«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮЙІРМЕДЕН АНСАМБЛЬГЕ ДЕЙІН

Өңірімізде халық шығармашылығын қаймағы бұзылмаған қалпында сақтап келе жатқан дарынды өнер ұжымдары жетерлік. Солардың бірі – Уәлиханов ауданындағы Ақтүйесай ауылында құрылған “Алтынай” халықтық фольклорлық ансамблі.

“Бұлақ көрсең, көзін аш” деп дана халқымыз дөп басып айтқан. Ақтүйесай ауылы орта мектебінің жанынан ашылған “Маусымжан” домбыра үйірмесін де бұлаққа теңеуге болады. Оның өрісі кеңейе келе, 16 жылдың ішінде бастауыш сыныптың оқушыларынан тұратын “Балғындар”, орта буын жеткіншектері шоғырланған “Айгөлек” үйірмелері және өнерімен күллі жерлестерін тамсандырған “Алтынай” халықтық фольклорлық ансамблі құрылды. Осылай өнер бұлағының көзін ашқан Уәлиханов ауданының тумасы, жоғары білікті ұстаз Маржан Иважанова.

– Ансамбль құрамында 12 оқушы өнер көрсетіп жүр. Олардың барлығы бастауыш сыныптан бастап, алдымен “Балғындар”, сосын “Айгөлек” буындарында домбыра, баян, асатаяқ, сылдырмақ аспаптарын меңгереді. Ән айту қабілеттерін дамытамыз. Нәтижесінде осы үйірмелерде тәрбиеленген жеткіншектер “Алтынайдың” қатарына қосылып, мектепті аяқтаған түлектердің орнын басады. Сол арқылы ансамбль мүшелерін сақтап қалуға тырысамыз. Өнер ұжымы ішінен дуэттер, квартеттер мен жеке ән орындаушылар да шығып жатыр, – дейді Маржан Хасенқызы.

Шағын ғана үйірмеден тұтас ансамбль құру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Маржан Хасенқызы – саналы өмірін тәлімгерлікке арнаған ұстаздардың бірі. Бала күнінен өнер атаулыға бір табан жақын жүрген ол мамандық таңдау кезі келгенде еш ойланбастан музыка пәнін таңдаған. Көкшетау қаласындағы Біржан сал атындағы өнер колледжін домбыра сыныбы бойынша тамамдап шығады.

Туып-өскен жерінде еңбек етуді мақсат тұтып, Ақтүйесай ауылының орта мектебіне осыдан 34 жыл бұрын музыка пәнінің мұғалімі болып қызметке тұрады. Содан бері бір ұжымда талмай еңбек етіп келеді.

– Қазақта “Қаныңдағыны қастерлемесең, қадірің болмайды” деген аталы сөз бар. Сондықтан төл өнерімізді әрдайым дәріптеуіміз керек. Әсіресе, өскелең ұрпақ мәдениетімізді біліп, ержетуі тиіс деп ойлаймын. “Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра”, – деп ақын Қадыр Мырзалиев бекер жазбаса керек. Ұлттық құндылықтарымыздың қайнар бұлағы болып табылатын ән-күйден сусындап өскен ұрпақтың өз елінің патриоты болып өсері сөзсіз. Сол себепті менің басты мақсатым – үйірмеге қатысушы жас өнерпаздарды елінің ертеңін ойлар азамат етіп тәрбиелеу, – дейді Маржан Иважанова.

“Алтынай” фольклорлық ансамбльдің өнерін былтырғы жылы “Роза ветров в Казахстане” байқауында тамашаладық. Өңіріміздің өнерлі жастарын бір арнаға тоғыстырған сайыста “Алтынай” ансамблі жанды дауыспен “Балапан қаз” халық әнін нақышына келтіріп орындады. Сайыстың екінші кездесуінде өнер ұжымы аспаппен бір ән орындауы тиіс еді. Ансамбль Бәкір Тәжібаевтың әнсүйер қауымға танымал “Туған жер” әнін көрермен назарына ұсынды. Екінші күні өткен галаконцерттің шымылдығын осы әнмен ашу мәртебесі бұйырды. Бұл екі ән алтынайлықтардың халықаралық додада көрінуіне сеп болды десек, қателеспейміз. Себебі, сайыстың нәтижесінде ансамбль үшінші дәрежелі сыйақының иегері атанып, өткен жылы Мәскеу және Сочи қалаларында өтуі тиіс мерейтойлық концертке арнайы шақырту алады. Өкінішке қарай, ансамбльдің байқауға қатысуына қаражат қолбайлау болған.

Ауылдық, аудандық, облыстық деңгейде өтетін іс-шаралардың басы-қасында жүретін ансамбль 2012 жылы “Халықтық” атағына лайық деп танылды. “2003-2005 жылдары ауылды дамыту” республикалық бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде солтүстікқазақстандықтардың рухани байлығын дамытуға қосқан зор үлесі үшін 2004 жылы облыс әкімінің бірінші дәрежелі сыйақысымен марапатталды. 2005 жылы “Туған Қазақстаным, сені жырлаймын”, Ұлы Жеңістің 60 жылдығына және “Ауыл мектебі” бағдарламасына арналған педагогикалық және оқушылар ұжымдарының көркем-өнерпаздар шығармашылығының аудандық фестивалінің лауреаты атанды.

Аудандық іс-шаралардың көркі бола білетін өнер ұжымы туған жер, ел тақырыбындағы әндер арқылы патриотизмді дәріптеуді көздейді. Олар қазақ халық әндерімен бірге қазіргі заман авторларының әндерін де орындап келеді. Сондай-ақ, өнер ұжымының репертуарында өздері шығарған музыкалық шығармалары да бар. Солардың бірі Ақтүйесай орта мектебінің 9-сынып оқушысы Резида Файзулинаның Елбасына арнап шығарған өлеңіне Маржан Хасенқызы ән жазыпты. Әннің тұсаукесері былтырғы жылы Тұңғыш Президент күніне арналған аудандық мерекелік концертте орындалды.

Өнер ұжымының мүшелері домбыра аспабымен қатар баян, асатаяқ, сылдырмақ және тағы басқа ұлттық аспаптарды бір адамдай меңгеріп алған. Уәлиханов ауданының бұрынғы әкімі Серікбай Тұралиновтың көмегімен 500 мың теңгеге сахналық костюмдерін жаңартып алған. Көкшетаулық ісмерлерге ұлттық нақышта көмкерілген жиырмаға жуық костюм тіккіздірді. Өнер ұжымы жетекшісінің ендігі мақсаты – аспаптарды жаңарту.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: “Алтынай” халықтық фольклорлық ансамблі.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Уәлиханов ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp