Қылмыстық кодекстің 174-ші бабы, яғни «Ұлттық алауыздықты қоздыру» бойынша істі болған Жансұлу Дархамбаеваның тағдыры өңірдің ғана емес, тұтас елдің назарында болды. Шалғайдағы Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға қызмет бабымен келіп, Сокологоровка, Урожайное мектептерінде еңбек жолын жалғастырған мұғалімнің абақтыға қамалуына 2025 жылы «TikTok» әлеуметтік желісінде бейнежазбалар жариялауы, ұлтаралық араздықты қоздыруы негіз болды. Алайда аяғы ауыр келіншектің тағдыры жұртшылықты, құқық қорғаушыларды, БАҚ өкілдерін бейжай қалдыра алмады.
Новоишим кентінің тұрғыны Жансұлу Дархамбаеваға қатысты сот процесінің елімізде алабөтен қоғамдық резонанс тудырып, әлі күнге дейін басты тақырып арқауына айналуына екі негізгі себеп бар сияқты. Біріншісі, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық соты (судья Г.Ертаева) биыл 20 мамыр күні үкім шығарып, оны екі жылға бас еркінен айыруы, жазасын Петропавлдағы қоныс-колониясында өтеуді белгілеуі. 35 жастағы мұғалімге Қылмыстық кодекстің 174-ші бабы бойынша ұлттық араздықты қоздыру, азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлауға бағытталған әрекеттерге бару сияқты айыптар тағылған. Сот материалдарында әлеуметтік желілерде жарияланған бейнежазбалар орыс ұлтын қорлайтын сипатта болған, көпшілік алдында балағаттап, жеккөрінішті көзқарасын білдірген. Мұндай қадамдар мемлекетіміздің іргетасы саналатын ұлтаралық келісім мен халықтың бірлігіне сына қағады деп көрсетілген. Оны лингвистикалық сараптама да растаған. Жансұлудың үндеулерінде Кремльдің Қазақстаннан жалға алған кейбір жер аумағының мерзімі аяқталғаны айтылып, оларды қайтару да талап етілген. Көп ұзатпай жазбаларды әлеуметтік желідегі парақшасынан өшіріп тастаған. Бірақ жекелеген адамдардың арыз-шағымы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Айыпталушы тергеу кезінде де, сотта да кінәсін мойындап, өкініш білдірген, көпшіліктен кешірім сұраған. Мұндай әрекетке неге барғанын түсіндірген. Сокологоровка мектебінде қызмет етіп жүргенде мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге қатысты батыл байламдары ұжымға жақпай қалып, жұмыстан шығарылған. Кейін Урожайное мектебіне педагог- психолог болып орналасып, директорлыққа тағайындалған. Мұнда да ұлттық құндылықтарды басты назарда ұстаған. Бұл әрекеті де әріптестеріне ұнай қоймаған. Ұзын сөздің қысқасы, қысымға ұшырап, қызметтен кетуіне тура келген. Ол сотта берген жауабында ана тілін мектеп өміріне енгізуге талпыныс жасағаны үшін әріптестері мен шаруашылық меңгерушісі тарапынан қарсылықтарға тап болғанын, жүйкесі жұқарып, сыр бергенін айтқан. Алайда бұл уәждердің бірі де ескерілмеген тәрізді.
Адвокаттар да айыппұл, бас бостандығын шектеу секілді жаза тағайындауға болар еді, үкім тым қатаң деген ұстанымдарын талай рет мәлімдеген. Олардың пайымынша, Жансұлудың сөздерінде ұлтаралық араздыққа шақыру жоқ. Бұған дейін істі, сотты болмаған, оң мінездемеге ие. Адамның конституциялық ар-ождан, сөз бостандығы құқығының еленбей қалуы себепті аудандық соттың үкіміне наразылық білдіріліп, облыстық сотқа арыз түсірілген. Қылмыстық процестің кодекс нормаларына сәйкес қаралуы талап етілген.
Екінші себебі, яғни көпшіліктің орынды ашу-ыза сын келтіргені – аудандық сот тарапынан мүмкіндік бола тұра, жүкті әйел жазасының жеңілдетілмеуі. 174-ші баптың бірінші тармағында екі мыңнан жеті мыңға дейінгі айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұл салуға… жазаланады деп тайға таңба басқандай жазылғаны қаперге алынбаған. Және де сот залында қолына кісен салынып, тергеу оқшаулағышына жіберілуі отқа май құйғандай әсер етіп, қоғамды дүр сілкіндірген. Оның соңы «Жансұлу жазадан босатылсын!» акциясына ұласып, қолдаушылар саны күрт артқан. Олардың мәлімдеуінше, толғағы жетіп, әне-міне босанғалы отырған келіншектің темір торға қамалуы гуманистік принциптерге де, ана мен бала құқығы жайлы заң нормаларына да қайшы. Республикалық акцияға жергілікті белсенділер де қосылып, облыс прокуроры Қайрат Әбдіхановтың атына жолдаған араша хатта үкім шығарылған сәтте Ж.Дархамбаеваның жүктіліктің соңғы айында болғаны, өкінішке қарай, гуманитарлық және құқықтық маңызы бар мән- жайлар ескерілмегені жазылған. Атап айтқанда, Қазақстан ратификациялаған Бала құқықтары туралы конвенциядағы балаларға қатысты барлық әрекеттерде олардың мүдделерін толық қамтамасыз ету назарға алынбағаны, жас балалары бар сотталған жүкті әйелдердің жазасын орындауды бес жылға дейін кейінге қалдыру (ҚК 74-ші бабы) негізділігі тиісті деңгейде бағаланбағаны, сотталған әйелдерге қатысты халықаралық стандарттардың сақталмағаны, соған орай еліміздегі әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау міндеттемелері құқықтық ұстанымдар шеңберінде шешілу қажеттігі атап көрсетілді. Бастамашыл топты облыс прокурорының көмекшісі Жанат Бықаев қабылдап, заң жүзіндегі барлық шаралар қолданылатынына сендірді.
Әлеуметтік желідегілер «Жансұлу салмағы 4 келіден асатын балпанақтай қызды дүниеге әкелді, бұл жақсылықтың басы болғай!»,– деп жарыса жазып жатқанда облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы ұлтаралық алауыздықты қоздыру фактісі бойынша сотталған Ж.Дархамбаеваға қатысты қылмыстық істі аппеляциялық тәртіпте қарап, барлық дәлелдемелерді зерделей келіп, бірінші сатыдағы соттың үкімін заңды деп таныды. Бірақ (мәселе осы сөзде болып тұр) жазасын өтеуді екі жыл мерзімге кейінге қалдыру жөнінде шешім шығарды. Оған кінәсін толық мойындауы, жасаған іс-әркетіне өкінетіні, сонымен қатар сотқа түскен медициналық қорытындыға сәйкес, босанғаннан кейін денсаулығының нашарлауы, ем-дом қабылдауы негіз болды.
Судьялар сот төрелігін жүзеге асырған кезде Конституцияға ғана бағынатынына ешқандай күмәніміз жоқ. Түрлі дау-дамайларға төрелік етудің ауыр әрі жауапкершілігі мол екенін де түсінеміз. Десек те, құқықтық, саяси ұғымдармен қатар моральдық, әділеттілік, адамгершілік қағидаттары да барын ұмытпаған ләзім. Бабаларымыз «билік айту оңай, біліп айту қиын» деп текке айтпаған. Жансұлудың «қылмыстық ісін» аппеляциялық сот «ақтап» алмағанда шыр етіп өмір есігін енді ашқан сәбидің кейінгі тағдыры не болар еді? Осы шешім аудандық деңгейде қабылданғанда бәлкім жұртшылықтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» деген сенімі арта түсер ме еді?
Президент халыққа арнаған Жолдауларында сот жүйесінде жүргізіліп жатқан реформалар әділ сот төрелігін орнықтыруға тиіс екеніне айрықша тоқталған болатын. Сонда ғана қоғамның соттарға деген сенімі нығайып, азаматтарымыздың заңды мүдделері қорғалары сөзсіз. Мақаламызды Мемлекет басшысының «Жоғарғы сот төрағасы судьялардың біркелкі жағдайда әртүрлі шешімдер қабылдайтыны жөнінде маған бірнеше рет баяндаған. Мұндай келеңсіздіктерге жол беруге болмайды» деген ескертпе сөзімен аяқтағанды жөн көрдік.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Soltüstık Qazaqstan».