін көріп, қуанып қалсын. Бізге деген өкпесі болса, мүмкін кешірер”, – деген тілегін айтты.
Санду да жасы ұлғайған сайын сыртқа білдірмесе де: “Жастықпен жіберген қателігімнің зардабын балаларыма тартқыздым-ау”, – деп өз-өзін іштей жеуші еді. “Қартайғанша қателігімді түзете алмай, Қайырбектен кешірім сұрай алмай, өмірімді өкінішпен өткізем бе?” – деп қауіптенетін. Осы жылдар бойы ат-ізін салмай кеткен Қайырбегін жамандыққа қимай, іштей уайымдаушы еді. Сондықтан баласының тілегіне қарсы келмеді. Жылдар бойы санасында тұрып алған “Кім кінәлі?” деген сауалға осы жолы жауап алатынына сенімді еді.
Бірақ… Санду өзінің Құдай қосқан қосағын, балалары әкесін тағы көре алмай, салдары суға кетіп келе жатқандары мынау. Азаматтың санасында: “Әке, біз саған не жаздық?” – деген сауал тұрса, Сандудың ойына өзі студент кезінде жатқа айтатын Мұқағали Мақатаевтың өлең шумақтарының мына жолдары орала берді:
Қымбат не бар, адам сырын білуден?
Мен әуремін, өз сырымды білумен.
Кеше бұзып, өкінемін бүгін мен,
Жылдарымды еске аламын бүлінген.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.