“Ақылды қария – ағып жатқан дария” дейді дана халқымыз. Расында да, бұл нақылмен келіспеу мүмкін емес. Қай заманда болмасын, аға буын салиқалы өмір жолымен, игілікті істерімен кейінгі толқынға үлгі-өнеге бола білді. Олар әр салада белсенділік танытып, ел басына күн туған шақта халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтай алатын алып күшке айналды.
Самайын ақ шалған ардақтыларымыз әлі де сол қалпынан еш тайынған жоқ. Еліміз қиын-қыстау шақты бастан өткеріп жатқан шақта өздерінен кейінгілерге ақыл-өсиетін айтып, болашаққа жол нұсқауда, айналасын игі іске жұмылдыруда да белсенді. Бұл толқын уақыт бедерлерінен өткен, салт-дәстүрімізді бойларына сіңіріп өскен, азаматтық позицияны берік ұстанған буын ғой. Сондықтан олардың жастарды отансүйгіштік рухта тәрбилеу, ұлтымызға тән құндылықтарды насихаттау ісі уақыт өткен сайын маңыздылығын арттыра түсуде. Мәселен, бұл арнадағы жұмысты белсенді жүргізіп жатқандардың қатарын төрт ауданда орналасқан Новомихайловское, Келлеровка, Петровка, Власовка және Арықбалық ауылдық округтерінің қарттары бастап тұр. Бүгінгі күні олардың жастарды еңбекке баулу, адамгершілікке тәрбиелеу тұрғысындағы әдіс-тәсілдеріне өзге өңірлермен қатар шетелдердің ардагерлер бірлестіктері қызығушылық танытуда. Ал өзге аудандарымыздың өкілдері жас буын тәрбиесімен қоса, өлкетану, тарихи зерттеу мәселелерімен айналысып, қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуда.
Өмір бір орында тұрмайды. Бүгінгі аға буынның қатары жаңа толқынмен толығып, олар да артынан ерген жастардың тәрбиесіне өзіндік үлес қосады. Өсіп келе жатқан ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарымыз бен адамгершілік қасиеттерді сіңіруде, әсіресе, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің өмірін мысалға алуымызға болады. Біз жыл сайын өңір мақтаныштарының қатысуымен жастар арасында түрлі шаралар өткізіп, патриотизм, үлкендерді құрметтеу, кішіге қамқор болу тақырыбын кеңінен қамтуға тырысамыз.
Қашан да үлкенді сыйлау, қарияны құрметтеу дәстүрі – қазақ халқының қанына біткен салт екені белгілі. Өңірімізде қарт адамдарға деген ықылас жыл сайын артып, мемлекет тарапынан оларға көрсетілетін көмектің көлемі де көбейіп келеді. Осының айқын дәлелі – зейнетақы көлемі мен екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне берілетін арнайы мемлекеттік жәрдемақының мөлшерінің ұлғайғаны. Жастық шағын еліміздің гүлденуі мен өркендеуіне арнап, маңдай терін төккен аталар мен әжелерге құрмет көрсету тек мемлекеттің ғана емес, бүгінгі толқынның басты парыздарының бірі екенін де ұмытпаған жөн. Мәселен, былтыр Халықаралық қарттар және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау күні аясында қайырымдылық сенбіліктері өтті. Әр жылдың қазан айы бойы ұйымдастырылатын айлық кезінде жастар аға буын өкілдерін ерекше қамқорлыққа алып, материалдық көмек көрсетуде де белсенділік танытып келеді. Өңірімізде соғыс ардагерлерін қолдауға арналған акция тұрғындар арасында үлкен қолдауға ие болды. Оның шеңберінде ауылдық жерлерде тұратын көмекке мұқтаж 42 зейнеткердің тұрғын үйлерін жөндеу мақсатында қаржылай қолдау көрсетілді. Аз қамтылған 16568 адамға азық-түлік пакеті берілді.
Үлкендерді құрметтеу ісіне жергілікті атқарушы билік пен жеке шаруашылықтар да белсенді араласып келеді. Жыл сайын әкімдіктер мен агроқұрылым өкілдері түрлі себептерге байланысты жалғыз қалған немесе қиын материалдық жағдайға тап болған зейнеткерлерге мал азығы мен қысқы отын сатып алып берді. Осындай көмек барлығы 47 мыңнан астам зейнеткерге көрсетілді. Игі дәстүрді денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау органдары да жалғай түсті. Айлық барысында 11 мыңнан астам қартқа дәрі-дәрмек тегін таратылды. 203 облыс тұрғыны санаторлық-курорттық ем қабылдау мақсатында тегін жолдамаларға ие болды. Кейінгі толқын өкілдеріне қомақты қаржылай және материалдық қолдау көрсеткендердің қатарын қарапайым жұмысшылар қауымы бастап тұр. Мысалы, Тайынша мен Қызылжар аудандары және облыс орталығының еңбек ұжымдары зейнеткерлерді ерекше қамқорлыққа алды.
Қол ұшын созғандардың арасында жастардың болғаны біздің қоғамымыздың дұрыс бағытта жүріп келе жатқанын көрсетеді. Жастар ұйымдарының еріктілері жалғызбасты қариялардың үйлеріне барып, аулаларын күл-қоқыстан тазартты. Сондай-ақ, отын дайындауға белсене араласты. Тазалыққа жаны құмар жастардың қолғабыс еткеніне қарттарымыздың көңілдерінің көтеріліп қалғандығы анық. Қолдарына айыр мен күрек ұстаған жастар еңбек майданында шыңдала түскендей.
Қазақта: “Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер” деген нақыл сөз бар. Бүгін қарияларды қошеметтеп, қиналғандарға қол ұшын берсек, ертең ұрпақтарымыз да соны істейді. Ендеше, қарттарымызды қадірлейік, олардың бай өмірлік тәжірибесін үйренейік, ақылын тыңдайық. Бұл игі іске жұмылып жүрген белсенді азаматтардың қарттарға деген шынайы құрметі мен қамқорлығы өзгелерге үлгі-өнеге болғай.
Ескендір ЕЛЕУСІЗОВ,
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Cуретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.